"Өзім де түсінбей отырмын". Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген айыптауларға жауап берді

Көркем Алдабергенова 21 авг. 2024 11:20 10637

Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген ақпаратқа алғаш рет жауап берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

"Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын. 

Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын!", - дейді Тұраров.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров қыз зорлады деген ақпарат тараған болатын. Ақпарат "Письма президенту" телеграм арнасында тарады. 

Оқиға 19 тамыз күні түнгі он бірлер шамасында болған. Алматы қаласы Әуезов ауданының полиция басқармасына тұрғын үйлердің бірінде зорлық жасалғаны туралы хабар түскен.

28 жастағы жәбірленуші танымал кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың үстінен арызданған. 33 жастағы спортшыны ұстау үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр, делінген желідегі ақпаратта.

Алматының Полиция департаменті бұл дерекке қатысты пікір білдірді. 

Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

"Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр", - делінген полиция хабарламасында. 

Айта кетейік, Жанқош Жасұланұлы Тұраров 1990 жылы 20 қарашада Жамбыл облысында туған. Кәсіпқой боксшы. 2023 жылы наурызда IBO нұсқасы бойынша бірінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды.

Үйленген, жұбайымен үш қыз тәрбиелеп отыр.


Рекомендовать
Последние новости