Назарбаев пен Каримовке Ақаевтың қай шешімі жақпай қалған?

Көркем Алдабергенова 03 окт. 2024 09:28 209890

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстанның экс-басшысы Ислам Каримов Қырғызстанды 1991-2005 жылдары аралығында басқарған Асқар Ақаевты тәуелсіз медиа мен журналистерді қолдағаны үшін сынаған. Бұл туралы Ақаев «Накта» подкастында айтып берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Ақаевтың сөзінше, ол Қырғызстанда америкалық тәуелсіз медиалардың ашылуына қатты қызыққан.

«Ресми сапарлардың бірінде Freedom House ұйымы (демократияны және адам құқықтарын қорғайтын ұйым) маған премия беріп, мені тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең демократиялық президент деп таныды. Олар елімізде тәуелсіз медиаларға көмектесетін орталық ашуды ұсынды. Мен қызығушылық танытып, рұқсатымды беріп, Freedom House сол орталықты басқарумен айналысты», - дейді Ақаев.

Ақаевтың сөзінше, оның тәуелсіз медиаларды қолдау идеясын Назарбаев пен Каримов ұнатпаған.

«Көрші елдің басшылармен болған кездесудің бірінде Каримов пен Назарбаев «Әй, демократ, сен не істесең де өзің білесің ғой, бірақ сенің еліңдегі типографиядан шығатын газеттер не үшін бізді сынап, материал жазып жүр?» деді. Себебі типографиядан шыққан газеттер Алматы мен Ташкентте де таратылған», - дейді Ақаев.

Қырғызстанның бұрынғы президенті сол орталықты ашуы қате шешім болғанын айтады. Оның сөзінше, журналистердің дәлелденбеген сыни материалдарының салдарынан 2005 жылы наурызда мемлекеттік төңкеріс болған. Ақаев Freedom House мемлекеттік төңкеріс жасауды қаржыландырғанын айтады. 

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев жоғары кеңеске экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрап өтініш білдірген болатын. 

Бұл туралы Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі парламент комитетінің төрағасы Чолпон Сұлтанбекова мәлімдеді. 

Сұлтанбекованың айтуынша, Ақаевтан хат оған 5 қыркүйек күні таңда келіп түскен. Ал Жогорку Кенештің спикері Нұрланбек Шәкіевтің атына 30 шілдеде келіп түскен. Депутат Ақаевқа экс-президент мәртебесін қайтару мәселесі күн тәртібіне еніп-енбейтінін және қашан талқыланатынын түсіндірді.

«Алдымен фракциялар, олардың жетекшілері және депутаттармен келіссөздер жүргізіледі. Осыдан кейін мәселені талқылауға шығаратын күнді жариялаймыз», – деп түсіндірді ол.

Кейіннен парламент Ақаевтың өтінішін қанағаттандырмағаны белгілі болды. 

Айта кетейік, Асқар Ақаевтың ұлы Айдар Ақаев 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға үйленген болатын. Ол кезде Әлия 18 жаста болған. Айдар Ақаев 2020 жылы ақпанда 44 жасында Мәскеуде қайтыс болды. 

Асқар Ақаев – тәуелсіз Қырғызстанның алғашқы президенті. Ол республикаға 2005 жылға дейін басшылық етті. 2005 жылғы 24 наурызда Ақаевтардың отбасылық билігіне қарсы бағытталған халықтық көтеріліс нәтижесінде ол президенттік қызметтен құлатылды. Сол жылы Жогорку Кенеш оны «алғашқы президент» мәртебесінен айырды. 2010 жылы уақытша үкімет те өзінің жарлығымен Асқар Ақаевты «экс» мәртебесінен айырды.


Рекомендовать
Последние новости