Нұркен Асанов: "Қоғамды ұлылардың өсиетімен "вакциналау" керек"

Dalanews 04 мая 2023 16:52 1437

Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі кімнің мойнында? Ата-ана баланы мектеп пен мұғалімге жүктеп қойды ма? Бала үшін нағыз ұстаз кім? «Сұрауы бар» арнасына сұхбат берген «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, меценат Нұркен Асанов  бұл мәселенің астарына терең үңіліп көрді.

  

Мейірімділікті бойына сіңірген бала кешірімді болады


– Өкінішке қарай, біздің қазіргі қоғам Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңіндегідей болып тұр. Біз қансонарда өмір сүріп жатырмыз. Құндылықтардың шатасқан заманы. «Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс» деген сұраққа ата-ана да, мұғалім де, қоғам да аң-таң.

Сіз айтқан жағдайды мен де көрдім, жүрек ауыртатын жайт. Дегенмен, ұстаз қалай да мейірімді бола білуі керек. Ал бала бұл нәрсеге неге барды, бұл – ата-ананың құзырындағы, жауапкершілігіндегі мәселе. Әрине, эмоцияға беріліп, балаға қол көтеруі ұстаздың өз мәртебесіне сай әрекет жасамағанын көрсетеді. Баланы жеке шақырып алып, бөлек сөйлесуі керек еді. Бұл жерде ұстаздың сол сәттегі әрекетін қолдамаймын.

Жан-жануарда «құтырма» деген ауру бар. Одан тек өлтіріп, көміп қана құтыласыз. Себебі вирус сияқты қалғанына жұғады. Өкінішке қарай, қоғамда жастар арасында «құтырма» ауруы пайда болды. Оның алдын алу үшін вакциналау керек. Ол үшін сіз бен біз, ата-ана, мұғалім, мемлекет қолға алмаса, осындай әр оқиғаға бейжай қарасақ, індет ретінде жайыла береді. Оған  тоқтау бола қоймайды.

Сондықтан вакцинаның ішінде ата-бабамыздың, ұлыларымыздың өсиеті болуы керек. Бұл отбасы – ошақ қасынан табылады. Егер бала отбасында мейірім көріп өспесе, дұрыс емес. Біз отбасындағы кикілжіңді, қоғамдағы қатыгездікті кешірім және мейірімділікпен ғана жоя аламыз.


Мейірімділікті бойына сіңірген бала кешірімді болады. Бұл жерде ұстаз да, бала да мейірім көрмеген боп тұр.

 

Ұстаз мәртебесін өсіретін де, өшіретін де – ата-ана


– Қазақта «Жақсы әйел ердің басын төрге сүйрейді» деген мақал бар. Сол сияқты «Жақсы ата-ана ұстаздың басын төрге сүйрейді» деуге болады. Ұстаздың мәртебесін өсіретін де, өшіретін де – ата-ана. Мұны аксиома ретінде қабылдау керек. Өкінішке қарай, мектепке ата-ана «Не үшін», «Неге» деген сұрақпен барады.

Шын мәнінде, «баламызға, мектепке не істей аламыз» деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Балаға есіктен кірмей жатып «Мектепте не болды. Ұстазың не деді» деген арандатушы сұрақ қойсақ, «Маша мен аюдың» күнін кешеміз. Өйткені осы мультфильмнен нәр алған бала өтірік жылап, өтірік күле салады. Ал бала көзді ашып-жұмғанша өсіп кетеді. Мұны ата-ана да байқамай қалады. Ұстаз, қоғам, ата-баба құндылығы туралы үйде әңгіме болмаған соң ол балаға өкпелеудің қажеті жоқ.

Кезінде бізді де мұғалім ұратын, ұрсатын, зекитін. Бірақ әке-шешеміз қателік жасаған өзімізді кінәлап, екпінімізді басатын. Кейде ата-ана бала-шағасына Алладан да аса мейірімді болып кетеді. Соның зардабын қоғамнан, ортадан, ұстаздан, айналадағы достарынан да көріп келеміз. Айналып келгенде, бұл мәселе дастарқан басындағы шаруа.


Мұғалімді де ақтап жатқам жоқ. Мұғалімнің де түр-түрі бар. Індет кезінде той тойлап жүріп, онлайн сабақ бергендерді көрдім. Ұстаздық – жауапкершілік қызмет. Ол күлімсірей алмаса, мейірімді болмаса, онда дипломын қайтарып бере салсын. Ал кешегі Ахметтің ізгілігін балалардың бойына сіңіретін адам болсаңыз, алдымен рухыңызды түзеуге тиіссіз. Кейбір оқиға білімді, рухты ұстаз үшін өткінші жаңбыр болуы керек. Өткінші жаңбырдың артынан күн шығады ғой. Бірақ біз сол жаңбырдың астында қалып кетіп жатырмыз.

