Мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру – басым бағыт

Dalanews 21 нояб. 2017 06:28 832

Апта басында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мәжілістің пленарлық отырысында «100 нақты қадам» ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтерді көрсету барысын баяндады.

Үкіметтік сағатта депутаттар осы мәселеге қатысты сауалдарын жолдап, ой-пікірлерін білдірді. «Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қағазбастылық көп, онда неге қағазға басып шығаратын анықтамалар санын азайтпасқа?! Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік органдар қызметтерді ұсыну функцияларын мемлекеттік корпорацияға беру немесе цифрлық нұсқаға өткізуге аса мүдделі емес, бұл да өзекті мәселе. АХАТ архивтерін цифрлық нұсқаға өткізу процесін де жеделдету керек. Қордаланған мәселелерді осылай жалғастыра беруге болады», – деді Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері өкілетті органдармен бірге мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі осындай өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. «Бұл тұрғыда ең алдымен саланы мүмкіндігінше цифрландыру керек. Цифрлық қызмет көрсету аясында біз инновациялық жаңашылдықтарды енгізіп, мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті принципіне ауысып жатырмыз. Бұл орайда ақпараттық жүйелерді біріктіру аса маңызды. Бүгін біз «Paper free» сервисін енгізу, яғни қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, мемлекеттік органдар мен  жекеменшік ұйымдарға анықтамалар беру мәселесін қарастырудамыз. Егер бұл жоба іске асса, қағазға басып шығарылатын анықтамалардың саны 21,5 млн, данаға дейін қысқарар еді», – деді мемлекеттік корпорацияның басқарма  төрағасы Абылайхан Оспанов.

Пленарлық отырыс залының кіреберісінде «Азаматтарға арналған үкіметтің» стратегиялық бағыттары көрсетілген. Еліміздегі 746 мемқызметтің 621-мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері ретінде дамып келе жатқан мемкорпорация арқылы ұсынылады.

Алдағы уақытта жылжымайтын мүлікті тіркеу, азаматтық хал актісін тіркеу, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі атауландырылған есеп функциялары да корпорацияға өтпек.

Маңызды стратегиялық бағыттардың бірі – азаматтар мен бизнеске цифрлық нұсқада қызмет көрсету. Бұл тұрғыда үнемі оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып жатыр. Және жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрін жасау, проактивті қызмет көрсетуге ауысу іс-шаралары жүзеге асырылуда.

«ҚмД» ақпарат

Рекомендовать
Последние новости