Президент Жолдауының семантикасы

Dalanews 05 сент. 2021 09:42 911

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында мобилизацияға шақыру да бар, сонымен қатар қазіргі оқиғалардан аман-есен шығатынымызға сенім ұялатады. Постпандемиялық әлемдегі жағдай оңай емес. Короновирус індетінің толқыны қаншама адамның өмірін қиып, экономика да құлдырады. Мұнымен тұспа-тұс шақта әлемдік геосаясатта, әскери-саяси жағдайда түбегейлі өзгерістер орын алып жатты. Әлемдегі жағдай елдердің дамуына, тұрақтылығына және халқының ішкі  шоғырлануына сын-қатер тастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент сессиясының басталуында сөз бастауы дәстүрге айналуда. Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауы оның үшінші Жолдауы. Бұл Жолдау мазмұны бай болғанымен, нақты үндеулерді қамтиды. Ал оны Жолдау мәтініне семантикалық талдау жасау арқылы анығырақ байқауға болады. Мемлекет басшысының үш Жолдауда да айтқан кілт сөздер мен ұғымдардың қолдану динамикасы арқылы Қазақстанның өткен аралықтағы әлеуметтік-саяси даму жолын қадағалауға болады.  Яғни, саяси басымдық қалай өзгергенін осылай білеміз.

Үш жыл ішінде осы Жолдауда орын алған негізгі өзгеріс – Мемлекет басшысының императивті сигналдарының күшеюі. Осылайша, «керек» деген сөз қолданылуы бойынша 29-орыннан бірінші орынға бірақ жайғасты.

«Мемлекет» ұғымы екінші орынға шықса, сөзді қолдану үштігіне түбірі «қазақ» деп басталатын сөздер кірді. Яғни, Қазақстан, қазақстандықтар, қазақтар деген ұғымдарды жатқызамыз. Сондай-ақ 2019 жылы бесінші орында болған «азаматтық» ұғымы қолданылу жағынан төртінші орынға көтерілді.

Жолдаудан Мемлекет басшысының азаматтық сана-сезім, халықтың бұл сөздің барлық мағынасында алғанда өз жасаған әрекетіне деген жауапкершілігі сияқты үндеудің күшейе түскенін байқауға болады. Бұған үлкен әлеуметтік жауапкершілік, вакцинация маңыздылығын түсіну, пандемиядан сақтану ережелерін ұстану, ең бастысы еңбек орнында бар күшті салу жатады.

Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында Үкімет және әкімдік түсініктерін қосқанда жалпы мемлекеттік органдарды азырақ тілге тиек етті, алайда түбірі «халық» деп басталатын сөзді көбірек қолданды. Аталмыш сөз категориясы 2020 жылы 47-орында болса, биылғы Жолдауда бірден 23-орынға орналасты.

Қазіргі әлемдегі сын-қатерлер халықтан бірігу, ынтымақтасу, келісімге келуді талап етеді.  Себебі қоғамды бөлшектеу және ішкі конфликттерді тұтандыру арқылы қоғам жүйесі бұзыла бастайды, ал бұл өз кезегінде экономикаға да, мемлекетке де шығын тудырады.

Құндылықтар, мақсаттар бірлігі, ортақ тапсырмаларды түсіну – бүгінгі күннің басты талаптары.   Бұл жерде билік пен қоғамды ортақ ұлттық мақсаттарға бағыттайтын Президенттің рөлі маңызды. Бұлардың ішінде бастысы, әрине, ел әл-ауқатын,  қоғамдағы сау климатты сақтау.  Осыған орай, «әл-ауқат» деп басталатын сөздер 2019 жылы 40-орында болса, 2021 жылы 17-орынға жайғасты.

Сонымен бірге Мемлекет басшысының еңбектің құндылығы, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы айтқаны соңғы Жолдау композициясын нығайта түседі. Мемлекет басшысының әр Жолдауынан «еңбек» ұғымы күшейе түсіп, қазір бұл сөз қолданылуы жағынан 14-орында.

Мемлекет басшысының Жолдауы – қоғамның жаңа құрылымы қаланып жатқан әлеуметтік инженерия үлгісі. Бұл постпандемиялық шындықты ескере отырып қалыптасқан көзқарастан туындап отыр.

Бірінші басымдық Қазақстанның әлемдік азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды элементі екеніне беріледі. Бұл жыл климат жағынан оңай жыл болған жоқ. Жауын-шашын мөлшерінің аз болуы ауыл шаруашылығы мен агроөндірістің тұрақтылығына қауіп-қатер төндіреді.   Сондықтан Жолдаудан ауыл шаруашылығы мен аумақтық даму терминдеріне басымдық берілгенін анық көреміз. «Ауыл» ұғымы 2019 жылы қолданылуы жағынан 16-орында болса, 2021 жылы 9-орынға барып орналасты. Осыдан ауыл категориясы мемлекеттік басымдықтар тізімінің алғашқы ондығына енгенін көруге болады.   Аумақтық тақырып қолданылуы жағынан өткен жылы 19-орында болса, биыл 13-орынға шықты.