Бәрі отбасы – ошақ қасындағы тәрбиеге келіп тіреледі.

Жапыраққа құрт түссе, көзге көрінеді. Оған дәрісін сеуіп, емдеудің әрекетін жасайсыз. Ал дерт тамырға кетсе, өте қиын. Бұл тұқымды қайдан алғаныңызға байланысты. Ата-ана баланы берген мектебіне, ұстазына, ортасына, достарына мән беріп, зерделемесе болмайды.

Ата-ана таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, тапқан дүниені баланың үстінен төксе де, тамырға еніп кеткен дертті уақытында қарамаса қанша «вакцина» салса да кеш.

Ал бала мектепке барған бойда жапырағына түскен вирусты байқасаңыз, емдеуге мүмкіндік бар. Тамырға кірген нәрсе қиылады. Бақша иесінің міндеті – алмаға құрт түсірмеу. Оның технологиясы көп. Күніне он бес, жиырма минут  баламен сөйлесіп, дәріптесеңіз, құрт түсірмейсіз.

Анадан – қасиет, әкеден – өсиет. Сондықтан рух көтерілмей, ештеңе болмайды. Сезімді қиялға емес, қиялды арманға, арманды амалға айналдыруымыз керек. Әр ата-ана баласын тұлға ретінде қалыптастыруға амал жасауы қажет. Амал – дастарқан басында өсек емес, өсиетке толы «вакцина» болғаны дұрыс.

Баланы «аутсорсингке» беріп қойдық




– Қазақ – өте толерантты халық. Осыншама ұлтты бауырына басып, бір-бірінің шекесінен шертпей, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл – бір. Екінші – «қазақпын» деп кеудені ұра берудің қажеті жоқ. Өзімізді өркениетке жетелеуіміз керек. АҚШ «Марстан қашан үй саламыз?» деп жатқанда біз әлі аттың үстінде көкпар шауып жүрміз. Немесе ұсақ-түйек мәселені сөз етіп, жеңе алмай келеміз. Егер жүйелі жұмыс жүргізілсе, бұдан баяғыда өтіп кеткен болар едік. Бұл жерде ата-ананың ішкі дүниесін сыртқа шығармайынша, «ол не қажет етіп отыр», «қоғамда неге осындай кикілжің көп» деген сауалға мемлекеттік органдар, ұйымдар бас қатыруы керек.

Құмыраға гүл ексеңіз, үйдің сәнін келтіреді, хош иісі көңілді көтереді. Қарамасаң, ол да өледі. Тропикалық елде қысы-жазы гүлденіп тұрады. Біздің қазіргі іс-әрекетіміз құмыраға отырғызған гүл секілді. Ұрпақ, ел, жер дегенде қысы-жазы өсіп тұратын тропикалық гүлдерді егуіміз керек. Бұл қоғамның, табиғаттың жаңбырымен өсіп тұрады.

Бар нәрсені материяға тіреп қойдық. Үкіметке іліп қойдық, баланы «аутсорсингке» беріп қойдық. Бұл жерде «аутсорсинг» деп балабақша мен мектептегі ұстаздарды айтып отырмыз. Өкінішке қарай, ата-ана бүкіл жауапкершілікті мектептегі мұғалімге артып қояды.


Қазақтың құндылықтарына қазақтың өзі сеніп, сүю керек. Оны жария қылудың қажеті жоқ, тек іс-әрекетіңмен, болмысыңмен өзге ұлт арасында айтсаңыз, ешкім ақымақ емес. Сізге қарап бой түзейді, сыйлайды. Ал сіз «Неге қазақша сөйлемейсің?» десеңіз, дұрыс емес. Сынды жөнімен айт. «Сын көтермей хакім болмас, шын көгермей халқыңа жақын болмас» деген жақсы сөзім бар. Сынды басқадан емес, өзіңнен ізде! Талай азаматтар сыртта тілдің, жердің, елдің әңгімесін айтады, ал араласып, отбасына барсаң, шүлдірлесіп отырады.

«Тексіз болып шу көтергенше, текті болып ту көтер» дер едім. Мына қараңғы қоғам үшін ісіңді істе. Біз өзімізге әділ болғанда тіл, дін, рух мәселесі де шешіледі. Өзіне әділ болмаған адам ортасында туралығын айта алмайды.

Аз да болса, өзіме әділеттілігім бар, аз да болса қоғамға пайдам тисінші деп 61 адамнан тұратын, 18 филиалы бар қоғамдық бірлестікті қаржыландырып, үнімді қатайтайын дедім. Әділ болған адам туралығын айтады. Туралық пен әділдікті айтқан адам ғана талап етеді.

