Павлодарда қылмыс әлемінің серкесі ұсталды

Көркем Алдабергенова 19 нояб. 2024 09:22 162

Павлодарда қылмыс әлемінің серкесі ұсталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, 4 қарашада Павлодардың ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірін рейдерлік басып алды деген күдікпен қылмыс әлемінің серкесі ұсталды.

Келтірілген шығын мөлшері миллиард теңгеден асады. 

"Жеке және заңды тұлғалардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкін рейдерлік басып алудың өзге де фактілері анықталып жатыр", - делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта рейдерлік жасады деген күдікті екі айға қамауға алынған.  

Айта кетейік, бұған дейін елімізде жасалған рейдерлік шабуылдар әшкере болған еді. Оның ішінде экс-президент Назарбаевпен байланысты адамдар бар. 

Мысалы Бас прокуратура Әлия Назарбаева мен Валентина Рогованы рейдерлік шабуыл жасады деген кәсіпкердің арызын Қаржылық мониторинг агенттігіне жіберген болатын.

Бұл ақпаратты Бас прокуратура Tengrinews.kz-ке растаған.

"2024 жылғы 4 наурыздағы арыз Бас прокуратураның ақпараттық кітабына тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚБМ) жолданғанын хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 28 ақпанда баспасөз мәслихаты өтіп, онда экс президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева мен заңгер Валентина Рогова 2003 жылы рейдерлік шабуыл жасап, "ТПК Азия" ЖШС-ін кәсіпкерден тартып алғаны белгілі болды. Компания құрамында 7 мұнай базасы және 96 жанармай бекеті болған. Кәсіптің құны 170 миллион доллар. Зардап шеккен кәсіпкерлер Медгат Қалиев мен Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаева олардың кәсібін қалай тартып алғанын әңгімелеп берген болатын

Кәсіпкер Медгат Қалиевтің сөзінше, ол "ТПК Азия" компаниясын Нұрлан Бимурзиннің әкесімен ашқан. Бастапқыда кәсіп шағын болғанымен, уақыт өте келе ұлғая бастаған. 2003 жылға қарай компанияда 7 мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекеті болған. Осылайша үш жылдың ішінде белгілі бір жүйемен жұмыс істейтін компания пайда болған.

Бірақ компанияға 2002 жылдардың өзінде Әлия Назарбаеваның көзі түсе бастаған.Бастапқыда 21 жастағы Әлия кәсіпкерлерден 50 пайыз үлесін сұрап, кейіннен "барлық үлесті маған беріңдер" деп айтқан. 

Сонымен қатар, Болат Назарбаевтың оң қолы болған Елдос Қоспаевтың ісі жабық режимде қаралды. Ол рейдерлік жасап, адам ұрлап, қылмыстық топ құрған және жалған құжаттар жасаған деп айыпталып отыр.  


Рекомендовать
Последние новости