«Мың бала» Ұлттық олимпиадасына қатысуға 26 мың оқушы өтінем берген

Dalanews 18 мар. 2021 15:34 1283

Білім бәскесінде балғындардың бәсі жоғары болуы үшін, Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Елбасы Академиясы түрлі зияткерлік додаларды  жүзеге асырады. Соның ішіндегі ірі жобалардың бірі – «Мың бала» Ұлттық олипиадасы.

Жарыс ауылды жерлердегі 5-6 сынып оқушылары арасында өткізіледі.  2020 жылы аталған сайыс бірінші рет бастау алған болатын. Өткен жылы, олимпиадаға Алматы облысынан 65 мыңға жуық оқушы қатысты.  Нәтижесінде 196 бала жүлдегерлер қатарынан көрініп, 107 жеңімпаз облыстағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мекемелерге емтихан тапсырмастан қабылданып,  қазіргі таңда оқып жатыр.

«Жобада үздік шыққан өрендерге, Алматы облысындағы 9 бірдей мамандандырылған білім мекемелерінде оқу үшін грант алуға мүмкіндігі беріледі.  Бір ескертерлігі, аймақтағы үздік оқу орындарына 6 сынып оқушыларының арасындағы дарындылар ғана қабылданады. Ал, 5 сынып оқитын балар арасында топ жарғандар  Елбасы Академиясының «Бірге оқу» онлайн-мектебінде пәндік дайындықтан өтеді»,-дейді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Маманқызы.

Ағымдағы жылы «Мың бала» Ұлттық олимпиадасына тіркелу жұмыстары 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында  жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін, 26 мың оқушы олимпиадаға қатысуға өтінім беріп үлгерген.  Тестілеуге  өтінім қалдыру үшін https://1000bala.elbasyacademy.kz/ сайтында қатысушының тіркелу формасын толтыру қажет.

Олимпиада екі кезеңнен тұрады.  Бірінші кезеңде,  логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауды қамтиды. Республика бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтеді. Өткен жылдың жеңімпаздары да Олимпиадаға қатыса алады, оларға тестілеудің II кезеңінен бастап қатысу құқығы берілді.

Олимпиаданың екінші кезеңі облыстық тестілеу орталықтары базасында офлайн өткізіледі. Бұл кезеңде қатысушылар,  «Математикалық сауаттылық»,  қазақ тілінде оқитын оқушылар үшін «Қазақ тілі», орыс тілінде оқитын оқушылар үшін «Орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Жаратылыстану» пәндері бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді.

«Олимпиаданы өткізу кезінде оқушылардың танымдық және академиялық дағдылары онлайн және офлайн режимінде компьютерлік тестілеу арқылы бағаланады. Олимпиада тестілерін кәсіби мамандардың мамандандырылған жұмыс тобы тест сұрақтарын әзірлеудің халықаралық стандарттарын ескере отырып құрастырды және ол Қазақстан Республикасының ауыл мектептерінің оқушыларына бейімделді»,- деп атап өтті «Жетісу Дарыны» КММ басшысы Алишер Башаров.

Мамандардың айтуынша, білім сайысы мамыр айына дейін өз мәресіне жетеді деп жоспарланған.

Рекомендовать
Последние новости