Назарбаевтың көршісі вилласын 2,4 миллиардқа сатпақ

Көркем Алдабергенова 24 сент. 2024 16:18 9390

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көршісі вилласын 2,4 миллиард теңгеге сатылымға қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Вилла иесі - Нұрлан Шабдар. Ал ол Қаскелеңнің тумасы, бірнеше рет лауазымды қызмет атқарған, президенттің күзет қызметін басқарған, ҰҚК төрағасы болған Амангелді Шабдарбаевтың ұлы.


Амангелді Шабдарбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: ашық дереккөзден

10 бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 1103,8 шаршы метр. Достық пен Оспанов көшесінің қиылысында орналасқан зәулім үй 22,63 сотық жерді алып отыр. 

Зәулім сарайдай виллада жеке күзет қызметі бар. Шабдарбаевтардың үйінің бірінші қабатында ас үйі, кабинет, бірнеше жатын бөлме,монша, бассейн мен қызметтік бөлмелер бар. 

Ал екінші қабатында жатын бөлмелер, балалар бөлмесі мен тапчан бөлмесі бар. 

Үйдің аймағында да ландшафт дизайнері жұмыс істегені және жеке бағбаны бар екені көрініп тұр.  

Бір қызығы үйдің жарнамасында көршілер мейірімді және ауқатты екені жазылған. Бұлай жазылуы бекер емес. Себебі сатылымдағы үйге жақын жерде Нұрсұлтан Назарбаев тұратын көрінеді. 

Айта кетейік, қазіргі таңда вилланың жарнамасы үй сату және сатып алуға арналған танымал сайттан алынып тасталған.  

Үй иесі Нұрлан Шабдар да бір кездері күштік құрылымдарда жұмыс істеген. Ал соңғы атқарған қызметі - Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы. Ал қазір бұл қызметті Есқали Саламатов атқарады. Қазіргі таңда Шабдаровтың немен айналысып жүргені белгісіз. 


Рекомендовать
Последние новости