Қансонардағы бүркітші әлсіз болып тұр


– Қансонардағы қоғамда біз бүркітшіні дайындауымыз керек. Бүркітші – ата-ана. Таудан тасқа секірген түлкіні аулау керек. Түлкі – қоғамды айналып жүр. Бұл небір ағымдар, идеология. Бүркітші әлсіз болып тұр. Оны дайындау – сіз бен біздің, қоғам мен мемлекеттің құзырындағы дүние. Қазақтың құндылығына, отбасының және ата-ананың жауапкершілігіне қайшы нәрсе істесек, қой мен доңызды шатастырған боламыз. Екеуін шатастырудың қажеті жоқ. Қазаққа, қоғамға ғасырлар бойы айтылып келген нәрсе көп. Соны жүрекпен оқып, көңілге тоқи алсаңыз, адаспайсыз. Біз жүрекпен емес, көзбен оқимыз.

Бірде Мәшһүр Жүсіп бабамыз туған-туыстың үйінде Арқаның қысын сөз еткенде «Неге бізде мал қырыла береді?» дейді. Сонда жанындағылар «Құдайдың ісі ғой» депті. «Жаман құдайшыл келеді». Сол сары аязда торғай да ұшып жүрді, өлген жоқ. Қоян да ыршып жүрді, өлген жоқ. Неге біздің мал қырылады?» деген екен.

Сол сияқты бар нәрсені жүйелі істесек, суицид  неге тоқтамайды? Демек, мәселе өзімізде. Неге жетім-жесір көп? Тастанды сәби саны неге азаймай тұр? Көкек-аналар неге көп? Мұны Құдайдың ісі, өмірдің заңдылығы дей алмайсыз. Көрші елге қарасаңыз, төрт құбыласы түгел. Өйткені жүйелі түрде балаларына вакцинасын беріп, арамшөбін жұлып жатыр.


Өмірге келген бала – топырақ. Оған қанша құнар берсең соншалықты өседі.

Ағаш ұстасының кім болуы маңызды емес. Оның істеген домбырасын ағашының сапасына, дауысының жақсы шығуына қарап бағалаймыз. Бірақ ұста оны қандай құралмен істеді, онда шаруамыз жоқ. Сол секілді ата-ана, мемлекет, қоғам, мұғалім – ағаш ұстасы. Домбыраның әуені қайда кетіп жатыр, міне, соған қарауымыз керек. Өкінішке қарай, құлағы бұралып, басқаша шыңғырған дауыс шығуда. Содан кейін де суицид дерегі көбейіп кетті.

Соның орнына күмбірлеген дауыс әуелеп, әр қазақтың жүрегіне жетсе, бұл – ата-ананың да, біздің де жемісіміз. Біз өзегімізге оралмайынша, бұл нәрсе тоқтамайды. Өзегіміз – вакцинаның ішіне ата-бабаның ұлағатты, насихатты сөздерін сіңіріп, ұрпаққа дозасына сай беру.

Мәселе – нәтижеге емес, мақсатқа жұмыс істеу. Біздің мақсат – болашақ ұрпақты келеңсіз оқиғадан арашалап алу. Біз бүгін істеген нәрседен құмыраға отырғызылған гүл сияқты нәтиже күтеміз.

Мақсатқа қарай жүрсек, нәтиженің өзі келеді. Сондықтан мақсатқа сай жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Вакцинаны балаға ретімен, жөнімен берсек, бала да солай қалыптасады.

 Қазақты құртатын – көреалмаушылық

– Қария ашаршылық кезінде өлер алдында баласымен сөйлесіпті. «Балам, ашаршылықта аштықпен өліп барамыз. Ал тоқшылықта ашаршылықпен өлетін күн келеді» депті. Біз осыны көріп жатырмыз. Адамның қалауында шек жоқ. «Кедей – бай, бай Құдай болсам» дейді. Ата-бабамыз көшіп-қонып жүріп, бізге осыншама мұра қалдырса, ал отырықшы болған қазақ жаңа технологияның арқасында көп нәрсе істеуіміз керек. Жүректі жібітетін – қанағатшылдық, қатыратын – көреалмаушылық. Күншілдік, бақталастық түбімізге жетеді. Біз біреу үшін қуана білуіміз қажет. Ата-бабамыз ашаршылықтан да аман қалып, қазақтың туын осы күнге әкелген болса, бізге не жорық? Ертеңін ойламаған, жоспарламаған ерден, тіпті елден де ештеңе шықпайды. Өзіңе, балаңа не дейсің, мәселе – сонда.

Әзірлеген Аяулым ШАЙМАРДАН


 

 

Рекомендовать
Последние новости