Наурызға бөлінген ақша? Бұл қаржы қала экономикасына қайта құйылды – Шыңғыс Мұқан

Dalanews 26 мар. 2021 10:02 1162

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әлемжеліде қызу талқыланған Наурызды тойлауға бөлінген қаржыға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның атап өткеніндей “Наурыз Шымкенттен басталады” атты мегажобаның аясында біраз дүние ойластырылған.

“Алайда эпидахуал ойды толық іске асыруға мұрша бермеді. Десе де Наурызды тек өз жұртымыз емес, халықаралық деңгейде тойлайтын, жылда бүкіл жаһан жұрты көз тігетін мерекеге айналдыруға болады екен. Көз жетті”, – дейді ол.

Оның пікірінше жаһандық мейрам ұйымдастыру да креатив индустрияға жатады. Осы тұрғыдан табиғаттың төл жаңа жылын Қазақстан «меншіктеп» алып, әлемдік деңгейге шығаруға сұранып тұр.

Шыңғыс Мұқан атап өткендей Наурыз қолдан жасалған мейрам емес. Мәселен Германиядағы Октоберфестке сыра ішуге сегіз миллион адам келеді, сакураның гүлдегенін көруге жапон жеріне он миллиондап адам келеді.

“Қолдан жасаған мейрамдарға қарағанда Наурыздай табиғаттың төл мерекесін неге Қазақстанда, оның ішінде нағыз наурыз келетін жаймашуақ Шымкентте тойламасқа?! Түптеп келгенде егер Наурызды жоғарыда аты аталған масштабқа шығара алсақ, Шымкент емес, бүкіл Қазақстанның креатив экономикасының дамуына түрткі болады. Аймақтық туристік брендіміз осылай қалыптаспай ма?”, – деген сауал қояды Шымкент қаласының әкімінің орынбасары.

Шымкент әкімдігі Наурызды ауқымды деңгейде тойлауды дәстүрлі шараға айналдырмақ. Шыңғыс Мұқан алдағы 10 жылда Наурызды бір миллион адам келіп көретін мерекеге ұластыруға мүмкіндік бар деп санайды.

Осы ретте бірер күн бойы қызу талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірген ол Наурызға қанша ақша қаралғанын айтқан екен.

“Жалпы, мәдениетке қанша ақша қаралдыдан бастайықшы. 3 млрд. теңгеден сәл-ақ асады. Былтыр Шымкент қаласының бюджеті 456 млрд. теңге болса, мәдениетке бөлінген қаржы 1%-ға да жетпейді екен.


Содан кейін қайдағы креатив экономика! Қайдағы мәдениет!

Ал енді ол қаржыға 2 мыңға жуық қызметкер айлық алып отырған 19 мекеме бар. Іс-шара өткізуге жылда 600 млн. тг қаржы қаралады. Былтыр да, биыл да, арғы жылы да солай.

Өткен сессияда 572 млн. тг қаралды. Оны Наурызға сонша ақша жұмсалды деп алақашты дүрмекке ілескендер! Бірі білмей шапқыласа, біреулер әдейі маздатады.

Шыны керек, ол ақша әлі Мәдениет басқармасының есеп-шотына түскен жоқ. Күні бүгін Наурызға әкімдік бір тиын төлеген жоқ”, – деді ол.

Оның атап өткеніндей өткен мерекені ұйымдастырушылар өз қаражатына жасаған.

“Ертең, сәуір айында әр мекеме тиынына да дейін санап, құжаттарын тапсырады. Аса ұқыптылықпен қабылдап аламыз. Ешкімнің екі басы жоқ. Сосын қаншама тексеріледі. Бюджеттің ақшасы ойнайтын зат емес.

Сонымен, Наурыз мерекесі аясында 103 іс-шара өтті. Наурызға 213 млн. тг қаралды, бірақ әлі төленген жоқ. Ертең құжаттарымен қабылдап алғанда әлі де нақтыланады.

