Ойыны қанбаған бала...

Dalanews 03 июл. 2015 00:55 1561

Менің бір танысым бар. Жасы отызға таяп қалса да «балалығын» қоя алмаған жан. Балалық дегеннен гөрі, тәуелділікке ұрынған дегеніміз жөн сияқты. Анықтап айтқанда компьютерлік ойындардың құрсауына түскен. Күндіз де, түнде де ойыннан бас көтермейді. Ол үшін әлемнің бар қызығы компьютердің ішінде секілді.

Әрқашан көзі кіртиіп, өңінің бозарып жүргенін көресің. Әрине, ұйқысы қанбағандықтан. Түннің бір уағына дейін ойнап, ертесі көзін тырнап аша салып жұмысына кетеді. Кейде ұйықтап қалып, кешігіп те жатады. Әйтседе ойынға деген «махаббаты» суыған емес. Жұмыстан келе сала үйреншікті әдетіне басады. Яғни, өзінің күн тәртібіне ендіріп қойған. Айналада не болып жатқаны ол үшін қызық емес. Бар назары мониторда, қолдары тінтуір мен пернетақтада. Ойын үстінде онымен әңгімелесем деп үміттенудің қажеті жоқ. Он сұрағыңызға бір жауап ала алмауыңыз әбден мүмкін. Егер тақуырлап қоймай жатсаңыз, не сөз естисіз, не жаға жыртысып тынасыз. Кейде оны осындай тәуелділікке ұрындырып, санасын отарлаған қандай сиқырлы күш деген ойға қаласың. Әрине, бала болса «бала ғой» деп жылы жауып қоюға болар еді. Бірақ ол жарықтық тепсе темір үзетін атпал азамат қой. Бүгінде ондайлардың қатары көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Неліктен сол «азаматтар» баланың тірлігін істеп, құрып кеткір ойынның құлына айналды? Бір сәт осы жайлы ойланып көрдік пе? Ойынның тек компьютерлік түрі болады деп тағы айта алмаймыз. Қазір не көп, ойынның түрі көп. Соның әрбірінің соңында жүрген жігіттерді, ел ағаларын көргенде, осы сұрақтар тіптен мазалай түседі.

скачанные файлы (8)


Ойын мен бала – егіз ұғым. Баласыз ойынды, ойынсыз баланы елестете алмайтынымыз шындық. Өйткені бала ойын арқылы жетіледі, айналасын таниды, адам болып қалыптасады. Бәрімізде балалық дейтін балдәуреннің баспалдағынан аттағанымыз кеше ғана. Ойын үшін ыстық тамақ пен қаймақты қою шайға қарамай, қойынға тығып шыққан нанымыз бен қара суды талғажау еткенді артық көретін едік. Тіптен, қас қарайып, қараңғы түссе де үйге қайтуға асықпайтынбыз. Шыжыған ыстық пен шыңылтыр аязда ойнауға кедергі келтірмейтін. Ойын дегенде әсте шаршамайсың әрі ешқашан жалықпайсың. Бұл да ойынның құдіреті. Деседе жоғарыдағы ойынмен салыстыруға келмейтін. Егер сол адамдарға өзіңіздің бала кезіңізде ойнаған ойындарыңызды ойнауды ұсынсаңыз сізді мазақ етері анық. «Бала емеспін ғой» деген уәж айтуы да мүмкін. Осы сөзді айтуын айтса да өз ісінен бас тартпасы түсінікті. Ол да бала болған. Ол да біз ойнаған ойынды ойнаған. Қазір оны ойнағысы келмейді. Өйткені, ересек болды, есі кірді. Десе де компьютерлік ойындарға не үшін соншалықты құмар? Бұл сіз бен біз үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін өзекті мәселе.скачанные файлы (6)

Ойын ата-бабаларымыздан бері үзіліссіз жалғасып келеді. Сол себепті де әр ұлттың өзіне тән ойындары бар. Қазақтың ұлттық ойындары да біршама. Ойынның географиялық аумаққа, маусымдық ауысуларға, ойнаушының жас ерекшелігі мен жынысына т.б. байланысты өзгеріп отыратыны бар. Бірақ уақыттың өтуімен ойында заманына сай өзгере бастады. Бұрынғы ойындар көбінесе қимыл-қозғалысқа құрылса, енді орныңнан тұрмай-ақ ойнай беретін ойындар пайда болды. Пайдасынан зияны басымдауы көбірек. Техниканың дамуына сай ойынның да саны артып, дами келе бизнеске айналып шыға келді. Бұл құбылыс адамдардың қызығушылығын тудырмай қоймайтыны заңдылық. Басында қызығушылықпен басталып, соңында шырмауынан шыға алмай жататыны тағы бар.

