Нобель сыйлығының иегері С. Беккеттің Джойс туралы аңдағаны

Dalanews 28 апр. 2017 15:26 925

Беккет Джойспен жиырмасыншы жылдары Парижде танысқан. Таныстығы достықпен ұласқан. Осы кезде «Финнеганның азасы» еңбегінің жазылу барысындағы әдеби көмекшісі болған.

 «Финнеганның азасы»  романында  форма – оның мазмұны, ал мазмұны – оның формасы. Кейбіреулері мұның таза ағылшын тілінде жазылмағаны турасында шағымданып жүр. Шындығында, бұл мүлдем жазылмаған дүние. Мұны оқып керегі жоқ, мұны тек қана оқу керек және бұны көру керек, әрі тыңдау керек.

Оның прозасы әлдене туралы емес, сол «әлдененің» өзі туралы. Сезімдер маужырағанда, сөздер де көздерін тарс жұмады. Ал сезімдер теңселіп вальс билесе, сөздер де қосылып шыр көбелек айналады. Мұндағы абзацты аяқтаушы Шонның Пасторалі*:

«Ұшқындаған махаббат сезіміне шым-шым бата түсу үшін шампан толы бокалдың бүйірін сығымдай түсемін. Албырттықтың аппақ қар секілді менің сезіміме жабысқан жұмбаққа толы еліктіргіш қасиеті булыққан санамның маржандарын түйрей түседі. Сізбен бірге Мен де, құшақ жетпес байғұс та əлсіз бөксеммен ант етемін: Сізге əрқашан адал болатынымды дəлелдеймін, тік ішегім шіріп түскенше Мен сені сүйіп өтем! Долу».

Сөздердің өзі қысымның астында. Олар ойнайды және көбіктенеді. Формадан тыс биікке ұмтылған, сол форманың өзі болатын сезімдерді қақпанға әкеліп түсірген эстетикалық қырағылықты қалай анықтауға болады.

Бұл жөнінде тұтас айқын бір нәрсе айтар болсақ: «Финнеганның азасындағы» сұлулық тек қана кеңістіктің өлшемі бола алмайды. Оны ұғыну көз бен құлақтың тепе-теңдік өлшеміне тәуелді. «Аза тұтудағы» уақыт пен кеңістік біртұтас қабылданады. Джойс тілді қарапайым қалпына алып келді. Бұл жоққа саналатын, бағзыдан күрделі ағылшын тілінен әлдеқайда маңыздырақ болатын. Ағылшын тілі өте абстрактілі... Әрине, бұл дегеніміз Джойс сөздің жай ғана тұрақтанған символ екенін алғаш түсінген жазушы дегеніміз емес. Шекспир бейнелеп түсіндіру үшін қою, жылтыр сөздерді тапқан. Мысалы:
«Саған ақымақтау қалың арам шөп болу керек,
Тамырынан шіріп түскен жазғы күнгі айлақта».
«Үлкен үміттер»  романында Диккенстің суреттеуінде Темза өзенінің баяу ағысын көресің. Шығарманың толық мазмұнында, тілдің тұнықтығында, түсінде, қимылында ықшамдылығы жоқ мұндай жазушының тəсілі, біреуге шатысқан əрі тұңғиық болып көрінуі мүмкін. Бұл жерде сөздер топографиялық бояумен жазылмаған сияқты, олар – тірі. Сөздер, қағазға өздері жол табады, қанаттанады, лаулайды, күл болып ұшып кетеді.

Ішкі қуаттың шашыраңқылығы мен тіл «бұрыстығы», тура мағынасында айтқанда, форманың өзін жалаң күйінде көрсетеді... Ылғи да, бітпейтін сөздің ауызша таралуы мен дамулары болып жатады, цикл циклды алмастырады. Жамбатисто Вико мектебінің шеберлік шыңына жету үшін айтылып отырған  дәлелдер қарапайымдылыққа, лаконизмге әрі осы элементтердің бір денеде топтасуына әкеледі... Егер, ағылшын тілі әлі күнге дейін өз қажеттілігіне бола орта ғасырлық латын тіліне ұқсамағанында, онда қазіргі ағылшын тілінің басқа еуропалық тілдерге қатысы, дәл орта ғасырлық латын тілінің итальян диалектісіне қатысындай болатынына ешкім дау айта қоймас. Данте көше тілін жергілікті ура-патриотизм үшін немесе тоскандық сөйлеу диалектісінің абыройын көтеру үшін пайдаланған жоқ...

