«Оңтүстік қолөнершісі» жобасы дәстүрімізді насихаттап, туризмді дамытады

Dalanews 18 янв. 2018 09:28 851

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы бойынша 300 қолөнерші 3 айлық мерзімді оқумен қамтылатын болады.

Мамандарды оқытумен айналысатын қолөнер шеберлеріне әр оқушыны оқытқаны үшін ай сайын 30 мың теңгеден төленбек. Дипломы бар қолөнер шеберлерін сабақ беруге немесе тәжірбиелік тәлімгер шебері (мастер наставник) ретінде жұмысқа тартатын боламыз. Бұл туралы Шымкент қаласындағы Бейсбековтер отбасылық жеке «Алтын Орда» галереясының жұмысымен танысу барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.



Шара барысында облыс әкімі мен қонақтар «Алтын Орда» галереясының шеберханаларында ұйымдастырылған алаша, кілем, тері, зергер, керамика, тоқыма бұйымдары қойылған қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.

– Биыл 7 мың адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдауды жоспарлап отырмыз. Соның ішіндегі маңыздысы – «Оңтүстіктің қолөнершісі» курсы болмақ. Аталған курсқа қатысушыларға ай сайын 16 759 теңге көлемінде стипендия төленеді. Сондай-ақ, басқа елді мекеннен келушілерге жол жүру ақысы ретінде 9 620 теңге, тұрғын үйді жалдауға 12 025 теңге төленетін болады. Курсты үздік бітірген 20 түлекке облыс әкімінің арнайы гранты ретінде 240 мың теңге тағайындап отырмыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Қазақстан Қолөнер шеберлері одағының облыстық филиалының төрағасы Болатбек Бейсбеков өңіріміздегі қолөнердің бүгінгі жай-күйін баяндап, өңір басшысына «Қолөнер шеберлері орталығы» жобасын таныстырды.

– Ұлттық өнерімізді ұлықтайтын мұндай ерекше жоба Оңтүстік өңірінде облыс әкімі Ж. Түймебаевтың бастамасымен алғаш рет қолға алынып отыр. Рухани жаңғыру аясында жүзеге асатын бұл жоба қазақтың ата кәсібін, салт-дәстүрін насихаттауға керемет мүмкіндік туғызады. Туризмді дамытуға да тікелей ықпалы тиеді. Бастаманың нәтижесінде небір талантты шебер жастардың өсіп шығатынына сенімім кәміл, - деді Болатбек Бейсбеков.



Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Қолөнершілер Одағының 23 мүшесі бар. Олар бүгінге дейін «Шеврон» компаниясының қолдауымен Үндістан, Малайзия, Түркия, Түркменстан, Непал, Қытай, Тайланд елдерінде қазақ қолөнерін жоғары деңгейде танытып жүр.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/33401

Рекомендовать
Последние новости