МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ

Dalanews 06 нояб. 2014 00:46 1093

29 қазан күні Үлбі металлургиялық зауыты 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Зауыт тарихы 1949 жылғы қазанның 29-ынан – кәсіпорынның алғашқы өнімі – торий оксалаты шығарылған күннен бастау алады.

КСРО Атом жобасы аясында құрылған ҮМЗ еліміздің ядролық индустриясындағы алғашқылардың біріне айналды. Ізінше бериллий, тантал және уран өнімдерін шығаратын өндірістер орындары бірінен соң бірі ашылды. ҮМЗ-да жұмыс істеу үшін беделді жоғарғы оқу орындары өздерінің үздік түлектерін аттандырды. Үлбіліктердің көп санды ұжымы алға ұмтылып, өндірісті жетілдірді, өнімнің жаңа түрлерін меңгерді.

Бүгінде Үлбі металлургиялық зауыты – өнімдері әлемнің көптеген елдеріне танымал бірегей кәсіпорын. Зауыт мерейтойға орындалған өндірістік жоспарларымен келіп отыр. Уран өндірісінде табиғи уранның химиялық концентраттарын өңдеу көлемі ұлғайды. Отын таблеткаларының партиясы әзірленіп, қытайлық тапсырыс берушілерге жөнелтілді. Бериллий өндірісінде алюминий-бериллий лигатураларын шығару арта түсті. Жақын болашақта өнімнің жаңа түрі – түйіршек түрдегі мыс-бериллий қорытпасы Қытай нарығына шығарылмақ. Тантал өндірісі металлургиялық сұрыптағы тантал ұнтағын америкалық тапсырыс берушілерге жеткізе бастады. Иттриймен модификацияланған тантал және ниобий таспаларын өндіру технологиясы әзірленіп, оларды шетелдік серіктестерге коммерциялық жеткізіп берулер жолға қойылған. Жоғары өткізгіштік сұрыптағы тазалыққа ие ниобий құймаларын өндіру технологиясы әзірленіп, ол сынақтан сәтті өткізілді.

Тантал өндірісі қызметкерлерінің республикалық «Рационализатор.kz» байқауынан табыспен оралғаны да зауыт мерейтойына лайықты тарту болды. Зауыт жаңашылдары «Жылдың үздік өнертапқыштық шешімі» аталымында екінші орынды иеледі. Бұған дейін де, 2011 жылы «ҮМЗ» АҚ осы байқаудың «Кәсіпорында өнертапқыштықты қолдаудың үздік жүйесі» аталымында жеңімпаз атанған болатын.

ҮМЗ ұжымын мерейтоймен құттықтаған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров еліміздің ядролық саласы алдында тұрған жауапты міндеттерді шешудегі кәсіпорын рөліне тоқталды.

– Қазатомөнеркәсіп құрамында жұмыс жүргізетін кәсіпорынға қазіргі таңда ядролық отын циклындағы буындардың барынша көп санына ие компания құрудай маңызды міндет жүктелген. ҮМЗ жоғарғы технологиялық уран, тантал және бериллий өнімдерімен халықаралық нарықта Қазақстан атын лайықты танытып келеді. Бұл істің барлығы көп білім мен тәжірибені, терең біліктілікті талап етері анық, мұның бәрі үлбіліктерде бар екені күмән туғызбайды.

Зауыт ардагерлері мен қызметкерлеріне қарата сөйлеген «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы  Юрий Шахворостов:

– Үлбіліктер еңбекте әбден шыныққан, қиындықтардан тайсақтамайды – ардагерлерге тән осы қасиеттер жаңа экономикалық жағдайларда зауыттықтардың қазіргі буынына да өз соқпақтарын салуға көп көмегін тигізуде. Кәсіпорын өнімнің жоғары сапасын сақтай және оның тізбектемесін кеңейте отырып, ұзақ мерзімді жобаларды дәйектілікпен іске асырып келеді.

ҮМЗ-да әр жылы зауыттың туған күні қарсаңында өндірістік және шығармашылық еңбегімен ортақ іске елеулі үлесін қосқандарға айрықша құрмет көрсетіледі. Биыл уран өндірісінің слесарь-жөндеушісі Қайдар Нұрғалиев пен тантал өндірісінің аппаратшысы Оразалы Жетеновтің есімдері зауыттың Құрмет кітабына жазылды. «Зауыт ардагері» құрметті атағын лайықты 20 қызметкер алды. 10 қызметкер Құрмет грамотасымен марапатталып, тағы 57-сіне алғыс жарияланды.  Сонымен қатар, барлық қызметкерлерге ақшалай сыйлық берілді.

Мерейтой құрметіне ҮМЗ-да салтанатты іс-шаралар жоспарланған. Зауыттың даңқты директоры В.П. Потанин және КСРО Орта машина жасау министрі Е.П. Славский ескерткіштеріне, В.Ф. Коноваловтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтары қойылады. «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасы «ULBA» мәдениет сарайында жақын шетелдерден келген қонақтар мен зауыт ардагерлеріне арнап, ресми қабылдау өткізеді.

Мерекелік бағдарлама «ULBA» ОМС-да өткізілетін концертпен жалғасады. Оған Өскемен қаласының танымал өнер ұжымдары және орындаушыларымен қатар, зауыт қызметкерлері де қатысады.

«ҮМЗ» АҚ баспасөз қызметі


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости