Полицейлерді атып өлтірген лаңкестің жұбайы елден кешірім сұрады

Dalanews 21 июл. 2016 03:40 971

Алты тәртіп сақшысын атып өлтірген Руслан Күлікбаевтың әйелі Байқоңыр қаласынан Алматыға жеткізілді. Аяулым Үмбетқұлованы тәртіп сақшылары кеше кешкісін сағат 9-дан бастап таңғы төртке дейін тергеген. Яғни, оған Руслан Күлікбаевпен қай кезде танысты, соңғы уақытта қайда өмір сүрді және оны мұндай лаңкестік әрекетке не мәселе итермелеуі мүмкін деген сұрақтар қойылыпты. Тек содан кейін ғана Аяулым Үмбетқұлованы тергеушілер бостанқан. Ол бұдан кейін КТК арнасына қысқаша сұхбат берді.

Қазір күдіктінің әйелі жеке басының қауіпсіздігі үшін қала сыртында пәтер жалдап тұрып жатыр. Көпшіліктің көзіне түсуді қаламайтын ол телеарна тілшілеріне сұхбат беруге келіскен. Оның айтуынша, күйеуі екеуі өткен аптада ғана жалдамалы пәтерлерін өткізіп, өзі Байқоңыр қаласына барған.

Ал Руслан Күлікбаев «шешілмеген шаруам бар» деп қалада қалып қойыпты. Жұбайы күйеуінің полицейлерге оқ атып, лаң салғанын тек телеарнадан «көріп-білдім» дейді.

– Байқоңыр қаласында жүргенде болған оқиғаны естідім. Жаңалықтан көрдім. Олай болады деп кім ойлаған? Үйдегілер жылап, анасы талып, қатты қиналды. Қанша дегенмен жолдасым ғой. Мен одан мұндайды күтпеген едім, – дейді Аяулым Үмбетқұлова.

Лаңкеспен 6 жыл бір шаңырақ астында тұрған Аяулым күйеуінің бұрын-соңды мұндай қатыгездігін байқамаған. Жолдасының кімдермен араласқанын да айта алмай отыр. Өйткені, Руслан әйелін ешқашан той-томалаққа апарып, туыстарымен қатынастырмаған. Есесіне, ылғи хиджап киіп, намазға жығылуға үгіттепті.

– Түрмеден шыққанда маған  «паранжа ки, дінге қосыл» деді. Мен қарсы болдым. Менімен тұрғың келмесе, тұрмай-ақ қой, оранып, жауып киінбеймін дедім, – дейді жұбайы.

Аяулымның айтуынша, Русланның 2-3 күндеп үйге қонбай кететін әдеті болған. Бірақ қайда баратынын «жасырып айтпайтын» дейді. Ал соңғы уақытта жүрісі суыт, мінез-құлқы өзгере бастаған.

– Соңғы кездері асығыс болды. Бір орында отырмайтын бір жаққа асығып тұртын. Сондай тірліктерін байқадым. Түрмеде отырғанда қиындық көріп, полицейлерге  өштескен шығар деп ойлаймын. Ол бес уақыт намаз оқып жүріп мынадай тірлікке қалай барды? Егер шынайы мұсылман болса, намаз оқи тұрып біреуді өлтірмек түгілі, жерде жатқан жәндікті өлтіруге құдайдан қорқады ғой. Қалай мына іске барғанын мен де түсінбей қалдым. Сенбей тұрмын әлі күнге, – дейді Аяулым.

Алты бірдей жазықсыз жанды атып өлтірген күйеуі үшін Аяулым кешірім сұрап отыр.

– Ол кісілерге айтарым – сабыр сақтасын. Қайғысына ортақпын. Қойнымда жатқан күйеуімді осындай қанішер адам болады деп ойламаппын. Өзіңіз де жаныңызда жатқан адамды жамандыққа қимайсыз ғой. Кешіріңіздер. Қарғамаңыздар. Менің де балам бар. Екі бала бағып отырған анамын. Екі баланың болашағы үшін қарғамаңыздар. Біздің ешқандай кінәміз жоқ, – деді.

Екі күннен бері көз жасы құрғамаған келіншек «ендігі көрмегенім Руслан болсын» деп отыр. Себебі, балаларының болашағына балта шапқан лаңкеспен ажырасуға бел буған.

– Екі баламды асырап өсірем. Русланмен заңды түрде ажырасамын, болды!  Балаларымның болашағына кедергі болмасын деймін. Солардың атына кір келмесін, әкесі үшін олар кейін жақсы жерде жұмыс істей алмай ма деп уайымдаймын.

Сары уайымға салынып, ішкені – ірің, жегені – желім болған келіншекті полицейлер жеті сағат бойы тергеген. Аяулым тәртіп сақшыларына бар білгенін жасырмай жайып салыпты. Осы сұрақ-жауаптан кейін лаңкестің соңғы тұрған мекен-жайы анықталып, көк базар маңында арнайы операция жүргізілген.

 

Диас Нұрақын

Рекомендовать
Последние новости