Он жыл үзілістен кейін Қаракөл көлі суға толды

Қаракөз Амантай 03 июн. 2025 10:51

Соңғы он жылда алғаш рет Талас өзенінің төменгі бөлігіндегі Қаракөл көлі суға толды. Бұл жаңалықты еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай оң өзгеріс суды тиімді әрі ұтымды бөлу нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, суару маусымы басталмай тұрып, экологиялық мақсатта су жіберу жұмыстары қолға алынған. Соның арқасында Жамбыл облысындағы Қаракөл көлі ғана емес, Сұлукөл көліне де су жетіп, Сарысу мен Талас аудандарындағы табиғи жайылымдар да тіршілік нәрімен қамтылды.

"Бастапқыда осы мақсатқа "Ойық" гидроторабы арқылы 120 млн текше метр су жіберу жоспарланған еді. Алайда сәуір айының ортасына қарай экологиялық мақсатта су жіберудің жалпы көлемі 315 млн текше метрге жетті", - деп жазылған хабарламада.

Жамбыл облысындағы "Қазсушар" филиалының мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, Талас өзені арқылы жіберілген судың Сарысу және Талас аудандарына жеткеніне көз жеткізді.

Министрлік хабарлағандай, өз кезегінде жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыс үшін жауапты ведомстволарға алғыс білдіріп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости