Өскеменде дүкен ашып, палау таратқан кәсіпкер қамауға алынды
Сағыныш Сардарова16 апр. 2026 12:13
Өскеменде аяқ киім дүкенінің ашылуы тәртіпсіздікпен аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өскеменде Bashpai аяқ киім дүкені ашылуында тегін палау таратылып, жеңілдіктер ұйымдастырылған. Соның салдарынан жиналған халық арасында қоғамдық тәртіп бұзылған.
Қала әкімдігі мәліметінше, 11 сәуірде өткен іс-шара жергілікті атқарушы органдармен келісілмеген. Ашылу кезінде тегін ас тарату және тауарларды төмен бағамен сату көпшілік жаппай жиналуына әкеп соққан.
Салдарынан бұл қоғамдық тәртіп бұзылуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Сот шешімімен іс-шараны ұйымдастырушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.