Назарбаевтар әулетінің билікке келуі халықты одан әрі тонауға әкелуі мүмкін - саясаттанушы

Қаракөз Амантай 12 сент. 2024 12:14 3099

Жақында Назарбаевтың Бұхараға сапары мен өзбек президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесуі қоғамда қызу талқыға түсті. Өзбекстан президентінің Қазақстанға, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін ұшып келуі, Назарбаевтың осы кездесуден кейін қандай әрекеттерге баратыны туралы болжамдарды күшейтті. Бұл Назарбаев әулетінің қайтадан саяси аренаға шығуға деген ынтасын арттырып, олардың ел болашағына қалай ықпал етуі мүмкін деген сұрақтар тудырады. Саяси шолушы Асылхан Мамашұлы мен саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев аталмыш жағдайға байланысты саяси болжам жасап көрді, деп хабарлайды Dalanews.kz Arasha.kz-ке сілтеп.

Саяси шолушы Асылхан Мамашұлының пікірінше, Назарбаевтар әулетінің келесі президент сайлауына тікелей қатысатындай еш абыройы жоқ.

“Оны өздері де, халық та біледі. Бірақ қолдарындағы қаржы ресусртары мен кадрларға ықпалын сайлау кезінде пайдалана алады.

Назарбаевтар әулеті Қазақстанның саяси өміріне белсенді орала алмайды. Назарбаевтар әулетінің бірқатар мүшелерін жауапқа тартудан сақтап отырған бүгінгі билік, сондықтан келесі сайлауда бүгінгі биліктің кандидатын қолдайды”, - дейді ол.

Айтуынша, Назарбаевтар әуелетінің саясатқа араласқанын қоғамның басым көпшілігі қаламайды.

“Бұл әулет кейінгі 30 жылда орнаған саяси, әлеуметтік әділетсіз жүйенің негізін салушы және әрі қарай да жалғасқанын қалайтын әулет. Ал биліктегі саяси элита үшін бәрібір. Қазақстанда саяси элита Назарбаев кезеңінен қалғандар. Олар жеке бастарына, лауазымына ыңғайлы болса кез келген кандидатураны қолдай береді.

"Назарбаевтар әулеті" – шартты термин. Қазақстан заңы бойынша нақты бір әулет кандидат ұсына алмайды. Ал кең мағына алатын болсақ бұл әулеттің белгілі тұлғалары өздеріне ыңғайлы кандидатқа жан-жақсы қолдау көрсете алады”, - дейді саяси шолушы.

Сонымен қатар ол “Назарбаевтар әулетінің ықпалы” дегеннен гөрі Назарбаев құрған саяси жүйенің ықпалы деген дұрыс деген пікірді алға тартты.

“Қазақтанның бүгінгі билігі “Жаңа Қазақстан” деген ұран жарияласа да саяси жүйкені шын мәнінде өзгерте алмады, Назарбаев құрған саяси жүйе жұмыс істеп тұр. 

Назарбаевтар әулеті өте мол ақшасы бар әулет саналады. Сол ақшаны сақтап қалу үшін барлық тәсілді қолданады. Ол – медиаресурстар, саяси ресрустар. Әзірге екеуіне де мүмкіндік бар. Заңда Назарбаевтар әулетіне ешқандай тыйым салынған жоқ”, - деді ол.

Ал саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев Назарбаев әулетінің ықпалын жоғалтпағанын және олардың алдағы уақытта саяси сахнаға қайта оралуы елге қауіпті болуы мүмкін екенін айтады.

“Назарбаевтың билігі кезінде елдің байлығы оның әулеті мен жақындарының қолына шоғырланғаны белгілі. Билікке оралу оларға өз мүдделерін әрі қарай қорғауға мүмкіндік берер еді. Бұл әулеттің билікке қайта келуі экономикалық, саяси және әлеуметтік салдарға әкелуі ықтимал”, - деді ол.

Бейсебаевтың пікірінше, қоғам Назарбаев әулетінің қайта оралуына қатты қарсы болады. Себебі олар елдің байлығын иеленіп, оны өз пайдасына жаратып келді.

“Назарбаев әулеті кезінде елдің энергетикалық жүйесі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нашарлап, мемлекет экономикасы тұралап қалғанын атап өту маңызды. Олардың қайта билікке келуі халықты одан әрі тонауға әкелуі мүмкін. Сондықтан қоғам оларды қолдамайды, ал саяси элита Назарбаев кезеңінен қалғандар болғандықтан, олардың арасында әулеттің билікке қайта келуін қолдайтындар болуы ықтимал”, - деді саясаттанушы.

