Павлодарда балабақша тәрбиешісі балалардың шашынан жұлып, басынан ұрған

Қаракөз Амантай 24 июн. 2025 09:57

Павлодарда балабақшада тәрбиешісі балаларға күш көрсеткен. Кадрларда әйел адамның бүлдіршіндерді шашынан тартып, басынан ұрғаны анық көрінеді. Оқиға №116 балабақшада болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ата-аналар бұл көріністерді бейнебақылау жүйесінен көрген.

Олардың айтуынша, видеожазбаның әрбір кадрында тәрбиешінің балаларға күш қолданғаны көрінеді.

“Қатыгездік қай уақыттан бері жалғасып келгені белгісіз, өйткені кейбір сәттер бейнежазбадан өшіріліп қалған”, – дейді ата-аналар.

Мәселеге Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенова да назар аударып, ата-аналардың шағымынан кейін бірден балабақшаға барғанын айтты.

“Кеше ата-аналармен бірге №116 балабақшада болып, видеожазбаларды көрдік. Полиция қызметкерлері жазбаларды сараптау үшін ресиверді алып кетті, ата-аналардың өтініштерін тіркеді. Балаларға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл топтағы бүлдіршіндердің көбі 2022 жылы туған, көпшілігі әлі дұрыс сөйлей алмайды”, – деді Шакенова.

Облыстық полиция департаменті болған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы (“Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау”) аясында іс қозғалғанын хабарлады.

“Қазіргі уақытта тәрбиешінің әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, балабақша әкімшілігінің де бұл жағдайға байланысты іс-әрекеттері тексерілетін болады”, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.


Рекомендовать
Последние новости