Ал енді осы ақша желге ұшты ма? Жоқ, әрине. Мәдени іс-шараларға қатысушыларға айлық болды, конкурстардың жеңімпаздарына сыйлық болды, әйтеуір қаланың экономикасына қайта құйылды”, – деді ол.

Осы арада ол істің байыбына бармай, айқайға айдақ қосып жатқан кейбір азаматтарға өкпе-ренішін білдірген екен.

“Біреулер белгілі бір жымысқы мақсатын орындау үшін тасадан тас атса, екінші біреулер (арасында өзім танитын тұлғалы азаматтар да бар) босқа шапты. Ақпараттық лас технологияларды қолданып жүріп өздері де кірледі.

Бірақ мың алғыс! Әр нәрсенің қайыры бар. Өстіп жүріп біздің Наурыз жобамыздың, Шымкенттен басталатын наурызымыздың даңқ-дақпыртын асырды. Ел хабарланды.

Айтпақшы, осы Наурызда бүкіл қазақ еліне «Наурыз Шымкенттен басталады» деп шақырдық. Қалың бұқараны магнитше тартатын жыл сайынғы дәстүрлі символдық шара болды”, – деді ол.

Оның айтуынша шараның дақпырты күллі Қазақстанға тарап, Наурыз тойлауға халық көптеп келген.

 Әдетте мереке-демалыстарда 30-40% әрең толатын қонақүйлер 80-100% толған. Айта кетелік, Шымкенттің қонақүйлерінде 7 мыңнан астам төсекорын бар.

“Шымкенттегі Наурызға шамамен 30-50 мың адам келді. Тек қонақүйлердің мүмкіндігін есептегенде. Ағайын-тумасына қонып, пәтер жалдағандарды есепке де алмадық. Жалпы, Наурыздың экономикалық әсері 1 млрд теңгеден асты.


Енді кеше маған рестораторлар мен бірер қонақүйдің басшылары шықты. Келер жылы Наурызды осы форматта жалғастыруымызды сұрайды. Одан бөлек әр мезгілде бірегей көрмелер мен фестивалдер өткізіп тұруды өтінеді. Бұл әлі игілік пен табыстың басы.

Әбден айналыс алғанда шымкенттіктердің наурызға сай инфрақұрылымын қамдап алғандағы жетістіктерін көресіздер!”, – дейді Шыңғыс Мұқан.

Оның атап өткенінде Наурыз сәтті шыққан, сол себепті жұмыс жалғасы табады.

“Осы тойдан кәсіпкерлер табысқа молынан кенеліп жатса, қаламыз туристерге толы болса, қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджеттің кірісі артса, тек Шымкент емес, игілігін бүкіл еліміз көріп, дәстүрлі тойымыз әлеуметтік-экономикалық дамуға қызмет ететін болады. Наурыз тойының мақсаты той тойлау емес, қаламыздың дамуына сеп болу”, – деді ол.



Айта кетелік бұдан бұрын Zertteu Research Institute қоғамдық қоры өзінің Facebook әлемжелідегі парақшасында Шымкенттегі Наурыз мерекесіне 565 млн теңге жұмсалғаны жөнінде хабарлаған. Артынан әлгі тақырыпты желі белсенділері іліп әкетіп, әкімдікті “індет кезінде қыруар ақшаны рәсуа қылды” деп айыптаған.

Осыған орай Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының арнайы брифинг өткізіп, «Наурыз – Шымкенттен басталады» атты мегажобасы аясында 103 іс-шара өткенін, мерекелік жиындарға 213 млн теңге жұмсалғанын айтқан.

“Қазнетте талқыға түскен 572 млн теңге Шымкент қаласы мәслихат депутаттарының қолдауымен жыл соңына дейін өткізілетін іс-шараларға бөлінген. Ұлыстың Ұлы күніне орай 157 мерекелік жиын өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты олардың саны қысқарды”, – деді басқарма басшысы.

Рекомендовать
Последние новости