Оңтүстікте маңызы бар алты жол жаңаратын болады

Dalanews 10 июл. 2017 04:17 938

Оңтүстік Қазақстанда жыл соңына дейін облыстық маңызы бар алты автомобиль жолы қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Тиісті жұмыстарды бастауға таяуда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттардың қолдауымен қомақты қаржы бөлінді.

Атап айтқанда, осы жылдың екінші жарты жылдығында Сайрам ауданының орталығы Ақсукент пен Шымкент қаласын қосатын күре тамыр жол - облыстық маңызы бар КХ-97 «Ақсу-Қабылсай-қала қоқыс орны» автомобиль жолының 10-18 шақырымы қайта құру жұмыстарынан өтеді. Жобаға сәйкес, қолданыстағы жолдың (7-9 м) ені 14 метрге кеңейтіліп, екі шетінен суағар, жарық шамдары және аяқжолдар салынатын болады.  Жолдың 14 шақымындағы («Эльнұр» тойханасының маңы) жер үсті темір жол өтпесінің жанынан екінші өтпе құрылысы жүргізіледі. Мұндай қайта құру жұмыстары Сайрам тұрғын алабы мен Шымкент қаласын қосатын облыстық маңызы бар КХ-83 «Шымкент-Сайрам-Қарамұрт» автомобиль жолының 0-8 шақырымында да жүргізіледі. Онда да қолданыстағы жолдың (7 м) ені 14 метрге кеңейтіліп, екі шетінен суағар, жарық шамдары және аяқжолдар салынатын болады.

Бөлінген қаржыға бірқатар көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мәселен, Сайрам ауданындағы КХ-82 «Шымкент-Ленгір-Достық-Қасқасу-Көксәйек-Сайрам» автомобиль жолының 83,8-103,3 шақырымы мен аталған аудандағы КХ-83 «Шымкент-Сайрам-Қарамұрт» автомобиль жолының 8-26,1 шақырымы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Сонымен қатар, осы сынды шаруалар Төлеби ауданындағы КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ-М32 р/ж» автомобиль жолының 0-3 шақырымы мен Қазығұрт ауданындағы КХ-85 «А-2 р/ж-Актас-Рабат-А-2 р/ж» автомобиль жолының 0-30 шақырымдарында жасалады деп күтілуде. Айта кету қажет, Қазығұрттағы аталған жол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің «Шымкент-Ташкент» бағытының 1 учаскесін салу кезінде айналма жол қызметін атқарып, жолдың жағдайы жарамсыз күйге жеткен-ді. Жобаға сәйкес қолданыстағы жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекен аумағында аяжолдар мен жарық шамдары салынатын болады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Рекомендовать
Последние новости