ОҚУЛЫҚ БАСУ ЖӘНЕ «АҚША ТАБУДЫҢ» АМАЛЫ

Dalanews 23 окт. 2014 12:29 974

Таяуда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында «Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында талқылау болды. Басқосуға ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысып, 2015 жылы мемлекет қаржысы есебінен еліміздегі мектептерді оқулық және оқу-әдістемелік құралдармен толықтай қамтамасыз ететіндерін айтты.  

Бүгінде білім ошақтарын оқулықпен қамтамасыз ету ісі кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатса керек. «Оқулықтарды қайта басып шығарудың төрт жылдық циклына байланысты, қазіргі таңда жұмыстар оқулықтарды сатып алу арқылы іске асуда. Мектеп кітапханаларының кітап қоры оқу пәндерінің санына, сыныптағы оқушылар санына байланысты қалыптасуда. Астана және Алматы қалалары, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Басқа өңірлерде, мәселен Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Ақмола облыстарында әлі де мәселелер бар», – деді А. Сәрінжіпов.
Аслан Сәрінжіпов: "оқулықтармен тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды" дейді. Бірақ бұған біздің күдігіміз бар.

Өз кезегінде министр оқулықтарды тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайтынын да айтты. Бірақ бұған біздің күдігіміз бар. Жалпы жаңа оқу жылы басталғанда оқулыққа қатысты үлкен даудың басы қылтиып, біразға дейін бықсып барып басылатыны белгілі. Соңғы жылдары оқулық үлкен бизнестің көзіне айналғаны жасырын емес. Қазір жылда оқулық жазу сәнге айналған. Ортақ жүйе жоқ. Бір мектеп «Атамаұра» баспасының оқулығымен балаларды оқытса, көрші мектеп «Мектеп» баспасының оқулықтарын пайдаланғанды жөн көреді. Осылайша мектеп оқулықтары баспасына, авторына қарай бөлінетін болған. Биыл кішкентай қызымыз мектеп табалдырығын аттап, дайындық бөліміне барды. Қажетті көрнекілік оқу құралдарының саны 13-ке жететінін естігенде сене алмадым. Соңын ала үйге алып келген кітаптарын санағанда рас екеніне көзім жетті. Баяғыда біз де дайындықта оқыдық. Сол кезде 20 шақты әріпті қамтыған шағын әліппемен сауатымызды ашқанымыз әлі есімде. Сонда біздің сол кездегі қабілет-қарымымыз төмен болғаны ма? Сөйтсем бұның қабілетке түк қатысы жоқ екен. Бар мәселе бизнеске барып тірелетінін кейіннен ұқтым. Кітап көп болған сайын баспаларға ақша көбірек түсетін болса керек. Ал құзырлы орындар болса бұл ісін жастарға заманауи білім берумен бүркемелейді. Тіпті, «Батыста солай, біздеде солай болуы керек» деп, қысқа ғана жауап қайырады. Өркениеттің көшінен қалмау үшін жанталасып, базар жағалап, кітап сатып алуға ұмтыласың. 

Бекер обалы ғана 13 кітаптың 12-ін мектебі тегін берді. Тек біреуін ғана сатып алдық. Содан әлгі көрнекі құралдарды парақтағанымда олардың бәрі Стамбулда басылғанын көріп таңғалдым. Әдетте Қазақстан Орталық Азияның бірқатар елінің валюталарын басып жатыр деп мақтанғанымызда кеудемізге нан пісердей болады. Ал дайындыққа баратын балалардың шағын кітапшасын Түркияда басқанымыз қалай? Кітап басу ақша басқаннан қиын болғаны ма? Кітап пен оқулық басуға соншалықты индустриалдық-инновациялық бағдарлама керек емес шығар... Ендеше, біздікі қандай әумесерлік?!

Жарбол КЕНТҰЛЫ.



Рекомендовать
Последние новости