Өткен жылы Маңғыстауда 14 мыңға жуық азаматтық іс қаралды

Dalanews 22 февр. 2021 12:37 979

Маңғыстау облысында 2020 жылы 13668 азаматтық және 10750 әкімшілік іс қаралған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев мәлім етті.

Оның айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр аяқталған азаматтық істер саны 7987-ге, әкімшілік істер 3632-ге азайған.

– Пандемияға байланысты, барлық істі қашықтан қарауға мәжбүр болдық. Жұмысымыз ешқашан тоқтаған жоқ. Күнделікті жұмысымызды дұрыс атқарып, істердің мерзімінің бұзылуына жол бермедік. ҚР Жоғарғы сотының бастамасымен бірқатар заң актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның салдарынан көптеген азаматтық іс нотариустарға, ал санкциялау прокуратура органдарына берілді. Мәселен, 2020 жылы 69 әкімшілік құқық бұзушылық мемлекеттік органдардың қарауына тапсырылды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сотта қаралған істердің саны жылдан жылға кеміп жатыр. Сондай-ақ, кейбір санаттағы азаматтық істер сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін қолданады. Бұл әдіс арқылы да арыздардың сотқа түсуі азайды, –  деді Нұрсапа Примашев.

Баспасөз мәслихатында Маңғыстау облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев та қатысты.

Оның мәліметінше, 2020 жылдың 12 айында Маңғыстау облысының соттарында 2497 тұлғаға қатысты 2235 қылмыстық іс қаралды. Оған 1666 адам қатысты.

Айта кетейік, жалпы қылмыстық істер 2019 жылмен салыстырғанда 198 тұлғаға және 190 іске көбейген. Оның ішінде, ҚР ҚК-нің 188 бабы – ұрлық бойынша: 2019 жылы 174 іс, 2020 жылы 205 іс, ҚР ҚК-нің 190 бабы - алаяқтық: 2019 жылы 105 іс, 2020 жылы 107 іс, ҚР ҚК-нің 296 бабы - есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу: 2019 жылы 304 іс, 2020 жылы 484 іс, ҚР ҚК-нің 378 бабы - билік өкiлiн қорлау: 2019 жылы 99 іс, 2020 жылы 224 іс.

–  Әрине, 2020 жылы оңай болған жоқ. Пандемия жарияланғалы сот жүйесі де онлайн режиміне ауысты. Күніне қашықтан қаралған істер саны 4500-ға жетті. Басында сот процесінде тараптар қашықтан режиміне қатысты наразылық білдіріп жүрсе, енді қазір онлайн форматының тиімділігін түсінді, – деді Ержан Қарабаев.

Өңірде қарақшылық (34-тен 10 іске дейін), мұнай өнiмдерiн заңсыз тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу (65-тен 17 іске дейін), жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу (67-ден 53 іске дейін), көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру (280-нен 167 іске дейін) секілді қылмыстық істер қатары азайған.

Қылмыстық істердің жазалау тәжірибесіне қарай 2020 жылы 1830 адам сотталып, оның ішінде бас бостандығынан айырылғандар саны – 523, яғни 28,5% болса, 2019 жылдың 12 айында 1719 тұлға сотталып, оның ішінде бас бостандығынан айырылғандар саны – 350, яғни 20,3% болған.

Есепті кезеңде барлығы 174 әйел адам, оның ішінде 16-сы онша ауыр емес, 37-сі орташа, 95-і ауыр, 5-еуі аса ауыр, 21-і теріс қылықпен және 1 әйел жеке айыптау бойынша сотталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты 2020 жылы 42 іс аяқталып, оның ішінде 37 тұлға сотталған (2019 жылы 43 іс аяқталып, 47 тұлға сотталған).

Істер бойынша 385 тұлғаға жалпы 183 млн 478 мың 423.5 теңге айыппұл салынып, бүгінде 122 млн тг астамы өз еркімен төленген.

Татуластыру рәсімдері бойынша:

Ақтау қаласының №2 соты, экономикалық сот, Жаңаөзен қалалық және Мұнайлы аудандық сотында 2018-2020 жылы «Сотқа дейінгі татуластыру» пилоттық жобасы іске асырылды.

2020 жылы татуластыру рәсімімен 1831 азаматтық іс аяқталды.

Маңғыстау облысында 8 татуластыру орталығы, 16 медиация кабинеті бар. Олардың 12-сі сотта, 5-еуі Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған аудандық әкімдіктерінде орналасқан.

Облыс соттарында 258 қылмыстық іс, 1831 азаматтық іс, 219 әкімшілік іс  медиация рәсімдерімен аяқталған.

Соттардағы ақпараттық технология бойынша:

Маңғыстау облысы бойынша 45 сот залы бар, олар 100% аудио-видео фиксация құрылғыларымен жабдықталған. 2020 жылы 94,5%-ы қолданылды.

Пандемия кезінде WhatsApp және zoom платформалары арқылы тараптар іске мобильді қосымшамен қатысты.

2020 жылы мобильді видеоконференцбайланысы арқылы 17034 сот отырысы өтті, түзету мекемелерімен 1127 процесс, жергілікті соттар арқылы 180 іс қаралды.

Рекомендовать
Последние новости