Әлиев Арменияға үш рет мүмкіндік бергенін айтады.
"Пашинян біз берген мүмкіндікті пайдаланбады. Әскеріміздің ұрыс алаңындағы іс-қимылы ұтымды болды. Жау жасағы кері шегініп, әскери техникасы отқа оранды. Бұл басымдықты бәсеңдетпей, шабуылды үдете түсуге болар еді. Таулы Қарабақ конфликтісін қару қолданбай шешуді сұраған халықаралық күштердің сөзіне құлақ асып, бір емес, үш мәрте атыс-шабысты тоқтаттық", – деді Әлиев.
Алайда армян тарабы елді-мекендерді бомбылауды тоқтатпаған.
"Армения атыс-шабысты тоқтату туралы ұйғарымды қатарынан үш рет бұзды. Алдымен Гянджені баллистикалық зымырандармен атқылады. Келесі келісімді де арада үш-төрт минут өткесін ұмытып кетті.
Үшінші рет "Құйын" зымыранын Бардаға бағыттып, соның салдарынан 21 адам ажал құшты, 70 адам ауыр жарақат алды.
Гянджаны бомбылаған Пашиянның сауатсыз шешімі кесірінен 30 бейбіт тұрғын үйіндінің астында қалды", – деді Әлиев.
Әзірбайжан президенті өз сөзінде армян фашизмін "бесігінде тұншықтыру" қажеттігін айтып, әзірбайжан халқын айыптағандарға жауап қатты. Оның атап өткеніндей Әзірбайжан әскері атажұртын басқыншылардан азат етуде.
"Таулы Қарабақ конфликтісіне түбегейлі нүкте қояр кез келді. Сонда ғана әділет пен бейбітшілік орнайды. Әлдекімдер айтып жүргендей армян жеріне ентелей енетін ойымыз жоқ. Мұның бәрі арандату. Тарихи тұрғыдан әзірбайжан халқына тиесілі жерді кері қайтармай жанымыз жәй таппайды, көңіліміз тынышталмайды", – деді Әлиев.
Тікелей эфирде көрсетілген іс-шараға Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркия сауда палатасы және сауда-саттық биржасының президенті Мұстафа Рифат, Өзбекстанның сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Ікрәмов және Қырғызстан сауда және өндіріс палатасының президенті Марат Шәршекеев қатысты.
...
Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында. Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты. Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзербайжан босқынға айналды.