images (4)Енді біраз артқа шегініс жасап көрейікші. Бұрынғы қазақтар қандай ойын ойнаушы еді? Ойындары бала кезінде асықпен басталып, есейе келе алтыбақан мен ақсүйек арқылы өз жалғасын тауып жататын. Үлкендерден естіген ертегілер мен батырлар жырына еліктеп, бірі – Алпамыс, бірі – Қобыланды болып шыға келетін. Ер Тарғынның елесі де қылаң беріп жататын. Шыбық тұлпарына мініп, ағаш қылышын асынып, аттандап «жауға» шабатын. Тобылғы садағын толғай тартып тышқан ататын. Әйтеуір, ауылды азан-қазан қып думанға бөлейтін. Үлкендер балаларға қарап балдәурен шағын есіне алатын. Бұл ойындарды сол аталарымыздың атасы да ойнаған. Олар немересінің де осы ойындарды ойнайтынына сенімді болатын. Сондықтан олар балаларының не ойнап жүргенін жақсы білетін. Ол ойынның қаншалықты пайда-зияны бар екенін де бағамдай алатын. Ал қазір ше?Ойынның түр-түрі бар. Қазіргі ата-аналар баласының не ойнап жүргенінен де хабарсыз. Байқағанымен, түсіне қоюы екіталай. Өйткені өзінің балалық шағында болмаған, көрмеген ойыны. Өзі ойнап көрмеген соң оның пайда мен зиянын да айыра алмайтыны анық. Қазір асықтың не екенін білмейтін балалар көп. Бұрынғы Қобыланды  Конанға, Алпамыс Суперменге, Ер Тарғын Бэтманға айналған. Үй бетін көрмейтін жүгірмектер үйкүшік бола бастаған. Енді ата-ана қайтпек керек? Әрине, ол ойындардан баласын шектейтіні анық. Бірақ шектеу қаншалықты оң нәтиже әкелмек?скачанные файлы (5)
Мәселен, сіз балаңыздың біздің сөз етіп отырған компьютерлік ойындар ойнауына қарсысыз дейік. Сіз балаңызға ойнатпау үшін компьютер алып бермедіңіз, компьютерлік клубқа баруына шектеу қойдыңыз делік. Бірақ балаңыз сіз айтты екен деп тыйыла қоюы екіталай. Өзінде компьютер жоқ болса да, достарында бар екені анық. Сізден тығылып жүріп ойнайтыны да рас. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, балаңыздың құмарлығы шектеген сайын арта түсетіні даусыз. Бала кезінде ойнамағанымен, оған деген қызығушылығы көңілінің бір түкпірінде қалып қояды. Уақыт өткен сайын ол қызығушылығы арта береді. Келе-келе қызығушылық құмарлыққа, құмарлық тәуелділікке ұрындырады. Осылай жасы келсе де компьютерлік ойындардың құлына айналған жартыкеш адам пайда болады.

«Ойыны қанбаған бала» түсінігі психологияда терең зерделенген тақырып. Балалық шағында ойыны қанбаған адам өмірлік жолында талай кедергіге тап болады, яки неше түрлі бөгесінді өзі өзіне жасайды. Ондай адамдар не нәрсеге болса да тез тәуелді болуға шақ тұрады.

images (3)Сіздің де балаңыздың осындай кейіпке түспесі үшін не істеуіңіз керек. Ол үшін баланы қатаң шектеуден аулақ болған жөн. Бірақ бұл баланы еркіне жіберу деген сөз емес. Мейлі қандай ойын болсын балалық шағында ойнап көргені абзал. Сонда ғана оның не нәрсе екеніне балаңыздың көзін жеткізе аласыз. Кез-келген баланың тез жалыққыш келетіні белгілі. Сіз шектеу қоймаған соң балаңызда пайдасыз ойыннан жалығып, біртіндеп жиреніш сезімі туады. Сол кезде оған басқа ойын түрін ұсынып, жақсы жаққа жол ашып берсеңіз болғаны. Ең бастысы, баланы қызықтыра білу. Мысалы, энциклопедия оқыту, қызықты хикаяттардың жинақтарын беру, тіл үйренуге, сол арқылы ғаламтордағы қызықты деректі және мультфильмдерді көрсетуге дағдыландыру ата-ананың қолынан келетін іс. Әр ата-ана балаларын ойната білуді де меңгергені дұрыс. Өйткені ойын да тәрбиенің бір бөлшегі.

Нұрсерік Тілеуқабыл.




Рекомендовать
Последние новости