Данте диалектілердің каррозиясының кесірінен, олардың нақты біреуін таңдап алу мүмкін емес деген шешімге келеді, ал көше тілінде жазатын жазушы әр диалектінің ең таза элементтерін ала отырып, оларды, ең болмағанда, провинциалдық қарабайырлықтан ада синтетикалық тілге біріктіреді. Данте де дәл осылай жасайды. Оның тілін не флоренциялық, не неополитандық деп кесіп айта алмайсыз. Ол Италия диалектілерінің ішінен ең үздігін ғана меңгерген мінсіз итальяндықтың тілінде жазған, бірақ мінсіз итальян тілінің болмағаны секілді , мінсіз итальяндық та болмаған... Данте мен Джойстың тілге келудегі ұқсастықтарын мойындамайтындар, Дантенің көше тілінде жазғандығын айтып әуре. Ал шындығында, «Финнеганның азасы» кітабының жазылу тілінде ешкім ешқашан сөйлемеген... Латын эстетикасының жаңашылдыққа деген төзімсіздігін айтпағанның өзінде, Данте оқырманының латын тілін білгендігін әрі «Құдіретті комедияны» осы ілімінің тұрғысынан көріп, біліп қабылдағандығын естен шығармаған абзал...

Және соңыра Тазалауыштар (Чистилище) жайлы. Дантенің тазалауышы конус тәрізді, шыңға ұмтылған кейіпте. Джойстікі, тисінше, сфералық: онда самғау мен асуларға ұмтылу сезілмейді. Біріншісінде – өрлеу: шынайы «Тазалауышқа дейін» мінсіз Жер Жаннатына деген ұмтылыс бар. Екіншісінде, ешқандай даму мен мінсіздікке деген құлшыныс жоқ. Дантеде ілгерілеудегі қатаң қозғалыспен, қатаңдығы одан кем түспейтін ақырындағы жетістік бар. Джойста оның орнын дүмпулі қозғалыстар, болмаса артқа шегіну мен ақырына ұқсайтын мәре алмастырған. «Құдіретті комедияда» қозғалыс нысаналы, алға қадам басу шынымен де алға жылжуды білдіреді. «Финнеганның азасында» қозғалыс бағдарсыз немесе әр тұсқа бағытталған, сол себепті алға қадам басу, шындығында, артқа қадам басуды білдіреді. Дантенің Жердегі Жаннаты – бұл нағыз жұмаққа барар жолдағы кезең; Джойстың Жердегі Жаннаты – бұл саудагерлердің теңіз жағалауына барар жолындағы бір кезең. Күнә – конустың шыңына жетер жолдағы кедергі, сонымен бірге сфера айналасындағы қозғалыстың шарты болып тұр. Осы сәтте «Джойс туындысының Тазалауышқа қаншалық қатысы бар?» деген сұрақ туындайды. Жауабы: абсолюттің абсолютті жоқтығы. Тозақ – естен тандырар «тазаланғыштық» пен шартты түрдегі жансыздық.

Тазалауыш – қозғалыс пен қуаттың нақ өзі, осы екі күштің бірігуі нәтижесінде өмірге келген. Тазалауыштағы жұмыс дамылсыз жүріп жатыр, яғни, адамзат баласы тап болған шеңбер барған сайын тарылуда және бұл тарылудың болашағы, аталмыш екі элементтің біреуі үстем шығуына тікелей байланысты. Ешқандай қарсыласу, ешқандай жарылыс жоқ: мұндай сипат тек жұмақ пен тозаққа ғана тән немесе ол әлемде жарылысқа деген мұқтаждық жоқ. Ал жерде Тазалауыш бар. Адам баласының табиғатын кереғарлыққа толтырып жіберген Жақсылық пен Зұлымдық, бүлікшілік рухымен кезекпе-кезек тазалануы керек. Бір-біріне ажырамастай болып байланған Жақсылық пен Зұлымдық қарсыласуының соңы – жарылыс; жарылыстың соңын ала тағы да қарсыласу; одан кейін жарылыс... осылай аяқсыз кете береді. Одан бөлек ештеңе емес: не марапаттамайды, не жазаламайды, тек мысыққа өз құйрығын аңдытып қоятын жаңа айлалар өмірге келеді.

*Пастораль (Малшылар өміріндегі табиғат сәнділіктерін суреттейтін әдеби шығарма – ауд.)

Аударған Тілек Ырысбек,


«Солақайлар» әдеби клубы


 

Рекомендовать
Последние новости