Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар тарапынан танымал видеойындарға байланысты қоғамда жаңсақ пікір қалыптастыратын бұрмаланған ақпарат таратылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде ҚМДБ Minecraft, GTA, CS2, Dota сынды кең танылған ойындарды ислам шариғатына қайшы деп таныды деген хабарлама тараған еді.
Алайда ҚМДБ бұл ақпаратты жоққа шығарып, Исламда адамның ой-санасын тынықтырып, демалуына көмектесетін пайдалы ойындарға рұқсат етілетінін атап өтті.
ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, егер белгілі бір шарттар орындалса, PlayStation немесе компьютерлік ойындар ойнауға тыйым салынбайды. Атап айтқанда, мына талаптар ескерілуі тиіс:
• ойын құлшылықты кешіктіруге немесе мүлде тоқтатуға себеп болмауы керек;
• ойын құрамында құмарлық пен тәуелділік элементтері болмауы тиіс;
• ойын мазмұны адамның логикасын, зияткерлігін дамытуға ықпал етуі қажет;
• ойын уақыты шектен тыс болмауы керек – адамның негізгі міндеттері: оқу, жұмыс, отбасы алдындағы жауапкершілігі бірінші орында тұруы тиіс;
• психикаға, мінезге, рухани дүниеге зиян тигізбеуі шарт;
• әдеп сақталып, бейәдеп сөздерден, балағаттан аулақ болу қажет;
• ойын ішінде зорлық-зомбылықты, қылмысты, дінді қорлау мен арсыздықты насихаттайтын элементтер болмауы керек.
"Электронды ойындарға дұрыс ниетпен, белгілі тәртіппен қарап, аталған шарттар сақталған жағдайда рұқсат беріледі. Алайда дінді мазақ ететін, оны жоққа шығаратын немесе дінге қарсы бағыттағы ойындар — шариғат бойынша қатаң түрде тыйым салынған", – деп атап өтті ҚМДБ.
Сондай-ақ Діни басқарма қандай да бір “тыйым салынған ойындардың” нақты тізімін жарияламағанын ресми түрде хабарлады. Демек, желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.