Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысы марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Қадырова жауап беруден басталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот отырысы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Айыпталушылар орындығында тоғыз адам бар, олардың бірі кәмелетке толмаған.
Шерзаттың әжесі бұл оқиғаға дейін күдіктілердің ешқайсын танымағанын мәлімдеді.
"Сағат 23:00 кезінде жұмыстан келдім. Шай ішіп отырған кезімде келінімнің телефонына хабарласты. Қаржаубайдан екен, "Шерзат біреуді ұрып қойды, соған Нұрғанатты оятып жібер" деді. Нұрғанат тез-тез киініп кетті. Тыныштық емес екенін білдім де, ізінше жүгіріп шығып кеттік. Такси тоқтатамын дегенше он-он бес минут уақыт өтті. Магазинге бардық, барсақ екі жерде топ болып тұрған екен. ...Таксиден түсіп жатып Қаржаубайды да, Нұрғанатты да іздеген жоқпын, бірден Шерзатты іздей бастадым. Шерзат көрінген жоқ. Балалар олай үйіліп тұр деген ойыма келген жоқ. "Біреуді ұрып қойған екен, әжесімін ғой, барып кешірім сұрайын" дедім. Балам жеткен адамның жағасына жабысып, қол көтеріп жүрген бала емес. Шектен шығушылық болған шығар, сосын қол көтерген шығар деген ой болды", - деді марқұмның әжесі.
Жұмабике Қадырова сол күнгі оқиғаны баяндап берді.
"Шерзатты таппадым. Жолды кесіп өткен бойымда тұрған балалар жүгіріп кетті. Сол кезде Шерзатты көріп қалды. Алдынан "әй балалар" деп шыққан кезімде көк спорт киіміндегі Абзал бар күшімен тартып жіберген кезде қолымдағы телефоным ұшып, жерге құлап қалдым. Оның Абзал екенін Нұрғанат айтты... Нұрғанаттың ажалына да осы балалар себепші болды. Себебі беттестіру кезінде Нұрғанат келіп "мама, олар құмырсқаны басып кеткен адам сияқты да көріп отырған жоқ" деді. ...Бәрін бастан бастап еске түсіру де оңай емес. Өлтірген адамдардың түрін көру де оңай емес", - деп көзіне жас алды жәбірленуші тарап өкілі.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.