Орыстар кетіп жатыр ма? Бұл олардың өз таңдауы

Dalanews 24 февр. 2019 12:47 782

Бізде "ойбай, құрыдық", "ең ақылдылар кетіп жатыр" деген мақалалар көбейіп кетті. Шындап келсе, елден кеткендерді үшке бөлуіміз керек деп түсінем. 



Бірінші және үлкен топ орыстар мен славяндар. Негізінен Ресейге көшіп жатыр. Олардың да арасында білімді, талантты бар шығар. Бірақ олардың кетуіне негізгі және басты себеп – мемлекет болмысының жыл сайын өзгеруі, қазақылануы. 

Біздегі орыстілді қауым үшке бөлінген болатын. Қаламын, кетемін, қазақыландыра бастаса, жанымды қинаса кетемін дейтін. Бүгінде үшінші ширектегілер өз таңдауын жасай бастады. Бұларға ештеңе деп айта да алмаймыз. Өз таңдауы. 

Екінші топ – әлемді көрелік, оқиық, білейік деген жастар. 

Үшінші топ – экономикадан, саясаттан әбден түнеріп, күманданған жастар. 

Бізге қызықтысы да маңыздысы да осы екінші және үшінші топ. Осы екі топты мықтап зерттеу керек. Өкінішке қарай, терең зерттеулер аз, ал эмоция басым. 
Бұған тағы екі мәселені қоса айту қажет: 

а) елінен адамы кетпейтін ел жоқ. Бар елден әртүрлі себеппен адамдар көшіп-қонып жатады. Бұл заңды дүние. Солтүстік Корея емеспіз, тіпті соның өзінен 22 мың адам қаша алған. Елден кетуге тыйым салынса жағдай мүлдем басқаша болар еді. Әрине, елден кетіп жатқандар мен кеткісі келетіндер деген әңгіме бар. Реті келсе, шамасы жараса олардың легі мүлдем басқа болары да хақ. Біздегі жағдай керемет те емес, мүлдем нашар да емес. Аш-жалаңаш, қайыққа мініп, теңіз асқан қазақ жоқ. 

ә) өкініштісі, қазақ көші тұралап қалды. Бұрын, әйтеуір, елден кеткендердің санын шеттен келген қазақтар жауып отыратын. Қазір ол да жоқ. Баланстың бұзылғаны анық. Осы жағын көбірек айтып-көтеруіміз қажет сияқты.

 

Айдос Сарым, саясаттанушы


Фейсбук парақшасынан


Рекомендовать
Последние новости