Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Антикордың Ақтөбе облысы бойынша бұрынғы басшысы Нұрлан Шабдарбаевтың 2,4 миллиард тұратын вилласын сатуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың сөзінше, Антикордағылар Шабдарбаевтың қымбат вилласы туралы ақпараттан хабардар.
"Антикордағы тиісті бөлімше осы мәселемен айналысып жатыр. Егер ол ресми тіркелген мүлік болса, оның меншік құқығы барын ескеруіміз керек. Бірақ бұл мәселе қаралады. Үйдің иесі кім екені, ол қандай қызмет атқарғаны құқықтық баға беруге кедергі болмайды", - дейді Сарқұлов Мәжіліс кулуарында.
Бұған дейін Нұрлан Шабдарбаевтың 2,4 миллиард болатын вилласы туралы толық жазған едік.
Нұрлан Шабдарбаев - Қаскелеңнің тумасы, бірнеше рет лауазымды қызмет атқарған, президенттің күзет қызметін басқарған, ҰҚК төрағасы болған Амангелді Шабдарбаевтың ұлы.
10 бөлмелі пәтердің жалпы аумағы 1103,8 шаршы метр. Достық пен Оспанов көшесінің қиылысында орналасқан зәулім үй 22,63 сотық жерді алып отыр.
Зәулім сарайдай виллада жеке күзет қызметі бар. Шабдарбаевтардың үйінің бірінші қабатында ас үйі, кабинет, бірнеше жатын бөлме,монша, бассейн мен қызметтік бөлмелер бар.
Ал екінші қабатында жатын бөлмелер, балалар бөлмесі мен тапчан бөлмесі бар.
Үйдің аймағында да ландшафт дизайнері жұмыс істегені және жеке бағбаны бар екені көрініп тұр.
Бір қызығы үйдің жарнамасында көршілер мейірімді және ауқатты екені жазылған. Бұлай жазылуы бекер емес. Себебі сатылымдағы үйге жақын жерде Нұрсұлтан Назарбаев тұратын көрінеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда вилланың жарнамасы үй сату және сатып алуға арналған танымал сайттан алынып тасталған.
Үй иесі Нұрлан Шабдар да бір кездері күштік құрылымдарда жұмыс істеген. Ал соңғы атқарған қызметі - Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы. Ал қазір бұл қызметті Есқали Саламатов атқарады. Қазіргі таңда Шабдаровтың немен айналысып жүргені белгісіз.