Өңірді өрге сүйрейтін жолдардың жағдайы қалай?

Қуаныш Ермекова 24 июн. 2024 12:54 4757

Еліміз жер көлемі жағынан тоғызыншы орында екенін мақтанышпен айтамыз. Ал енді осынау ұланғайыр даланы, о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын елді бір бірімен байланыстыратын жол сапасының халықтың талабы мен тілегіне сай болуының маңызы зор. Күзде батпаққа батып, қыста қардан жүре алмайтын болса жолда жүрген ағайынның да наразылығы күшейе бермек. Осы орайда соңғы жылдары еліміздегі жол сапасын арттыруға үлкен талап қойылып отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар  да аз емес.

 

Жол сапасы жақсы болса ең алдымен өңірлер дамиды

Атап өтер жайт, еліміздегі жол сапасының жақсы болуы ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әлеуетінің жақсаруына серпін береді. Алыс беріс дамыған елде ел экономикасы да көтеріліп, өңірлеріміз көркейе түседі.

Еліміздегі жолдарға сараптама жасай кетсек, республикалық трассалардың 92 пайызының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде екен. Ал жергілікті жерлердегі маңызы бар жолдардың 87 пайызының жағдайы жақсара түскен. Оның үстіне соңғы жылдары ел Үкіметі ақылы жолдардың санын арттырып барынша халыққа халықаралық деңгейдегі сапасы жоғары жолдардың қызмет етуіне жағдай жасауда.

Ал Алматы секілді ірі қалалардағы көлік тығыны мәселесін ушықтырмау үшін қаланы айналып өтетін үлкен айналма автомобиль жолын салып, барынша тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға тырысып жатыр. Айналып келгенде мұның барлығы өңірлерімізді дамытып, жол сапасын жақсартып тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін іске асып жатқан шаралар.

Таратып айта кетсек, қазіргі таңда Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау облыстарындағы ішкі жолдар сапасы біршама жақсарған. Сапалы жолдар үлесінің артып отырғаны да байқалады.

 Ал енді батыс аймақтардағы жол сапасы әлі де болса сын көтермей тұр. Бұл аймақтарға қазіргі таңда басымдылық беріліп, сапалы жолдардың үлесін арттыруға жағдай жасалып жатыр. Мәселен көлік министрлігінің мәліметінше биыл елімізде 12 мың шақырымнан астам жол салу және жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр. Оның бес мың шақырымнан астамы республикалық маңызы бар жолдар саналады.

Сондай-ақ, биыл автожол саласында маңызы бар бірнеше жобаны аяқтау да көзделіп отыр. Оның бірі Шығыс Қазақстан облысындағы ең ұзын көпір болса, екіншісі Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақстандағы ең ұзын автомобиль тоннелі саналатын 840 метрлік тоннел пайдалануға берілмек. Бұлардың екеуі де көлік қатынасы мақсатында маңызды жобалар саналады.

Сондай-ақ, еліміздегі жолдардың 92 пайызы республикалық жолдар болса, 87 пайызы өңірлік жолдар санатына жатады. Жолдардың сапасы жағынан жоғарғы көрсеткішті 98 пайызбен Жамбыл облысы топ бастаса, Батыс Қазақстан облысы 52 пайызбен жолдардың сапасы бойынша көш соңында келеді. Қазіргі таңда осы еліміздің батыс облысындағы жолдардың сапасын жақсарту міндеті тұр.

 

Жолды салу ғана емес, сапалы салу да басты міндет

Жол салу арқылы азаматтарымызды да жұмыспен қамтып отырмыз. Мәселен жол-құрылыс жұмыстарына жылына шамамен 200 мыңға жуық адам тартылады. Яғни, жергілікті жерлерде осынша адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының желісін дамыту және күтіп ұстау, құрылыс пен қайта жаңартудың сапасын бақылау бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің берген ұсыныстары негізінде жергілікті жердегі басқарушы орындардың жауапкершілігі ескеріледі.

