Оңтүстіктің жаңғағы шетелге экспортталады

Dalanews 09 июн. 2017 06:18 940

Жақында Сарыағаш ауданы Жемісті елдімекенінде «Оңтүстік Қазақстанда өнеркәсіптік жаңғақ шаруашылығының болашағы және даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға көршілес Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан жаңғақ шаруашылығын зерттеп жүрген тәжірибелі ғалымдар қатысты. Жиында көптеген ұсыныс-пікірлер айтылып, жаңғақ өсіруде Оңтүстік өңірінің әлеуеті зор екендігіне ғылыми тұрғыда тұжырымдама жасалды. Ғалымдар әлемдегі жер көлемінің 7 пайызы  ғана жаңғақ өсіруге жарамды екенін айтады. Қазақстан аумағында мұндай жерге тек оңтүстік өңірі кіреді. Еліміздегі жаңғақ жемісінің 85 пайызы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі. Соған байланысты Қазақстан грек жаңғағын өндірістік өсіруге және экспортқа шығаруға бағыт алды. Алдағы 2-3 жылда елімізде жаңғақ бауларының көлемін 5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Осылайша ішкі және сыртқы сұранысты қанағаттандыру басты назарда. Жаңғақты тек шикізат күйінде емес, оны өңдеп, түрлі азықтық және дәрілік майлар түрінде дайындасақ, шет елдер тарапынан сұраныс артары анық. Жемісінен бөлек, грек жаңғағы ағашының сүрегі жиһаз дайындауда, жапырағы, дәнінің қабығы медицинада және парфюмерияда пайдаланылады. Дәні тағам ретінде пайдаланылады. Осыны өндірістік жолға қоя білсек, ұтылмайтынымыз анық. Себебі, эколгиялық таза, сапалы өнімге қызығушылық ешқашан төмендемейді.

Көршілес мемлекеттер арасында жаңғақ шаруашылығы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда жақсы дамыған. Конференцияға келген ғалымдар  жаңғақ өсірудің  құпиялары мен технологияларын түсіндіріп, тәжірбиелерімен бөлісті. Шет елдік ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда жаңғақ шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Семинар барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков:

- Оңтүстік Қазақстан облысы грек жаңғағын және миндаль өсіру үшін қолайлы орын болып табылады. 2020 жылға дейін жаңғақ жеміс дақылдарын дамыту бағдарламасына сәйкес, облыста жаңғақ жеміс бауларының санын арттыру, жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Сол кезде өңірімізде  жаңғақты экспорттау мүмкіндігі пайда болады, - деді.

Облыста жаңғақты дақылдар негізінен жеке  шаруашылықтарда 300  гектар алқапта өсіріледі. Шетел нарығында 1 келі жаңғақ  10 долларға пара-пар. Яғни жаңғақты экспорттау ел диқандары үшін мол табыс алып келеді.  Ағымдағы жылы өңірде жаңғақ дақылын 400 гектарға отырғызу межеленіп отыр. Жаңғақ баулары  негізінен  Қазығұрт, Төлеби, Сарығаш және Түлкібас аудандарында  егіледі. Және аудан тұрғындарының үйлерінің ауласында өсірілетін жаңғақтарды сатып алу жоспарда бар. Осы арқылы жиналатын өнім көлемін арттыруға болады.

Айта кетейік, Елбасы «Қазақстан - 2050» Стратегиялық Жолдауында қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін айта келе азық-түлік тауары экспортын арттыруды тапсырған болатын. Егер Оңтүстікте жаңғақ шаруашылығы дамитын болса жарқын экспортқа да жол ашылатыны сөзсіз.

Дереккөз: "Ойнет" сайты


Рекомендовать
Последние новости