Аумақтық мәселелер ауқымды тапсырмалар легін қамтиды. Оларға теңгерімсіздікті азайту, ауыл аумақтарға дербестік беру жатады. Жергілікті әкімдердің сайланып қойылатыны, жалпы саяси реформа қисыны аумақта өзін-өзі басқару болғанын талап етеді.  Жолдауда аумақтарға салықтық алымдардың бір бөлігі ұсынылатыны, ал бұл жергілікті бюждетті қалыптастыруды көтеретіні айтылған болатын.

Жолдауда көтерілген екінші мәселе – экономиканы цифрландыруға қатысты тапсырмаларға үлкен басымдық беру. Қашықтан жұмыс істеу, қашықтан білім алу  күнделікті өмірімізге толық сіңген ұғымдарға айналды. Қазір жаңа форматтағы экономиканың, оның жаңа бағыты  қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Қосылған құнның қалыптасу қағидасы, жалпы өндіріс қаражаты, капиталды анықтау жолы түрленуде. Пандемияға дейін экономиканың негізгі тірегі көлік құралдары мен қалалар, яғни урбанизация ресурстары болса, қазір оның орнын цифрлық технологиялар, ауыл аумақтар басты.

Енді тиісінше қоғамдық және саяси жүйелерді бейімдеу қажет. Ең бірінші саясат па, әлде экономика ма деген  пкірталастарды жиі көруге болады. 90-жылдардағы және 2000-жылдардағы қазақстандық реформа логикасы «алдымен экономика, сонан соң саясат» деген белгілі формуланы басшылыққа алды. Ол өз рөлін атқарып, Қазақстанды табысты елге айналдыра алды.

Ал енді қазір смартфондар экономикасы туралы сөз қозғағанда басымдықтарды жіктеу әлдеқайда қиынға түсуде.

Үш жылдағы Президент Жолдауының семантикасын зерделей келе, экономика, тіпті әлеуметтік мәселелерден гөрі саясат басым позицияда екенін ашық айтуға болады. Бұл қоғамның саяси тұрғыда  дамығанын, азаматтық сана-сезімнің өскенін және қоғам белсенділігінің белгілі бір деңгейде жоғарылағанын көрсетеді. Халықтың басым бөлігінде интернеті қосылған, әлеуметтік желілерге шығатын телефоны бар болғандықтан басқа дүние күте алмаймыз. Қаржылық қызметтерді смартфон арқылы қолдану адамдарды бір жағынан саяси тұрғыда мықты ететінін айта кету керек.

Бұл контекстіде адамдарда ортақ құндылықтар арта түседі, себебі енді дәстүрлі БАҚ пен ірі ақпараттық арналарды айналып өтіп, өзара әрекеттесу арқылы кейбір жасырын жаңалықтарды егжей-тегжейлі білу мүмкіндігі пайда болды.

Сондықтан Президент Жолдауында тілдің дамуы, тілдік коммуникацияға қатысты сөздер мен терминдердің қолданылуы арта түсті.

Қазіргі таңда 19 млн халқы бар Қазақстан демографиясы қарқынды дамып, өсіп келе жатқандықтан жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан демографиялық құлдырау мен жастар үлесінің азаюы кезеңін өтіп кетті. 1990 жылдары бірқатар себепке байланысты халық саны күрт азая бастаған болатын. Қазір 2000 жылғы беби-бумерлер демографиялық тұрғыда белсенді жасқа келді.

Бұл бір жағынан еңбек және әлеуметтік жүйеге жаңа сын-қатерлер мен жүктеме әкелді. Сондықтан Президент Жолдауынан басымдықтарды қайта бейімдеу жүргізіп жатқанын байқауға болады. Білім беру маңызын жоғалтпайтын мәселе болғандықтан, Жолдауда бұл сөз қолданылуы бойынша 33-орынға жайғасты. Алайда қазіргі Жолдауда экономиканың нақты секторларымен байланысты терминдер айтарлықтай күшейе түскенін байқаймыз. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан секторларға қатысты терминдер айтылады.

Сонымен өнеркәсіп категориясы қолданылуы бойынша 2019 жылы 110-орында болса, 2021 жылы 28-орынға бірақ көтерілді. Ал «технологиялар» тобындағы сөздер 88-орыннан 52-орынға жоғарылады.

Әлбетте, халық үшін көкейкестілігін жоғалтпаған мәселе – табысты арттыру. Постпандемиялық әлемде азық-түлік инфляциясы негізгі соққы тигізетін мәселеге айналды. Мемлекет басшысының қазіргі Жолдауында тіпті кәсіби экономистер инфляция айналымына қарсы ойға қонымды шешім бере алмағанына ерекше мән береді.

