Назарбаев: "Алдағы міндетім – жаңа буынның билікке келуін қамтамасыз ету"

Dalanews 19 мар. 2019 18:15 907

Назарбаев отставкаға кетті бүгін. Елге арнаған үндеуінде Елбасы тізгінді Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевқа сеніп тапсыратынын айтты. Тоқаев бұл қызметті уақытша атқаратын болады. Алда сайлау бар, демек. Назарбаевтың елге арнаған Үндеуін толық нұсқада жариялағанды жөн көрдік. 

Құрметті қазақстандықтар, отандастар!

Ардақты ағайын!


Қадірлі әріптестерім,«Нұр Отан» партиясының мүшелері!
Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер.
Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын.
Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор.
Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­– оңай шешім емес.

Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады.
Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді. 

Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды. 

Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді.

Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік.
Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық.

Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық.

Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.
Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі жүріп жатыр. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді.

Соның арқасында мұнай-газ секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алдық.
Шикізат ресурстары есебінен қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор құрылды. Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Инвестиция тартып, әлемнің барлық дерлік елдерімен сауда-саттық жүргізіп келеміз.

Еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтерді. Елдің барлық өңірін автомобиль жолдары мен темір жол желісі байланыстырады. Ал, авиация маршруттары әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік беріп отыр. 

Қазақстан тек аумағы жағынан ғана ірі мемлекетке айналған жоқ. Бүгінде азаматтарымыздың саны 18 миллионнан асты. 20 миллионға жететін күн де алыс емес.
Біз әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз – озық дамыған 30 елдің қатарына ену.

Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік. Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. 

Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық.

Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары.
Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін.

Еліміздің тарихында алғаш рет өз елордамызды тұрғыздық. Астана – барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жарқын көрінісі.
Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар.
Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін.

Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім. 

Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін.

[perfectpullquote align="full" bordertop="false" cite="" link="" color="" class="" size=""]Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады.[/perfectpullquote]

Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.

Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі. 

Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін.

Құрметті отандастар!

Біз әлемнің бір орында тұрмай, үнемі өзгеріп жатқанын көріп отырмыз.
Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаһандық жаңа технологиялық және демографиялық сын-қатерлер туындап, әлемдік тәртіп тұрақсыздана түсуде.

Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ, елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.

Әлеммен бірге біз де өзгеруге тиіспіз. Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір.

Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер.
Сонда ғана біз мықты болып, сын-қатердің бәріне төтеп береміз.
Сонда ғана біз өркендейтін боламыз.

Құрметті қазақстандықтар!
Менің отандастарым!
Мен бүгінгі сөзімді сіздердің әрқайсыңызға арнаймын.
Еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жетістікке жететінімізге сенемін.

Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін?
Болашақ қазақстандықтар білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыратынына нық сенімдімін.
Олар – әлемнің азаматтары. Олар дүниені шарлайды. Олар жаңа білім алуға құштар. Олар – еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.

Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады деп сенемін.

Бұл – бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді.

Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды.
Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады.
Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айрыламыз.


Рекомендовать
Последние новости