Алаш зиялылары туралы фильмдер түсіріп жүрген режиссер мен продюсер шетелге көшіп кетті

Сағыныш Сардарова 24 окт. 2024 14:02 3573

Алаш зиялылары туралы фильмдер түсіріп жүрген режиссер Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілда әлеуметтік желіде неге шетелге көшіп кеткенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Абай жолы", "Ахмет. Ұлт ұстазы", "Міржақып. Оян, қазақ!" секілді кесек туындылар түсірген авторлар қазір Малайзияда тұрып жатыр.
"Біріншіден, біз жаңа жобамызға бар ынтамызды арнай алатындай шығармашылық күй іздеп келдік. Елде үйіміз бен офисымыздың арасы қатты алыс болмаса да, кәдімгідей уақытымызды алатын. Кептеліс, баратын басқа да шаралар, той, шақырыс бар, сонымен уақыттың қалай өткенін білмей қалып жүрдік. Ал біздің жұмыс ондай еркелікті көтермейді, себебі дедлайн деген дәу бар, яғни серіктесіңмен келіскен уақытта шаруа біту керек, әйтпесе кез келген істі ғасырлап істей беруге болады. Шаруаның уақытылы бітіп, жұмыстың жақсы жүруіне ең жауапты тұлға - продюсер болғандықтан, мен бұл мәселені барынша қолайлы шешуге тырыстым. Әрине, көше қалсаң, ісің біте қояды деген сөз емес, бастысы ниет және тырысу, қалғанын нәтижеден күту", - деді Айсәуле Әбілда.
Продюсердің сөзінше, көшуге екінші себеп - өздерінің үй мен офисті жалдап жүруі, балалардың ақылы мектепте оқуы.
 
"Екіншіден, елде біз онсыз да үй мен офис жалдап, балаларымызды ақылы мектепте оқытып жүрдік. Әрине, оқу ақысына 100%, 70% грант алғанның өзінде тамағы мен тасымалдауын ғана төлеуге әр балаға кәдімгідей қаражат кететін, оған қоса жыл сайын қысқы дайындық бар, оның да өз шығыны жетерлік, соның бәрін есептей келе дәл сондай төлемге қай мемлекеттерде жақсырақ жағдайда жұмыс істеп, балаларымызға қосымша тіл үйрететіндей мүмкіндіктер бар деп зерттедік. Малайзияда орта білім жүйесінің жақсы дамығаны мен балаларға ағылшын, қытай тілдерін меңгеріп шығуға жайлы ортаның болуы да шешімімізге әсер етті.
Үшіншіден, жаңа елде тұрып көру - көкжиегіңді кәдімгідей кеңейтіп жібереді ғой, соны да ескеріп,
жұмыс пен өмірдің, бала-шағаны жеткізудің арасында өз дамуымызға да дем берейік деген оймен уақытша Малайзияға көштік", - деді ол.
 
Айсәуле Әбілда жаңа жобаға орай көпшіліктен қолдау сұрады.
 
"Қазіргі мендегі басты тілек - осы жобаның сәтті жүріп кетуі және аман-есен көрерменмен қауышуы болып тұр. Өздеріңіз білетіндей, біздің компаниямызда тұрақты жұмыс істейтін - екі адам ғана бар, сол жалғыз әріптесімнің сценарийі жақсы шықса екен деп уайымдап жүрмін. Артық секундыңыз болса, сіздер де бізді дұғаларыңызға қосып, тілеулес бола жүріңіздер",- деді жоба продюсері.

Рекомендовать
Последние новости