«Мен - Қазақпын» атты кеш өтеді (видео)

Dalanews 19 апр. 2017 07:38 1003

Ертең, сәуірдің 20 күні Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжановтың «Мен – қазақпын» атты жеке шығармашылық концерті өтеді. Әншімен арнайы жолығып, аз-кем әңгімелескен едік.

 




– Қазақтың ән өнері – синкретті, киелі өнер ғой. Сыйлар қуанышы мен шаттығы да, өзіндік қиындығы да жетерлік. Дәстүрлі ән мектебіне қалай келдіңіз?

Ия, дұрыс айтасыз. Ән өнерін түсіне білгендер оның киелі өнер екенін жиі айтады. Әсіресе, қазақтың әні мен күйін түсінетін әрқандай адам солай деп бағалайды.  Мен тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Алматы облысы Райымбек ауданы Тасаша деген жерде дүниеге келдім. Бала күннен әжемнің тарбиесінде болдым. Ал әжем халық әндерін өзінің қоңыр дауысымен құйқылжытып  айтатын. Сәдіқожа Мошанұлы, Кенен Әзірбаев, Дәнеш Рақышев қатарлы Жетісу өнерпаздарының әндерін алғаш әжемнің ауызынан естіп ержеттім. Әкем де жыршы кісі еді және әкемнің ағасы Нышан деген кісі шертпе күйді төгілдіретін. Сол әжемнің, әкемнің әндерін тыңдап, үлкен әкемнің күйін естіп ержеткендіктен осы өнерге өте жақын өстім. Бала күнгі ортам маған осындай мүмкіндік жаратып берді. Бірақ әкемнің мезгілсіз қазасы менің балаң  жүрегіме қатты соққы болып тиді. Қазақ «әкеден пұл қалғанша, ұл қалсын» дейді ғой. Әрі әкем атымды қазақтың атақты Біржан салындай болсын деп ырымдап қойғандықтан, әке өнерін аяқсыз қалдырмауға бекіндім.

Жеті жасымда тұңғыш рет сахнаға шығып ән айттым. Мектептегі түрлі ән-күй шараларына қатысып, әкем айтып жүретін термелерді айтып, халықтың ықыласын бөлендім. Кейін мектеп құшағынан аттанған соң Алматы қаласына келіп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясына бірден оқуға қабылдандым. Дәстүрлі ән кафедрасы жаңадан ашылып жатқан кез болатын. Мен осы кафедраның екінші жылғы қабылдауымен оқуға түстім. Содан төрт жыл білім алып, университетті тәмамдаған соң Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына жұмысқа қабылдандым. Құдайға шүкір, содан бері осы өнердің ыстық-суығын көре жүріп, өзімнің әншілік дарынымды халыққа паш етіп келемін.

– Қазақта «Ұстазы жоқтың – ұстамы жоқ» деген тәмсіл бар. Сіздің ұстазыңыз кім? Алдыңғы буыннан кімдерді үлгі тұтасыз?

– «Ұстазсыз шәкірт тұл» деген. Көп ұстаздың алдынан өттім. Әрбір шәкірт өзіне белгілі бір ұстазды үлгі етіп, соны пір тұтады.  Жамбыл атамыз айтады ғой : «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай»,- деп. Менің ең алғашқы ұстазым Айгерім Нартүеева болды. Одан кейін қазыргі «Құлан саз» ансамбылінің  директоры Әбзал Қуанышұлынан сабақ алдым. Сосын жыршы Ақан Абдуалин, Рамазан Стамғазеев, Еркін Шүкіманов қатарлы ұстаздардың алдынан сабақ алдым. Кейін төртінші курсқа шыққанда, төл ұстазым Ерлан Рысқалидың арнаулы тәрбиелеуінде болып, өнер академиясын бітіріп, сол кісінің қолынан қанат қақтым десем де болады. Ерлан аға біраз дүниенің ақ пен қарасын айырып, өнердің машақатты жолы болатынын түсіндірді. Ұстаздарымның артқан үміті менің өнер жолындағы жауапкершілігімді еселей түсті.

– Қоғамда дәстүрлі әнге сұраныс аз. Тіпті, дәстүрлі әннің жарнамасы да жоқтың қасы. Осы жағдай дәстүрлі әннің дамуына қандай салқындық тигізіп отыр?

– Қазыргі таңда халықтың құлағы даңғаза эстрадалық әнге үйір болып кетті. Сондықтан да эстрадалық әннің жарнамалануы ерекше жоғары. Бірақ бұл дастүрлі әннің тыңдарманы мүлде жоқ деген сөз емес. Он адамның жоқ дегенде екеуі дастүрлі әнді сүйіп тыңдайтынын кесіп айта алам. Жеңіл әнге халықтың сұранысы жоғары болған соң, дастүрлі әннің жарнамасы төмендеу әрі радио-телеарналарда арнайы бағдарламалар аз. Егер дастүрлі әндерді де жоғары деңгейде жарнамаласа, концерттер көп өткізіліп тұрса, онда бұл өнерді тыңдайтындардың саны артар еді. Дастүрлі ән ертеден келе жатқан әрі қазақтың қанында бар өнер болғандықтан,өз тыңдарманын жоғалтпас еді. Кейде жарнаманың аздығынан белгілі әншілердің концерттері жетім қыздың тойындай болып өтетін жағдайлар да кездеседі. Дәстүрлі ән кештері, республикалық байқаулар телеэкрандардан көп көрсетілмейді. Бұл да дәстүрлі әннің жастар құлағына сіңуіне тосқауыл болады. Сонау жылдары «Ән – көкпар» деген бір әдемі бағдарлама болып еді, кейін тоқтатып тастапды. Алдағы уақытта дәстүрлі ән мен күй туралы бағдарламар көбейсе, жақсы жарнамалар жасалса нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақтың бұрынғы әнші-жыршылары өз шығармаларының уақыт талқысынан өтіп, ертеңгі күнге жететінін нық сеніммен айта алған. Бүгінгі күндегі дәстүрлі ән мақамында ән шығарып жүрген замандастарыңыздың ішінен ертеңгі ұрпақ тыңдар сазгерлер деп кімдерді айтар едіңіз?

– Дәстүрлі ән жазатын адамдар қазіргі таңда санаулы-ақ. Бұрынғы әншілер әнді өздері шығарды және өздері айтты. Сондықтан да ол кісілер өздерінің әндері ертеңгі ұрпаққа жетеріне бек сенген. Ал қазір әнді біреу шығарып, оны басқа біреу орындайды. Сол үшін де кейде орындаушысын таппай жататын әндер көп. Егер өзі шығарып, өзі айтса құба-құп болатын еді. Уақыт сынына төтеп бере алатын ән жазғандардың қатарына күні кеше дүниеден өткен Тұрсынғазы Рахимов ағамызды жатқызар едім. Мұқағали Мақатаевтің сөзіне жазылған «Келші қарғам шашыңнан искейін», «Сәби болғым келеді» деген әндері әрқашанда өз тыңдарманын табарына сенімдімін. Сондай-ақ, Кентау Назарбеков, Тұрсынжан Шапай ағаларды арнайы айтуға болады. «Дариға дәурен», «Арман» әндері қандай керемет. Осы және басқа да санаулы кісілер ғана өшпес ән жазды. Бұл әндер бүгінгі күні де өз тыңдармандарын тауып үлгірді әрі ертеңгі күнге де жете алады.

 

https://www.youtube.com/watch?v=sEkAEEt5Tuc

– Алла қаласа, осы бейсенбі күні, 20 сәуірде Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өзіңіздің жеке концертіңіз өтеді екен. Осы кештің жалпы мазмұны туралы айтып берсеңіз?

– Алла амандығын берсе бейсенбі күні «Мен – қазақпын» деген есеп беру концертімді өткіземін. Есеп беру демекші, осы жұмысқа кіргеніме, міне, бес жыл болды. Толдым, толыстым демеймін. Тіпті бұл есеп беру де еме. Осы салада жүрген соң, өзімізді өзімізі шыңдап, жаңа бағыт-бағдар іздемесек болмайды. Елге бұған дейін игерген дүниемді көрсетіп, алдағы күндерге жоспар құру ойымда бар. Биыл Алаш орда үкіметінің 100 жылдығы болғандықтан, кештің атын Кентау назарбековтың «Мен – қазақпын» деген әнімен атадым.  Кеш осы «Мен – қазақпын» әнімен басталып, Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған «Қазақ осы» деген әнмен аяқталады. Кешке елімізге кеңінен танымал Сәуле Жанпейісова, ұстазым Ерлан Рысқали, Нұрғиса Тілендеев атындағы «Отырар сазы» ұлт аспаптар оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік Хор капелласы, тағы басқа өнерпаздар қатысады. Дәстүрлі ән өнерін сүйіп тыңдайтын жұртшылықты кешіме шақырғым келеді.

 Әңгімеңізге рахмет.

    Сұхбаттасқан Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ


Рекомендовать
Последние новости