Еңбекақы төлеу, жалақы деңгейі мәселелері Президент Жолдауында 77-орыннан 69-орынға шықты. Жолдауда негізгі мәселе ретінде ең төменгі жалақы мөлшерінің үштен бір бөлігіне көтерілетіні қойылған. Бұл азаматтардың тұтынушы ретінде әрекет ету қабілетін күшейте түседі, сәйкесінше экономиканы жандандырады.

Дегенмен келесі әлеуметтік-экономикалық даму қоғамның коронавирус сияқты жаппай таралатын ауруларға, пандемияларға қаншалықты тұрақты болатынына байланысты болмақ.  Сол себепті Жолдауда вакциянация термині көп айтылады.

Осыдан азық-түлік нарығы, аумақтық саясат тақырыптарынан бөлек денсаулық сақтау экономиканың басты қозғаушы күшіне айналатынын аңғарамыз. Медицина эпидемиологиялық жағдайды қадағалап қана қоймай, пандемия және жоғары урбанизацияланған қоғамдағы зиянды өмір салтына қатысты туындаған мәселелерден шығатын шығындарды азайта алады.

Халық қала сыртында да үйлесімді әрі дұрыс өмір салтын ұстанып өмір сүруге келе жатыр. Ал бұл аграрлық секторға, ауылдық жерлер инфрақұрылымына көбірек инвестиция салуды талап етеді. Сондықтан Президент Жолдауында аграрлық сектордағы субсидия тиімділігін арттыру тақырыбы ерекше орын алады.

Дәл қазір дамудың оңтайлы энергетикалық моделі іздестірілуде. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекке бейтарап болу міндетін алып отыр. Сол себепті қолданылатын категорияларда басымдықтар өзгеруде. Мысалы, «газ» ұғымы 58-орында, ал мұнай сөзі биылғы Жолдауда тіпті айтылмайды.  Алдыңғы Жолдауда ол 64-орында болатын. Сонымен қоса Қазақстан атом энергетикасын дамытуға өз артықшылықтарын қолдануға ұмтылуда.

Пандемия салдарынан өту жағдайын ескере отырып, құзыреттер жүйесіндегі өзгерістерді де айта кеткен жөн. Қашықтан жұмыс істеу күнделікті еңбек етуді роботтандыру  процесін жылдамдата түсті, сонымен қатар зияткерлік қызмет түрлеріне сұраныс артты. «Мамандық» сөзіне қатысты категория Президент Жолдауында соңғы үш жыл ішінде 72-орыннан 57-орынға дейін жоғарылады.

Осы контекстіде Президент Жолдауы азаматтық қызмет саласы, соның ішінде мәдениет, мұрағат ісі, оқытушылар мен мұғалімдер қызметін қаржыландыруды арттыру мәселесіне  баса көңіл бөледі. Қазіргі заманда ұлттың ұлт болып қалуы оның шығармашылық және тарихи-мәдени өз нарративін жасауына байланысты болады. Ал бұған сапалы кадрлық ресурстар қажет. Мәселен, қоғамның бірігуі туралы сөз қозғасақ, алдымен тарихты кәсіби түрде саралау мен мұрағаттарды талдау керек. Тиісінше, бұл салаға тек қана еңбекақы төлеу тұрғысынан ғана емес, технологиялық даму жағына да инвестиция салу талап етіледі.

Мұрағат қызметкерлері бір орында отырып еңбек ететін заман өтіп кетті. Қазір басқа мұрағат материалдарымен алмасу, сұраныс жасау, коммуникация орнату және түрлі мемлекеттердегі материалдарға тоғыспалы талдау жасаудың уақыты келді. Ал мұның барлығы жалпы гуманитарлық саладағы жаңа технологиялық дамуды талап етеді.

Осылайша, Президент Жолдауы Мемлекет басшысының қоғам мен мемлекетті өзгеріп жатқан шынайы өмір жағдайына бейімдеуге қатысты ойлары мен идеялардың шоғырын көрсетеді. Бүгінгі таңда мемлекеттің табысты болуы оның қоғам сұранысына жауап беруі мен халықты ортақ құндылықтар негізінде топтастыруына байланысты.  Инновацияның артып, қоғамның креативті болуы үшін адамдардың ашық болуы, оларға еркіндік беру маңызды. Себебі бұл – қосылған құнды арттыру және ЖІӨ өсімі процесінің бір бөлігі.

Ал мемлекетке бақылау мен тұрақтылықты қамтамасыз ету жүйесі бойынша қойылатын талаптар күшейе түседі. Кәсіби және зияткерлік әрі стратегиялық жоспарлау мен басқару қажет. Конфликтілердің алдын алу керек. Мемлекеттік органдар алдын алу жұмыстарымен айналысқаны жөн. Сондықтан билік бірқалыпты әрі басқарылатын реформалар бағытын жалғастырудағы  өз рөлін төмендете алмайды. Бастамаларды мемлекет көтеру керек. Тек сол жағдайда ғана экономика саласында үйлесімді даму мен қажет өнімділікке жетуге болады.

Дархан КАЛЕТАЕВ, Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, саяси ғылымдар докторы.

 

 

Рекомендовать
Последние новости