Оңтүстікте әлеуметтік сауда орталықтары ашылады

Dalanews 30 окт. 2017 15:03 756

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев селекторлық режимде өткен аппараттық жиында азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және тауар өндірушілер мен диқандарға өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік базар ашуды аудан, қала әкімдеріне тапсырды.



[caption id="attachment_31659" align="alignright" width="318"] Фото. Самат Мырзалиев.[/caption]

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында өңірде бір ай көлемінде әлеуметтік базарлар ашуымыз қажет. Ол үшін Шымкенттен 1-1,5 гектар жер қаралып, талапқа сай жасақталуын, ал ірі аудандар 70 соттық, кіші аудандар 50 соттық жер бөліп аз уақыттың ішінде тауар өндірушілерге өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалу керек, – деді әкім. Сонымен қатар, аймақ басшысы әлеуметтік  базарларда өнімдер ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне бәсекелесетіндіктен  және  тауар өндірушілермен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы өнім бағасын төмендетуге мүмкіндік туатынын атап өтті.

Мәжілісте сөз алған облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Жұмашбеков жалпы обыста әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағаларының күрт өсімі орын алмағанын және тауарларға жетіспеушік байқалмайтынын мәлім етті.

Оның айтуынша, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс аумағындағы сауда орындарының басшыларымен бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде меморандумға қол қойылған. Сонымен қатар, ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін өткізу арқылы баға тұрақтылығы сақталуда. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 77 жәрмеңке өткізілген болса, онда жалпы соммасы 639,3 млн. теңге болатын 842,1 тонна азық-түлік таруарлары сатылған. Яғни, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкедегі тікелей сатылымының есебінен бағалар нарықтағыдан төмен болған. Бұдан бөлек, ол  ӘКК тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша жалпы соммасы 752,3 млн теңгені құрайтын фьючерлік/форвардтық  келісім шарттарға қол қойылғанын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында – 1 мың тонна қант,  2 мың тонна картоп,  1 мың тонна пияз, сәбіз 1 200 тонна,  күріш 70 тонна, ал  сиыр еті  200 және 30 тонна макарон өнімдері бар.  Мұнан бөлек, қоймада өткен жылы алынған тауарлардан қалған 2500 тонна ұн, 1 244 тонна қант және 69,1 тонна күріш сақталуда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі азық-түлік бағаларының өсуі халықты алаңдататын ең маңызды мәселе екенін айтып, әрбір аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың күнделікті тұтынатын тауар бағаларының өсуіне жол бермеуді нықтап тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости