Назарбаев Трампты не себепті қолдайтынын айтты

Dalanews 27 нояб. 2016 02:47 1128

Bloomberg телеарнасына берген сұхбатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан АҚШ Президенті болып сайланған «Дональд Трамп айтқан ұсыныстардың ішінде маған ұнайтыны – оның әлем экономикасын бөлшектеуге қарсылығы» деді.

Осыдан бірнеше күн бұрын Дональд Трамп «Президенттік қызметке кіріскен күні АҚШ-ты Транс-Тынық мұхиты әріптестігінен шығаруды бастаймын» деген болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың Трампты қолдау себебі оның осы мәлімдемесімен тікелей байланысты.

Транс-Тынық мұхиты әріптестігі немесе басқаша айтқанда Тынық мұхиты елдері әріптестігі – АҚШ президенті Барак Обама іске асыруға жақындаған ірі жоба. Оған Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 12 ел: Австралия, АҚШ, Бруней, Вьетнам, Жаңа Зеландия, Жапония, Канада, Малайзия, Мексика, Перу, Сингапур және Чили кіреді. Мақсаты – осы елдер арасында кеден салығын алып тастап еркін сауда аймағын құру. Яғни, ол Еуропалық одаққа ұқсас бірлестік. Тек одан әлдеқайда ірі. Тынық мұхиты әріптестігіне кіретін елдерге әлемдік жалпы өнімнің 40%-ы, әлемдік сауда айналымының төрттен бір бөлігі тиесілі. 12 елде 800 млн адам тұрады. Бұл Еуроодақтан екі есе, ал Еуразиялық экономикалық одақтан 4,5 есеге жуық көп.

Алайда, Тынық мұхиты бірлестігіне осы аймақта тұрған Қытай кірмейді. «АҚШ оны Қытайдың өсуін тежеу мақсатында құрып жатыр» деген жорамал бар. Синьхуа агенттігі аталған келісім туралы «Обама әкімшілігі геосаяси стратегиясының экономикалық бөлігі, Вашингтонды аймақтағы абсолютті үстемдікке жеткізуді көздейді» деп жазды.

АҚШ-тың өзінде бұл келісімді сынаушылар көп. Оның арқасында корпорациялар мемлекеттермен соттасуға мүмкіндік алуы ықтимал деген пікір айтылады. Тағы бір қауіп, Тынық мұхиты әріптестігі оған қатысатын елдер арасында жұмыс орындары үшін бәсекелестікті күшейтеді. Дональд Трамп болса, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын АҚШ-қа қайтаруды мақсат етіп отыр. Тынық мұхиты әріптестігін ол Құрама Штаттардың экономикасы үшін өте зиянды санайды. Одан шығу керектігін Трамп көптен бері айтып келеді. Бұл оның президенттік сайлау алдындағы басты уәделердің бірі болды. Трамп аймақтық сауда одақтары емес, екіжақты сауда келісімдері тиімді деп есептейді.

Енді Президент Назарбаевтың Bloomberg агенттігіне берген сұхбатта айтқан сөзіне назар аударайық. «Не болып жатыр, қараңыз. Таза саяси тұрғыда алайық, – деді Қазақстан басшысы. – Транс-Тынық мұхиты әріптестігі дейді, онда – АҚШ. Транс-Атлантика дейді, онда – Америка мен Еуропа. Ал біз қайдамыз? Картаға қарайықшы. Ортада біз, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан қалдық. Онда бізге де бірігуге тура келеді. Шанхай ұйымы аясында немесе әлдебір Еуразиялық үлкен бірлестікке. Сонда Дүниежүзілік сауда ұйымы қайда қалды? Әркім өзіне тартады. Еркін сауда-саттық болмайды. Патернализм болады (үлкендердің кішілерге дегенін жасатуға мүмкіндік беретін қарым-қатынас). Әлемдік сауда бұзылады. Кедергілер туады. Бұл бүкіл дүниежүзі экономикасына қауіпті. Тағы да дағдарыс болады. Трамп мырза міне осыған қарсы. Мен осы үшін қатты қолдаймын» деді Мемлекет басшысы.

Бірнеше мемлекеттің аймақтық ірі сауда одағы өзгелерді ұқсас бірлестіктер құруға итермелейді. Мұндай әріптестік біріншіден, оның өз ішінде мүдделер қайшылығын туғызуы мүмкін. Екіншіден, ол әлемдік экономиканың өзара бәсекелес бірнеше аймақтарға бөлінуіне апарып соғады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем экономикасының фрагменттелуі еркін саудаға зиян келтіреді деп отырған себебі осы.

Ержан Әбдіраман

Дереккөзі: «Егемен Қазақстан» газеті

Рекомендовать
Последние новости