Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беріле ме? Министрлік мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 05 нояб. 2024 09:10 1723

Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметшілерге төленетін сыйақы мәселесіне қатысты жағдайды түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкіметтің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақы қосу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады.

Осы қаулы бойынша шығындардың нақты тізімі айқындалған. Олар үнемделген жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығындар бойынша үнемдеу).

"Бүгінде бұл қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен, мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік бұған дейінгі хабарламаны түсіндірді.

"Осыған дейінгі хабарламада Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажет екені және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек, бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын. Инвестициялық жобаларды іске асырудан және/немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс кулуарында шенеуніктердің бюджетте артылған қаржыны сыйақы ретінде өздеріне ала алмайтынын айтқаны туралы ақпарат тарады.

БАҚ өкілдері Мәди Такиевтен шенеуніктердің сыйақы мөлшері туралы да сұраған еді. Алайда министр бұл сауалға жауап бермеді. 


Рекомендовать
Последние новости