Мүгедектігі бар жандар мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие!

Қуаныш Ермекова 05 июн. 2024 10:47 3242

Соңғы жылдары елімізде мүгедектегі бар жандардың құқығы мен  әлеуметтік қорғалуына аса мән беріле бастады. Бұл өзгерістің ішінде ең алдымен оларды мүмкіндігі шектеулі деген атаудан бас тартып, мүгедектігі бар жан деп атау туралы шешімнің маңызы зор. Өйткені мүмкіндігі шектеулі деп олардың құқығын да, мүмкіндігін де шектеп, жігерін құм етіп қана қоймай, өмірге деген құлшынысын да жоғалтып тұрғандаймыз. Сондықтан қазіргі таңда еліміздегі мұндай ерекше жандар мүгедектігі бар адам деп атала бастады. Шыны керек, қазіргі таңда талай мүгедектігі бар адамдар мүмкіндігім шектеулі деместен, өзгелермен қатар еңбек етіп, өздерінің басқалармен тең екенін, үлкен жігер мен күштің иесі екенін дәлелдеп жүр. Ендеше оларға тең қоғам қалыптастырып, барлық жағдайды жасау, қоғамның бір мүшесі ретінде мемлекеттің қамқорлығын сезінту парыз!

Оларды әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі. Сондай-ақ оларға білім беру, денсаулығына қамқорлық жасау, құқығын қорғау мақсатында инклюзивті қоғам құру, инклюзивті білім беру бағытында қоғамымызда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Өйткені олардың саны қоғамның елеулі бөлігі саналатындықтан оладың да білім алып, маманданып, құқықтарының қорғалуы, әлеуметтік қамтамасыз етілуі маңызды.

Қазіргі таңда елімізде 719 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады, бұл халықтың жалпы санының 3,6%-ын құрайды. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың 422 мыңнан астамы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар болса, 189,8 мыңы – зейнеткерлік жастағы адамдар екен, ал 106,9 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Демек оларды шамасына қарай жұмыспен қамтып, кейбір өз кәсібін дөңгелеткісі келгендерді жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етіп, білім алып, мамандануына мүмкіндік беріп, қоғамның толыққанды мүшесі сезінуіне жағдай жасау уақыт талабы.

Осы орайда мүгедектегі бар адамдардың құқығы туралы айта кетсек, олар әлеуметтік қорғалуға, оның ішінде абилитациялауға, оңалтуға, қоғамға интеграциялануға; және білім алу тұрғысында мектепке дейінгі тәрбие алу мен оқуға, білім алу үшін жан жақты жағдайлармен қамтамасыз етілуге; денсаулық жағдайына орай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке; арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлеміне; кәсіптік даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға толықтай құқығы бар. Және олардың құқығы мұнымен бітпейді.

Олар инфрақұрылым, ақпараттандыру объектілеріне, көлікке, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық сайыстарға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне; өзінің сайлау және сайлану құқығын жүзеге асыруға; Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге кезекке тұрып алуға, мемлекеттік және өзге ұйымдарда, оның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқығына ие бола алады. Қарап отырсақ қоғамымыздың бір мүшесі ретінде толықтай қамтамасыз етілуі заңмен қорғалған. Демек оларды мүмкіндігі шектеулі дейтіндей ешнәрседен кенде болып отырған жоқ. Қайта қоғамның тең мүшесіндей барлық жағынан тең қамтылған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар да бар, заңнамалар да жетілдірілген.

Сонымен қатар еліміздегі мүгедектегі бар жандар түрлі әлеуметтік көмектермен де қамтылған. Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік жәрдемақылар да жыл сайын өсіп отырады. Мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек өтемақы және басқа да төлемдер қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдер бар.

Мүгедектегі бар жандарды жұмыспен қамтудың маңызы зор. Өйткені жұмыс арқылы олар өздерін осы қоғамға қажетті сезінеді. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2-ден 4% - ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді. Осының арқасында қазір жергілікті жерлерде мыңдаған мүгедектігі бар жандар жұмыспен қамтылып отыр. Азаматтарға арналған үкімет яғни, халыққа қызмет көрсету орындарында, зауыттарда жұмыс істеп жатыр.

Олар белгілі бір дәржеде салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Өз кезегінде мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтып отырған мекемелерге ынталандыру мақсатында жеңілдіктер көзделген. Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орнын жабдықтаған және арнайы жұмыс орнын құрған жұмыс берушінің шығындары өтеліп отырады. Мәселен өткен жылдан бастап жұмыс берушілердің шығыстары 300 АЕК мөлшерінде бекітілді және өтеледі. Бұл шамамен 1 млн теңге шамасындағы қаржы. Бұдан басқа, жабдықталған арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде субсидияланады. Мұның барлығы жұмыс берушілердің мүгедектегі бар жандарды жұмыспен қамту кезінде алалаушылыққа жол бермесі үшін, оларды жұмыспен қамту кезінде ынталандыру үшін жасалып отырған шаралар.

Таратып айтар болсақ, мүгедектігі бар жандардың жалақысының бірінші жылы жалақының 70% - мемлекет субсидиялайды. Бұл ретте субсидияланатын бөлік 30 АЕК-тен, яғни 103,5 мың теңгеден аспауға тиіс, 30% - жұмыс беруші субсидиялайды. Ал екінші жылы 65% - мемлекет, 35% - жұмыс беруші тарапынан өтеледі. Үшінші жыл 60% - мемлекет, ал 40% - жұмыс беруші тарапынан төленеді. Осылайша екі жаққа да тиімді жағдай ойластырылған. Осы орайда ашып айта кетсек, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылады. Яғни ұлттық жоба аясында мүмкіндігі бар жандардың жағдайы жан жақты ойластырылған.

Және де дәл осы Ұлттық жоба шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өтуге, «Электрондық еңбек биржасы»  базасында онлайн оқытудан өтуге, бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз гранттар алуға, «Ұрпақтар келісімшарты», «Бірінші жұмыс орны», «Күміс жас» жобаларына қатысуға, сондай-ақ, «Жастар практикасы» жобасына жастар қатарындағы адамдар алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу да қарастырылған. Яғни мемлекет тарапынан жұмысқа қатысты барлық  мәселелерді топтастыра отырып, ұлттық жоба шеңберінде шешу көзделген. Солардың ішінде мүгедектегі бар жандардың да жұмыспен қамтылуына тиімді жағдай жасау жан жақты қарастырылғанын байқап отырмыз. Соның арқасында бүгінде жыл сайын елімізде жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар жандардың қатары артып келеді. Осы орайда бұл шешімді сарапшылар да жоғары бағалап отыр.

Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов «елімізде мүгедектігі бар жандардың жұмыспен қамтылуына көңіл бөлініп келе жатқаны қуантады. Бұл мүгедектігі бар жандардың қоғамда бейімделуі үшін қажет аса маңызды дүние. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандардың кәсібін ашу мақсатында да төмен пайызбен және қайтарымсыз несиелердің көбірек берілуін құптар едім. Өйткені көп жағдайда мүгедектігі бар жандардың ерекше бір қыры болады. Сол бір ерекше қабілеті қандай да бір кәсіптің бастауы болуы әбден мүмкін. Біз қанша жерден жұмыспен қамтып жатсақ та, олардың көбісі көпшілік көзіне түспей жеке бір кәсібін дамытқысы келіп жатады.

Сондықтан мемлекет тарапынан жұмыспен қамтудан бөлек, олардың жеке кәсібін дамытуға да көңіл бөлген жөн. Сондай ақ жыл өткен сайын еңбекке қабілетті жастағы мүгедектігі бар жандардың жұмыспен қамтылуын біртіндеп арттыра беруіміз керек. Статистикаға сенсек, мүгедектігі бар адамдардың 420 мыңнан астамы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар болса, ең болмағанда солардың 50 пайызын жұмыспен қамти алсақ үлкен жетістік болар еді. Негізі мүгедектігі бар жандардың жұмыспен қамтылу мәселесін шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы Жобалық топ құрылған. Осы мақсатта бірқатар жобалар мен бағдарламалар да жұмыс істеп жатыр.

Осы уақытқа дейін 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мүгедектігі бар азаматтардың жұмыспен қамтылуы еселеп артса, кейінгі бағдарламалар да бұл мақсатты еселеп арттырды. Енді тек грант алып, жеке кәсібін ашатын мүгедектігі бар жандарға қолдауды арттырсақ екен» дейді.

Жалпы мүгедектігі бар жандардың жұмыс тәртібі де арнайы бекітілген. Мәселен I және II топтағы мүгедектерге аптасына ұзақтығы 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді, жыл сайын қосымша ақы төленетін еңбек демалысы ұзақтағы кемінде 6 күнтізбелік күнге беріледі. Түнгі уақыттағы жұмысқа мүгедектің келісімімен және денсаулығына байланысты мұндай жұмысқа тыйым салынбаған жағдайда ғана жол беріледі. Яғни жұмыс барысы оның денсаулығына зиян тигізетіндей болмауы қажет.

Атап өтер жайт, I және II топтағы мүгедектігі бар жандар зейнетақы төлемдерінен босатылады. Нәтижесінде бұл жұмыс берушіге тиімді жағдай. Бұл да болса жұмыс берішулерді ынталандыру үшан жасалып отырған бір жағдай. Ал мүгедектігі бар адамдар зейнетақы жарналарын төлеуді қаласа зейнетақы қорына өтініші бойынша жүзеге асырылады.

Елімізде мүгедектігі бар жандарға әуе және теміржол билеттерін сатып алу кезінде де жеңілдіктер қарастырған. Мұндай санаттағы жолаушылар билет құнынан 70% дейін жеңілдік ала алады. Таратып айтар болсақ, темір жол көлігінде мүгедектігі бар барлық топтағы адамдар мен мүгедектігі бар балалар жол жүру жеңілдіктерін билет құнының 50% – ы, ал жекеменшік тасымал құралдарында билет құнының 70% - на дейін пайдалана алады.

Мүгедектігі бар жандардың емін еркін жүріс тұруын қамтамасыз ету үшін мұндай жеңілдіктер қажет ақ. Олардың үйде отырып қалмай емін еркін жүруі үшін жасалған бұл жеңілдіктер де мемлекетіміздің мүгедектегі бар жандарға ерекше қамқорлығын аңғартады. Тіпті әлеуметтік маңызы бар автобустарда І топтағы мүгедектігі бар жандар тегін жүре алады, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар жол жүру құнының 50% мөлшерінде жеңілдік ала алады. Олардың жолдағы қауіпсіздігі де басты назарда. ІІМ және жергілікті басқарушы орындармен бірлесе отырып мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандандырылған тұрақтарда инватаксиді тұраққа қою, сондай-ақ арнайы бөлінген автобус жолақтарын пайдалану секілді мәселелер шешілген.

Мамандандырылған автотұрақтарда тұрақ құқығын пайдалану үшін инватакси тасымалдаушылары автомобильдердің алдыңғы және артқы терезелеріне "Мүгедек адам" сәйкестендіру белгісін жапсыруы да міндеттелген. Жалпы елімізде мүгедектігі бар жандардың бар мәселесін шешуге барынша тырысушылық байқалады. Сәйкесінше қоғамымыздың мүгедектігі бар жандарға барынша қолайлы, қауіпсіз қоғам құруға бейімделіп келеді. Демек тең қоғам құру жолындағы еліміздің бағыты дұрыс бағытта дамып келеді деп бағамдай аламыз!

 


Рекомендовать
Последние новости