Оңтүстіктегі 30 отбасы Солтүстік Қазақстанға көшті

Dalanews 02 июл. 2016 18:02 978

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан 30 отбасыдан тұратын көш жексенбі күні Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлап отыр. 

Сарыағаш қаласының тұрғыны 53 жастағы Айбөбі Дүйсенбі Солтүстік Қазақстан облысы Шоқан Уәлиханов ауданының Алқатерек ауылына қоныс аударып бара жатыр. Отбасындағы 5 адаммен үйсіз, жұмыссыз жүрген Айбөбі жаңа мекенде баспана мен жұмыс табылады деп үміттенеді.
– Бір ай бұрын балам Алқатеректің тыныс-тіршілігімен танысып келген. Ұлым – дәнекерлеуші, келінім – тәрбиеші, өзім – аспазшымын. Әкімдігі жұмыс тауып беруге уәде етті. Ол жақта үй бағасы да арзан екен. Көшуді ұйғардық, - дейді ол.

Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Шірінбек Ешанқұловтың Азаттыққа айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уәлиханов және Ақжар аудандарына қоныс аударып бара жатқан 30 отбасындағы жандарға мемлекеттен квота бөлінеді.
– Мысалы, отағасына 105 мың теңге, ал отбасының әрбір мүшесіне 75 мың теңге шамасында қаржылай көмек беріледі. Бұл тек қана көшіп барғанда бір реттік берілетін көмек. Көшіп барғандар мүмкіндінше баспанамен, жұмыспен қамтылатын болады, - дейді шенеунік.

Халық тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан аймағынан егін және мал шаруашылығын дамытуға жұмыс күшіне сұраныс бар елдің солтүстік өңіріне қоныс аудару басталғанына үшінші жыл.

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, биыл жыл басынан бері Сарыағаш ауданынан 140 мүшесі бар 28 отбасы Солтүстік Қазақстанға көшіп кеткен.

Рекомендовать
Последние новости