Оңтүстікте мереке қарсаңында 766 ана алтын мен күмістен алқа тақты

Dalanews 13 мар. 2018 10:59 993

ҚР Президентінің Жарлығымен халықаралық әйелдер мерекесіне орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы 766 көпбалалы ана алтын мен күмістен алқа тақты. Оның ішінде 167-сі «Алтын алқа», 559-ы «Күміс алқа» иегері атанды. Құрметке бөленген алтын құрсақты аналарымыздың басым көпшілігі Шымкент қаласы мен Мақтаарал, Сарыағаш және Ордабасы аудандарынан болып отыр.

Жалпы облыста өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Бұлай дейтініміз Оңтүстік Қазақстан облысы көп балалы аналар саны бойынша республикада көш бастап тұр. Бүгінде өңірде көп балалы аналар саны 98 600-ден асты. Оның 3 998-і «Батыр аналар», ал 16 361-і «Алтын алқа» белгісінің иегері болса, 42 724-і «Күміс алқа» таққан. Бұдан бөлек, облыста 6 906 ана І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.

Өңірде ана мен бала өлімі азайып, демографиялық потенциал жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2017 жылы ана өлімінің көрсеткіші 14,4 пайызға төмендесе, нәресте өлімі 3,4 пайызға кеміген. Ал ана мен бала өлім-жітімін төмендету бойынша облыста жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді.



Атап айтқанда, №2 Шымкент қалалық перзетхана мен ШҚҚА, ШҚА№1, Ақсукент, Кентау, Сарыағаш, Бәйдібек, Ордабасы, Жетісай, Түлкібас перзентханаларында маман және материалдық-техникалық ресурстары жоғарылатылып, ІІ- ші деңгейге ауыстырылды. Сонымен қатар, қосымша педиатриялық 110 төсек-орын ұлғайтылса, №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасы базасында 15 төсек орындық паллиативтік көмек және күтім көрсету бөлімшесі ашылды. Бұдан бөлек, республикада алғаш рет жүйке аурулар паталогиясымен 3 жасқа дейінгі балаларға оңалту орталығы іске қосылып, балалар стоматологиялық емханасы тәуліктік жұмыс режиміне көшірілді.

Айта кетейік, жыл сайын 80 мыңға жуық немесе елдегі әрбір 5-ші сәби Оңтүстік өңірінде дүниеге келеді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости