Астанада студенттер мен жұмыс берушілерді тоғыстырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Самал Асқар 17 апр. 2026 19:10

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Dala News.

Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, жүздеген жұмыс іздеуші мен елорданың жетекші компания өкілдерін бір алаңға жинады.

Жәрмеңке жұмыс берушілер мен жас мамандар арасындағы тікелей диалогқа мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – жоғары оқу орнын бітірген түлектер мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықты азайту.

Кездесу барысында ондаған компания үміткерлермен алғашқы сұхбат өткізіп, олардың бір бөлігін келесі іріктеу кезеңіне шақырды.

Қатысушыларға түйіндеме жасау және өзін-өзі таныстыру дағдылары бойынша кеңестер берілді.

Елордалық компаниялардың бірінің директоры Әсемгүл Жұмабекова жұмысқа қабылдауда тәжірибелік дағдылардың маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Жоғары білім туралы диплом маңызды. Бірақ біз үшін үміткердің практикалық дағдылары басым», – деді ол.

Жәрмеңкеде техникалық және гуманитарлық бағыттағы түрлі бос жұмыс орындары ұсынылды.

Іс-шараның ерекшелігі – ғылым мен өндірісті байланыстыруға басымдық берілуі болды. Университет алаңында өтуі жұмыс берушілерге болашақ инженерлер мен технологтармен тікелей танысуға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер студенттерге алғашқы жұмысқа орналасу кезіндегі сенімсіздікті жеңуге көмектесетінін атап өтті.

Жәрмеңкеге қатыса алмағандар үшін бос жұмыс орындары цифрлық еңбек биржалары мен әкімдіктің ресми ресурстарында қолжетімді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove