Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында сөйлеген сөзінде елдің саяси, экономикалық және қоғамдық дамуындағы елеулі өзгерістерге назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық келбеті түбегейлі өзгеріске ұшырады. Экономикада жүйелі реформалар іске қосылды. Ең бастысы – қоғамның сана-сезімі жаңарып, біз заманауи әрі ілгері қоғамға айналдық", – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, бұл өзгерістер этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісім саласына да тың міндеттер жүктейді. Осыған байланысты ол Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне жаңаша көзқарас қажет екенін жеткізді.
"Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы саясатты үйлестіретін стратегиялық орталыққа айналуы тиіс. Бізге ескі тәсілдерге қайта оралудың қажеті жоқ. Оның орнына жеткен жетістіктеріміз бен кеткен кемшіліктерді саралап, жаңа мазмұн қалыптастыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты қоғам дамуының басты негізі деп атады. Оның айтуынша, келісім мен төзімділік тек ұранға айналмауы керек – бұл халқымыздың күнделікті өмір салтына айналған құндылықтар болуы тиіс.
"Этносаралық және конфессияаралық қатынастар ешқашан саясаттың құралы немесе арандату амалына айналмауға тиіс. Бұл – мемлекет пен бүкіл қоғам үшін бұлжымас ұстаным", – деді Президент.
Сөз соңында Президент әкімдерге ұлтаралық келісімге арналған кездесулерді жүйелі түрде өткізіп отыруды тапсырды. Сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар бұл бағытты үнемі басты назарда ұстауы керектігін қадап айтты.