Назарбаев? Құдай оған денсаулық берсін...

Dalanews 27 февр. 2017 05:00 955

Дәл осы күні осыдан екі жыл бұрын Борис Немцовты өлтіріп кетті. Дәл Кремльдің түбінде.. Немцов Путинді ашық сынаған адамның бірі-тұғын. Оның бұл тараптағы пікірін елемей, ескермей кету мүмкін емес. Көзі тірі кезінде Немцов «Forbes.kz» журналына сұхбат берген. Еуразиялық одақ, Украина, Солтүстік Қазақстан мен Қырымды салыстыра отырып біраз жерінде бетің бар, жүзің бар демей турасын айтқан. Сұхбаттың ең елеулі деген тұстарын тіліп алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 Ресейдің ең ірі сауда әріптесі кім?

Ел Қытай деп ойлайды. Жоқ. Еуроодақ. Ресейдің 50 пайыз сауда айналымы Еуроодаққа тиесілі. Тіпті 50-ден де көп! Ал Қазақстан мен Беларусьтің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Украинаның үлесі шамамен 6-7 пайыз. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады, білесіз бе? Путин алыс-беріс, барыс-келісі аз елдермен одақ құрды деген сөз. Іс жүзінде Батыс біздің ең негізгі сауда әріптесіміз, бірақ ресейлік БАҚ-тың хабарлауына қарағанда ең басты жау.

 «Одаққа демократиялық елдер ғана біріге алады»

[caption id="attachment_9366" align="alignleft" width="339"]Ресей президенті Ресей президенті[/caption]

Оның (Путиннің) түсінігі таяз. Ресейдің айналасына топтасатын бұрынғы КСРО-ға ұқсас әлденені жасап шыққысы келеді. Бұл оның қолынан елмейді. Сенімдімін. Неге? Түсіндіре кетейін.

Экономика өз алдына, мәселе осы одаққа біріккен елдердің билік жүйесінде жатыр. Табиғаты дейміз бе... Одаққа демократиялық елдер ғана біріге алады. Тарихта диктатуралардан құралған одақ жоқ. Мұндай мысалды білмеймін. Путин – диктатор. Диктатор билікті бөліспейді.

Еуроодақ қалай құрылды, білесіз бе? Еуропадағы ең соңғы диктатура – Грекиядағы "қара полковниктер" (Георгиос Пападопулос, Димитриос Иоаннидис) билігі құлағанда ғана осы одақ туралы әңгімелер айтыла бастады. Оған дейін Батыс мұны армандамаған. 

 «Назарбаев пен Лукашенко тереңдетілген интеграцияға қарсы»

Интеграцияны қолдайтындар бұл одақтың болашағы жайында не ойлайтынын білмеймін. Белгілісі, Қазақстан мен Беларусь басшылары тереңдетілген интеграцияға қарсы. Бұл айқын көрініп тұр. Назарбаевқа Путиннің тілін табу керек, тату тұруы қажет. Ол ақылсыз емес қой, Ресеймен араздасып қалса, Украинаның кебін киюі мүмкін екенін жақсы біледі.

 Солтүстік Қазақстан...

[caption id="attachment_9367" align="alignright" width="350"]original_12eac820d9fa21907a314098e08abef6 Қазақстан президенті[/caption]

Назарбаев "Путинмен тату тұрсам, Солтүстік Қазақстанға қауіп төнбейді" деп ойлайды. Бірақ, ол мәңгілік емес. Назарбаевтың көзі тірісінде Путин Қазақстанның солтүстігіне ауыз сала алмайды. Тағы қайталап айтайын, Назарбаев мәңгілік емес.

Хаостың көкесін ол кеткесін көреміз. Бұл әрбір авторитарлық жүйеге тән. Себебі, мұндай жүйелердің қалай күйрейтінін ешкім болжап біле алмайды. Назарбаевтан кейінгі Қазақстан қандай болмақ? Құдай оған денсаулық берсін.

Бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ қой. Назарбаев кеткеннен кейін Украина сценарий қайталануы ғажап емес. Айқай-шу, жанжал, жаға жыртысу... Осы сәтте Путин пайда болып, Қазақстан территориясының бір пұшпағын тартып алуға тырысады.

