Өзбекстанда Путиннің тыңшылары ұсталды. Олар Мирзияевқа кедергі келтірген

Dalanews 11 мар. 2020 10:07 1171



Ташкенттегі “тыңшы дауы” Өзбекстан мен Ресейдің арасындағы онсызда шиеленіскен ахуалды асқындыра түсті  деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұдан бұрын Ташкентте мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен саясаттанушы, Өзбекстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Рафик Сайфулин және Өзбекстан Қарулы күштері Бірлескен штабының бастығы Акбар Ярбабаев құрықталған. Бұлардан бөлек тағы 10 әскери (негізінен генерал және полковниктер) қамауға алынған.

[caption id="attachment_51237" align="aligncenter" width="474"] Рафик Сайфулин[/caption]

Өзбек прокуратурасы хабарлағандай бұлар Мәскеудің жансызы болған, мемлекеттік деңгейдегі мәліметтер мен құпияларды тікелей Кремльге жеткізген, осы арқылы Мирзияевтің Мәскеуге мойын бұрмай ашық саясат жүргізуіне кедергі келтірген.

Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 


Айта кетелік былтырғы жылдың 10 қазанында Қазақстанда шығыстанушы Константин Сыроежкин мемлекетке опасыздық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған.

62 жастағы Сыроежкин бұған дейін Қазақстан президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген...



“Ташкенттегі “тыңшы тауы” алып айсбергтің беті ғана… Отанына опасыздық жасады деп қамауға алынған Сайфулин мен Ярбабаевтың  аржағында олардан да ықпалды тұлғалар тұр.

Бұлар Өзбекстан тәуелсіздік алғалы Мәскеуге сойылын соғып жүр. Кремльдегі Путиннің кабинетіне Өзбекстанның мемлекеттік деңгейдегі құпияларын хабарлап әрі Мирзияевтің Батыспен тығыз байланыс орнатуына кедергі келтіріп отырған да солар. “Тыңшы дауының” аржағында алапат күш жатыр…”, – дейді өз кезегінде өзбектің экс-дипломаты Әлішер Таксанов.

Оның айтуынша Өзбекстанның Қарулы күштері мен Қауіпсіздік қызметінде істейтін мамандардың 50 пайызы Ресейде оқып-тоқыған.


Көпшілігі осы елмен тығыз байланысты, өзінде және туыс-туғанында Ресей азаматы деген төлқұжаты бар. Күштік құрылымдарда істейтін шенділердің көпшілігі капиталын Ресейге апарып жасырады.

“Бұдан бөлек Өзбекстандағы этникалық орыстар Путиннің осындағы активі іспеттес. Ресейліктердің көпшілігі Кремль басшысының қазіргі саясатына көңілі толмайды.

Өзбекстандағы орыстар керісінше, Путиннің барша бастамасын қолдайды және оны өздерінің қорғаушысы әрі тірегі деп есептейді”, – дейді Таксанов.

Осы елдің экс-Әділет министрі Мұхаммад Маликовтің айтуынша Кремльдің ықпалынан арылу үшін өзбек билігі халықаралық сахнада ашық саясат ұстануға көшкен.

“Әлбетте, Өзбекстан әлі де болса Ресейге тәуелді. Әсіресе газ саудасына келгенде Путиннің айтқанына көнуге тура келеді. Әйтсе де Мәскеуден іргені аулақ салу керегін Мирзияев бағамдап отыр. Бүгінгі Ресей кикілжіңнен көз ашар емес. Донбасстағы оқиғаларға Сириядағы соғыс қосамжарланды, бұған күні кеше Беларусьпен арадағы дауды қосыңыз”, – дейді ол.

Оның пікірінше бүгінгі Ресеймен сенімге селкеу түсірмейтін ұзақмерзімді байланыс орнату неғайбыл.


“Иә, дәл солай. Осыны ескерген Мирзияев көпвекторлы, негізінен Батыс пен АҚШ-қа бет бұрған саясатты ұстанғанды жөн көрді. Мәскеуге тәуелділігіміз арта түссе, Путиннің тұзағына түсуіміз мүмкін.

Оның үстіне Путин әзір жалғыз қалды. Оның одақтасы жоқ десе де болады. Амалсыздан біркездері КСРО құрамында болған елдерге арқа сүйегісі келеді. Бұлардың арасында Өзбекстан да бар.

Кремль басшысы Мирзияев оның айтқанына еріп, айдауына көнеді деп дәмеленбесін. Мирзияев Путиннің сөзін сөйлемейді”, – дейді Таксанов.

Бұдан бұрын өзбек басшысы Өзбекстанның Еуразиялық одаққа қосылмайтынын мәлімдеген.

– Біздің көптеген азаматтарымыз Қазақстен мен Ресейге барып жұмыс істейді. Әрине, бұған бей-жай қарай алмайтынымыз анық. Бірақ мен бір жайтты ашып айтайын, халықтың көкейінде күмән-күдік болмасын.

Бізді ешқандай ел ешқашан тәуелсіздікті айыра алмайды. Тәуелсіздік халық сенім артқан президенттің қолында.


Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмаймыз,  – деген еді Мирзияев.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімов те Ресеймен алыстан араласқан әрі Мәскеудің ашу-ызасын келтірген әрекетке барған.

Кәрімов Өзбекстанда “Ұлы Отан соғысы” деген кеңестік түсінікті қолдануға тыйым салып, Жеңіс күнінің атауын Еске алу күні деп өзгерткен еді.

“Кәрімов сонымен қатар біздің елді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығарып алды әрі кириллицаның орнына латын әліпбиін енгізді” дейді осы орайда экс-Әділет министрі Мұхаммад Маликов

Думан БЫҚАЙ


 inozpress.kg, currenttime.tv ақпаратының негізінде әзірленді





Рекомендовать
Последние новости