Перизат Қайрат ісі: сот тікелей эфир жүргізуге тыйым салды

Қаракөз Амантай 14 июл. 2025 10:32

Перизат Қайратқа қатысты өтіп жатқан қылмыстық іс бойынша сот процесі кезінде тікелей эфирге шығуға тыйым салынды. Бұл туралы Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Сабыржан Каримов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Сот процесі аяқталғанша қатысушылар мен журналистерге сот залынан, сондай-ақ сот ғимаратынан әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфир жүргізуге тыйым салынады. Бұл Zoom арқылы қосылатындарға да қатысты”, – деді судья.

Сондай-ақ журналистерді негізгі сот залынан шығарып, оларды процесті арнайы баспасөз орталығынан бақылауға жіберді.

“Банктік құпиялар мен конфиденциалды ақпарат жарияланған сәттерде журналистерді залдан шығарып отыруға тура келеді. Бұл уақытты көп алады”, — деді судья.

Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот басталды. Бұған дейін күдікті тергеу изоляторында өзіне күш қолданылғанын мәлімдеген еді. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

"Моральдық тұрғыдан қатты шаршадым. Енді ғана тергеу изоляторының қызметкерлері тарапынан ұрып-соғу дерегі туралы ашық айта аламын. Астана қалалық прокуратурасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір жағдайым біршама жақсарды", – деді Перизат Қайрат.

Журналистер оның құқық қорғау ұйымдарынан көмек сұраған-сұрамағанын нақтылады.

"Қандай өтініш түсірсем де, бүгінге дейін маған қоғамдық қорғаушы тағайындалған жоқ. Анамды да алғаш рет бүгін ғана көріп тұрмын. Оған күдікті мәртебесі тек 18 наурызда берілді. Менің барлық заңды құқығым аяқ-асты етілді", – деп көзіне жас алды айыпталушы.

Сондай-ақ Перизат Қайрат ашық сот процесіне қарсы еместігін айтты. Бірақ журналистерден анасын камераға түсірмеуді сұрады.

Кейінірек Перизат Қайратқа қатысты сот отырысы қалай өтетіні белгілі болды.

"Перизат Қайраттың алдын ала тыңдаудағы өтініші қаралды (...) Сот сот процесін жабық түрде өткізу туралы өтінішті ішінара қанағаттандыру туралы қаулы шығарды. Сот отырысы 2025 жылы 14 шілдеде сағат 10:00-ге белгіленді", - деді судья.


Рекомендовать
Последние новости