Назарбаев әулеті келесі президент сайлауына қатыса ма деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, әулет ішінде ықтимал кандидат ретінде Дариға Назарбаева қарастырылуы мүмкін.

“Дариға Назарбаеваның саяси және басқарушылық тәжірибесі мол, әрі ол өз амбицияларын ашық көрсетіп келеді. Ол ұзақ уақыт бойы саясатта белсенді қызмет атқарып, түрлі маңызды лауазымдарды иеленген. Оның кандидатурасы Назарбаев әулеті үшін қолайлы болуы ықтимал, себебі ол әкесі құрған жүйені әрі қарай жалғастыра алады”, - дейді Бейсебаев.

Сонымен қатар Назарбаев әулеті басқа да ықпалды тұлғаларды президенттікке ұсынуы мүмкін екенін жеткізді.

“Бұл адамдар Назарбаев кезеңінде маңызды қызметтер атқарып, қазіргі уақытта уақытша саясаттан шеттеп қалған тұлғалар болуы мүмкін. Олар әулеттің мүддесін қорғайтын, бірақ қоғамда белгілі деңгейде қолдау табуы мүмкін кандидаттар ретінде ұсынылуы ықтимал. Әулеттің негізгі мақсаты — билікке өздеріне ыңғайлы адамды әкелу және сол арқылы өз ықпалын сақтап қалу.

Назарбаев кезеңінен қалған кадрлар қазіргі биліктің құрамында әлі де бар. Олар Назарбаевтың жүйесінде қызмет атқарғандықтан, сол жүйеге адал болып қалады. Тоқаевтың президенттік кезеңінде саяси реформалар жүргізілгенімен, Назарбаев құрған кадрлар әлі де мемлекеттік биліктің негізгі тірегі болып отыр. Бұл кадрлар саяси сахнада әлі де ықпалды рөл атқарады және оларды биліктен толық аластату оңай емес”, - деді ол.

Оның сөзінше, қазіргі билік “Жаңа Қазақстан” идеясын ұсынса да, Назарбаев құрған саяси жүйе жұмысын жалғастырып келеді.

“Назарбаев кадрлары елдің маңызды саяси және экономикалық салаларында шешуші рөл атқаруда және оларды биліктен ығыстыру үшін айтарлықтай өзгерістер қажет. Сонымен қатар, бұл кадрлар өздерінің жеке мүдделерін қорғау үшін билікте қалуға тырысады және Назарбаев әулетінің ықпалын сақтау үшін де күресуге дайын.

Назарбаев әулеті қолында мол қаржы ресурстары мен медиа ықпалы бар екенін ескерсек, олар осы ресурстарды пайдаланып, саяси сахнадағы өз рөлін күшейтуге тырысады. Олар медиа арқылы қоғамға әсер етіп, саяси көзқарастарын насихаттай алады. Сонымен қатар, олардың қолында билікке әсер етуге қабілетті кадрлар бар, бұл да олардың ықпалын сақтауға мүмкіндік береді”, - дейді саясаттанушы.

Бейсебаев Назарбаев әулетінің стратегиясы күту мен бақылауға негізделуі мүмкін екенін атап өтті.

“Тоқаевтың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін олар саяси сахнада белсенді әрекет етпеуі мүмкін, бірақ кез келген саяси қателікті пайдаланып, өз ықпалын күшейтуге дайын болары анық. Олар қоғамдағы наразылықты өз мақсаттарына пайдаланып, билікке қайта келуге тырысатыны ықтимал”, - деп сөзін жалғады ол.

Қорыта келе, Қазақстанның саяси болашағы мен Назарбаев әулетінің ықпалы әлі де белгісіз. Әулет алдағы президент сайлауында тікелей қатыспаса да, олардың қолындағы ресурстар мен кадрларға ықпал ету мүмкіндігі елдің саяси сахнасында маңызды рөл атқаруы мүмкін. Қоғам мен саяси элитаның Назарбаев әулетінің ықтимал қайта оралуына деген көзқарасы әртүрлі, бірақ олардың билікке қайта келуі елдің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін деген қауіп бар


Рекомендовать
Последние новости