"Президент мырза, уақыт келді". Қажыгелдин Тоқаевқа хат жазды

Dalanews 16 мая 2020 07:27 923

Бүгінде саяси эмиграцияда жүрген Қазақстанның 1994-97 жылдарғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин елдегі саяси-экономикалық дағдарысқа байланысты ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған екен. Dalanews.kz "DAT" газетінде жарық көрген мақаланы оқырман назарына ұсынады.

Құрметті Президент мырза!

Мен экономика вице-министрі Ж. Мадиев қолын қойып, сізге бекіту үшін ұсынған «2020–2024 жылдарға инвестиция тарту жөніндегі Ұлттық жоспар» деген құжатпен танысып шықтым.

Соңғы 20 жылдағы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруындағы бюрократиялық аппарат «әлем нарығын басып оза игеру», «асыра секіру», «ең үздік», «жедел дамыған», «өркендеген», «алдыңғы қатардағы жетекшілікке енген» ерекше жанрды ойлап тапты. Сол кездегі президенттің Қазақстанды біресе – барыс пен жолбарыс немесе бүркіт пен қыран деп елестету арманы бос қиялға айналып, өз-өзін жұбатудан ары аса алмады.

Кәрім Мәсімов алға тартқан «жедел дамудың кластерлері» есіңізде шығар? Содан бері он жыл уақыт өтті, осы кластерлердің біреуі де жоқ, қайда? Осы қиял 2020 жылға арналған жоспарда тағы да жазылған: «Шекарааралық өндірістік кластерлер құру мүмкіндігі үшін талдау жүргізу...». Нағыз ақымақтық деген осы шығар!

Осы жоспардың негізінде біреулер шын мәнінде қандай да бір инвестиция аламыз деп жүргеніне сену қиын. Шикізат бағасы жоғары болған жылдары шенеуніктер осындай құжаттарды желеу етіп, «әбден жеп үйренген» шетелдік инвесторларға мемлекет меншігін ұстатып жіберді.

Осыдан кейінгі жалғасқан дау-дамай, дүние-мүлікті тәркілеу және батыстағы арбитраждық сот істері – байыпты бизнес өкілдерін астаналық кабинеттерден бақыт табам деген ниеттерінен айнытты.

Ал әлемдік нарықта көптеген бос инвестиция көздері өте көп, олар капиталды қолдану аймақтарын іздейді. Бұл – қазіргі және болашақтағы кәсіпкерлердің ұрпақтарына пайда әкелетін ауқымды және ұзақ мерзімді жобалар болуы керек.

Қазақстанның жемқорлыққа бейім емес тобы батыстық белсенді серіктестеріне ұсынары көп. Мен таяудағы 10 жылда 85 млрд долларға дейінгі инвестициялық бағдарлама негізінде елдің бүкіл экономикасын модернизациялау жоспарын ұсынамын. Бұл тек қана инфрақұрылымды дамытуға салынатын инвестиция!

Бұл жоба елдің барлық индустриалды ландшафтын өзгертеді және жаңа өндіріс салаларына одан да көп инвестициялар тартуға жағдай жасайды.

Қазақстан қайтадан аймақтық мұнай базасы емес, «Еуразияның шеберханасына» айналуы керек.

Инвесторларға әділетсіз немесе сыбайлас жемқорлық жолмен жасалған келісімдер негізінде берілген көптеген нысандар осы трансформацияның материалдық базасына айналады. Мұндай келісімдер тоқтатылуы керек, мүліктік нысандар қазақ мемлекетінің иелігіне қайтарылады.


Ел үшін қолда бар нақты дәлелдер кез келген сот төрелігінде өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай жағдай орын алмауы да мүмкін: пара беруге жүгінген корпорациялар дау тудырмай, топ-менеджерлердің алдыңғы буынының кінәсін мойындап, Қазақстанмен іскерлік қарым-қатынасты сақтайды.

Қажет болған жағдайда дау туғызатын мәмілелер тізімін қайта қарап, еліміздің Теңіз жобасына қатысуы, «МаңғыстауМұнайГазды» жекешелендіріп, қайта сату, Каспий қайраңы жобаларындағы активтердің күмәнді түрде берілуі, уран кен орындары мен сирек кездесетін қазбаларды сату, сондай-ақ «Қазақмыс» пен «Қазмырыштағы» барлық операциялар қайта қарастырылуы керек.

Бұрынғы назарбаевтық келісімдер ғана емес, сонымен бірге қазіргі уақытта үкіметтің жасаған кейбір келісімдері жедел түрде тоқтатуды және қосымша қоғамдық талқылауды қажет етеді.

Ақшатау кен орнындағы вольфрам-молибден кен көздерін шетелдік инвесторларға ешуақытта беруге болмайды! Осы жобада Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін топырлатып әкелу көзделгенін де естідім. Мұндай жобалар тіпті Африкада да жүзеге асып жатқан жоқ.

«Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанда жаңа өндірістік базаны құруға қаражат жұмсай алмаса, сол сияқты «даму институттары» деп аталатын толып жатқан басқа кеңселер не үшін қажет?

Құрметті Президент мырза!

Ел азаматтарын шетелдік «делдалдардың» араласуымен көмекшілік жұмысқа тартып, сәтті болашағынан айыруға болмайды. Біз елімізді шикізат экспорттаушыдан – әлемдік экономика үшін энергия, тауарлар өндіретін, қызмет көрсететін елге айналдыруға міндеттіміз.

Ол үшін қолыңызға тиген билікті пайдаланғаныңыз жөн. Бұл сіздің Қазақстан тарихына қосқан үлесіңіз болар еді.


Коронавирус және басқа да қиындықтарға қарамастан, шынайы өмір жақсылыққа толы, адам өзі берген уәделерін орындауға кірісуі керек.

Сіз әрекет етуге дайынсыз ба?

Дайын болсаңыз, Н.Назарбаевтың демалысқа шығуын, елді күнделікті басқару және саяси партиялардың ісіне әртүрлі сылтаумен араласпауын талап ететін уақыт келді.

Осы күнге дейін оның өзіне берілген кепілдіктер бір басынан асып түседі. Осыдан кейін модернизациялау бағдарламасын әзірлеушілермен негізгі идеяны талқылап, мақсаттарды айқындауға жол ашылар еді.
Содан кейін Бағдарламаны қажетті нормативтік-құқықтық актілермен қамтамасыз етіп, президенттік Жарлықпен оның орындалуына жауапты қызмет көрсетушілер мен ұйымдар құру қамтамасыз етілу тиіс. Сонымен бірге үкімет (қазіргі немесе одан кейінгі) белгіленген әкімшілік тәжірибеге сәйкес күнделікті жұмыспен айналысуды жалғастырады.

Бұрын да айтқан едім: қазіргі жағдайда осы жоспарды талқылауға қажетті қауіпсіз байланыс құралдарымыз бар. Мен оларды қолдануға дайынмын.


Мемлекеттік қызмет этикасын сақтай отырып, саяси қысымға түспеу үшін, өзімнің үндеуімді дипломатиялық арналар арқылы тағы бір рет жолдаймын. Бірақ сіз мұндай қатынас жасаудың шегі таусылатынын түсінуіңіз керек.

Құрметпен,
Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН,
Лондон (Ұлыбритания),
сәуір 2020 жыл
«DAT». 14.05.2020.




Рекомендовать
Последние новости