«Аумақтарды дамыту» ұлттық жобасы негізінде бұл талап міндеттелген.  Сондықтан жолдардың сапасы үнемі жергілікті жерлердің бақылауында. Дегенмен мұнымен шектеліп қалмай Премьер-Министр Олжас Бектенов үнемі жол сапасына қатысты ескертуі мен қадағалауын биік мінберден сөз етіп келеді. Соның негізінде жолдарды салу кезіндегі жіберілген олқылықтар Үкімет тарапынан үнемі қадағалауда. Сондықтан жол сапасы талапқа сай болады деген үміт зор.

Биыл да елімізде автожол саласы бойынша бірнеше ірі жобалар пайдалануға берілмек. «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» және «Талдықорған – Өскемен» жолдары пайдалануға берілсе мыңдаған адам сапалы жолдың рахатын көрмек.

Қазірдің өзінде қарқынды жұмыстар жүріп жатқан бұл жолдарды сапасы да тиісті орындардың қадағалауында. Бұдан бөлек шамамен 2,5 мың шақырым республикалық жолдарда жөндеу жұмыстары қолға алынып, суық түспей пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Яғни осыған дейін берілген жолдарды күтіп ұстап, кем кетіктерін үнемі жойып отыру да тиісті орындардың қадағалауында.

Рас, жергілікті жолдарға қатысты халықтың шағымы жиі айтылады. Әсіресе көктем кезінде Жезғазған, Қызылорда, Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындарынан көп шағым айтылды. Облыстардың арасын бацланыстыратын жолдарда батпаққа батып, одан қалды шұрық тесік жолдардан мазасы қашқан халықтың наразылығы да түсінікті. Сондықтан аталмыш жобалар ең алдымен халық көңілінен шықса игі дейміз.

 

Маман пікірі

Әбді Қиялбаев, жол саласының маманы, техника ғылымының докторы, профессор: «Жолдарымыздың сапасы жыл санап жоғарылап келеді»

– Шыны керек жыл сайын жол сапасына қатысты айтылатын шағым көп. Өйткені жолдың ұзындығы айтарлықтай, оның сыртында республикалық, халықаралық маңызы бар жолдарымыз көп. Сондықтан еліміздің дамуы жолмен тығыз байланысты дер едім.

Рас, кейде алғашқы қар жауып жатқанда жол салынып жатты деген секілді сындар айтылады. Бұл жол салушыларға қатысты нәрсе емес. Жол салу ісін ұйымдастыру жүйесіндегі олқылықтар дер едім. Ақша бөлініп, жол салушылар сол іске кірісем дегенше сондай уақыт өтіп кетіп жатады. Дегенмен қазір халықтың, сарапшылардың пікірін ескеріп, бұл олқылықтар түзетіліп келеді. «Көш жүре түзеледі» дегендей ол кемшіліктердің жойылатынына сенемін.

Рас салада айтылып жүрген тағы бір әңгіме ана бір елдің жолдары елу жылға шыдайды, біздікі бір жыл ғана деп жатады. Жол сапасының сақталуына сол жердің ауа райының, төселетін асфальт құрамының, жер қыртысының да әсері бар.

Мәселен асфальт құрамындағы зат біздің ыстық ауа райына төзбеуі мүмкін. Сондықтан бас салып кінәлай бергеннен гөрі, осы мәселелерді зерттеу керек. Жалпы, жол салу ісінің еліміздегі үзідіксіз жүргізіліп келе жатқанына ризамын. Жыл сайын он мыңдаған шақырым жол салынып, жөндеуден өтіп, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып келеді. Сәйкесінше сапалы жолдарымыздың да көлемі артып жатыр. Саладағы олқылықтар да жыл санап түзетіліп келеді. Демек еліміз көркейіп, жол саласындағы мәселелер азайып келеді. Бастысы осы!

 

 


Рекомендовать
Последние новости