Таңғалатын түгі жоқ, ол Қырыммен дәл солай істеді, мұны Донбасста жүзеге асырып жатыр. Бірақ Назарбаев билікте отырғанда мұндайға жол бермейді.

 Лукашенко мен Назарбаевтың қандай айырмашылығы бар?

Назарбаев ешкіммен араздасқысы, арақатынасын бұзғысы келмейді. Өзінің азиялық саясатын жүргізеді. Айталық, Порошенкомен кездескенде Украинаның біртұтастығын қолдайтындығын ашық айтады. Бірақ, Лукашенко сияқты асырып айтпайды, салмақпен, сабырмен жеткізеді.

Лукашенко мазасыз адам. Ресейден «біз сендерден Псков мен Смоленскіні талап еткен жоқпыз, соған рахмет айтыңдар» деп айғайлайды. Айтпақшы, бұған Брянскіні де қосып қойды. Екеуінің арасы жер мен көктей. Назарбаев Қазақстанға Томды, Омбыны, Жаңасібірді қайтаруды талап етіп жатқан жоқ. Ол көпті көрген тәжірибелі адам. Ал Путин долы адам. Қазақстан президенті оның психотипін жақсы біледі.

 Қазақстан ешкімнің алақанына қарап отырған жоқ

Бұл елді Беларусьпен салыстырмаңыз. Қазақстан қалыптасқан заманауи ел. Заманауилығы жағынан путиндік Ресейден де асып түседі. Олардың мұнай-газ секторы мықты. Олар ешкімге тәуелді емес. Себебі, қу. Жан-жаққа сатады, нақты бір сатып алушының алақанына қарап отырған жоқ.

Біздікіндей Батысты жау, АҚШ-ты дұшпан санайтын даурықпаны да кездестірмейсің.

Алайда саяси қуғындалғандар, өз ұстанымы үшін түрмеге тоғытылғандар бар. Айтпақшы, Белов-Поткин деген  орыс ұлтшылы Әблязовтың ісі бойынша Ресейдің түрмесінде жатыр.

 Қазақтар ақылды халық

Еуроодақтағы елдер әртүрлі. Мұнда қуатты Германияға да, шағын Эстонияға да орын бар. Еуразиялық одақтың көшбасшы – Ресей. Кез-келген кіші елге ірі мемлекетпен экономикалық интеграцияға түскен тиімді. Неге? Бұл ауқымды алыс-беріс нарығы.

Айталық, қазақтар алма өсірсе, оны өз ішінде ғана емес, Ресейде де саудалауға мүмкіндік алады. Экономикалық интеграцияның пайдасы боларын Назарбаев түсініп отыр. Айталық, Балтық елдерінде қазір дағдарыс. Бірақ, тұрғындарының дерлігі Францияда, Италияда жұмыс істейді. Тапқан табысын елге жібереді. 

Америкада Мексика және Канадамен біріккен ортақ аймақ бар. Интеграцияның негізгі салмағы ірі елге түседі. Мысалға, Германия Грекияны арқалап келеді.

Алайда, қазақтар ақылды халық. Олар Путинге сенбейді, интеграциядан қауіптенеді. Экономиканы қойшы, оларға өз тәуелсіздігі қымбат және одан айырылғысы жоқ. Қазақтар қазіргі путиндік Ресейдің соншалықты тартымсыз кейіпке түскенін, мұндағы ксенофобия мен шовинизмнің шектен шыққанын көріп те, біліп те отыр.

 Украина

Украинаның жалғыз жауы – Путин. Ол Киев сценарийінің Ресейде қайталануынан өлердей қорқады. Майданды барынша бұрмалап жатыр. «Фашистер төңкеріс жасады» дейді. Бірақ, бұл өз алдына. Айтылып жүр ғой. 
Украина дағдарыстан шығып, Еуропамен біржолата бірігіп жатса, міне, бұл Путиннің тіпті, түсінде де көргісі келмейтін үрейі.

Егер дәл осы сценарий жүзеге асса, украиндер орысқа үлгі көрсетіп, путинизмнің тамырына балта шабар еді. Сайып келгенде, Путин қорғанып жатыр. Украинаның жоспарын күл-талқан еткісі келеді. Ресейліктер Украина халқының тура жолға түскеніне көзі жетсе, бұл путиндік жүйенің ақыры болмақ.

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости