Министр Перизат Қайраттың пара үстел теннисі федерациясына қалай келгенін айтты

Қаракөз Амантай 27 нояб. 2024 16:04 864

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Biz Birgemiz қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайраттың қалай пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметіне тағайындалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, бұл шешім федерацияның ішкі саясатына байланысты қабылданған.

“Перизат Кайраттың тағайындалуы сол кездегі федерацияның шешімі болды. Қазіргі уақытта ол қызметте жоқ. Федерацияның ішкі процестері қазір қайта қаралуда. Біз федерацияларға қойылатын талаптарды қадағалап, халықаралық деңгейдегі жұмыстарға деген талаптарымызды күшейтудеміз”, – деді министр.

Еске салайық, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді. 

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша қосымша ақпаратты жариялады. Агенттік Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырғанын растады.


Рекомендовать
Последние новости