“Министрліктің жұмысы нөлде”. Депутат ТЖМ жұмысын сынға алды

Қаракөз Амантай 24 окт. 2024 15:09 4210

Депутат Ажар Сағандықова Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжәлісте Шыңғыс Әрінов ведомствоның жұмысы мен даму жоспарларына қатысты баяндама жасады.

Талқылау барысында депутат Ажар Сағандықова министрліктің жұмысын “минус 5 баллға” бағалады. Ол мұның себебі ретінде адам өлімдері мен қызметкерлердің қаза болуы кезінде ведомствоның жеткілікті шара қолданбауын атап өтті.

“Әр мемлекеттік органның жұмысына баға береміз, бүгін сіздің министрлікке де баға беремін. Алайда, әдеттегідей 0-ден 5-ке дейін емес, минус 0-ден минус 5-ке дейінгі шкала бойынша. Өйткені өрт кезінде адамдар қаза тауып, қызметкерлеріңіз опат болып жатқанда, министрліктің жұмысы нөлде тұр. Сіздердің басты міндеттеріңіз – адамдардың өмірін қорғау”, – деді депутат.

Министр Шыңғыс Әрінов сынға жауап ретінде қызметкерлердің жұмысының нәтижесі бар екенін атап өтті. Ол министрліктің көптеген түйткілдеріне қарамастан, қызметкерлер өз міндеттерін толық көлемде атқарып жатқанын мәлімдеді.

“Минус 5 баллды қабылдаймыз. Бірақ бұл баға тек маған қатысты емес, барлық қызметкеріме әсер етеді. Вице-министрден бастап қатардағы қызметкерге дейін барлығы күні-түні жұмыс істеп жатыр. Бұл – олардың адал қызметінің нәтижесі”, – деді министр.

Оған жауап ретінде депутат Сағандықова өз бағасын қызметкерлерге емес, министрліктің жалпы жұмысына бергенін атап өтті.

“Менің бағам сіздің қызметкерлеріңізге қатысты емес, олар батырлар. Бірақ Төтенше жағдайлар министрлігінің басты мақсаты – адамдардың өмірін сақтап қалу, ал ол мақсат толық орындалмай жатыр”, – деп түйіндеді депутат.


Рекомендовать
Последние новости