Оңтүстіктің көкөніс көлемі артып келеді

Dalanews 07 июн. 2017 06:15 702

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35-36 қадамдарында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу жайы қарастырылған.

Осы орайда өнімдерін нарықтық айналымға енгізіп, шетелге экспорттап үлгерген Шардарада Жаушықұм ауылдық округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы қарбыз егумен шұғылданады.  Жақында диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Якутия автономиялық республикасына жөнелтті. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 гектар алқапқа жамылғы астына ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған  шаруалар пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тоннадан қарбыз алудан үмітті. Аудан бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары орналастырылған. Оның 100 пайызы жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Қазіргі таңда қарбыздар әлі сауда орындарына көптеп шығып жатқан жоқ. Жеңсік асты аңсап жүрген халық сатылымға алғашқы қарбыз партиясын шыққан бойда талап алары анық. Сондықтан, шаруалар нарыққа ерте шығарып, шыққан шығынның орны толтырудан үмітті.

Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың гектар  жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсіп жатса, 21 мың гектары қарбыз алқабы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының болжамынша, 1 шілдеге қауын дақылы да пісіп, өңір нарқына жол тартпақ. Алдын ала есеп бойынша биыл да аймақ диқандары 1 млн. тоннаға жуық қауын-қарбыз жинап, көл-көсір өнімге қарық болады.

Рекомендовать
Последние новости