"Нұрлы жер" бағдарламасымен 10 сотық жер берілмек

Dalanews 09 сент. 2016 08:39 980

Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасының қолға алынатынын мәлімдеді. Аталған бағдарлама аясында бос жатқан жерлерге инженерлік коммуникацияларды тартып, жеке үй салып алу үшін 10 сотық жер учаскелерін беру көзделіп отыр, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

Президенттің айтуынша, бүгінде тұрғын-үй (көп қабатты үйлер -авт.) құрылысына арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламаларлың қолға алынғанына қарамастан xалықтың баспанаға деген мұқтаждығы жоғары болып тұр.

– Біз аталған проблеманы шешудің жаңа жолын ұсына аламыз. Осыған орай, Үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеуді тапсырамын. Бұған дейін «Нұрлы жол» болса, енді "Нұрлы жер" болады. Оған қазіргі бағдарламалардың тетіктерін (ипотека, жалға алу, тұрғын үй жинақтары - авт.) енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын-үй салуға басымдық беру керек», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы әрбір азаматқа 10 сотық жер тиесілі екенін жеткізді. Алайда ол жерді беру инженерлік коммуникациялар болуы шарт. Ондай жерде жарық, электр энергия мен су құбырлары тартылуы қажет.

– Сондықтан алдымен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жасап беру керек. Сол кезде жеке үйді салатындардың шығындары азаяды. Демек, біз жеке баспанаға кететін шығындардың 30 пайызын өз мойнымызға алып отырмыз, – деді Президент.

Н.Назарбаевтың айтуынша, инженерлік инфрақұрылымға кететін шығындарды қайтару меxанизмін де әзірлеп қою қажет. Ал қалалардың аумағына кіретін бос жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы шарт. Соның есебінен қазақтандықтарға қалаға жақын 10 сотық жерлерді беру көзделіп отыр. Ондай жер учаскелеріне инженерлік желілерді тарту жұмысы да арзанға түседі.

Айта кетейік, 10 сотық беру мәселесі Жер реформасы бойынша қоғамдық комиссияның отырыстарында көтерілген болатын. Себебі комиссияның аьына түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болды. Бүгінде аталған мәселе "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдараламасы ретінде қолға алынып отыр.

Арман АСҚАРОВ

Рекомендовать
Последние новости