Медицина қызметкерлеріне күш қолданғандарға қатысты қатаң жаза енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қылмыстық кодекске жаңа өзгерістер енгізілмек. Медицина қызметкерлеріне күш қолдану, қорқыту жағдайларын жеке баппен қарастыратын 158-1-бап әзірленіп жатыр.
"Мен еңбек жолымды медбике, кейін қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастағанмын. Бұрын мұндай оқиғалар мүлде кездеспейтін. Қазір мұндай шабуылдар ай сайын тіркеліп отыр. Бұл жағдайдың күрделене түскенінің белгісі", – деді Әлназарова.
Жаңа заң жобасына сәйкес:
Егер медициналық қызметкерге күш қолданамын деп қорқытса — 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылады;
Егер нақты күш қолданса — 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады;
Егер бұл әрекет төтенше жағдай кезінде жасалса — 10 жылға дейін,
Ал бірнеше адам тарапынан бір немесе бірнеше медицина қызметкеріне күш қолданылса — 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Әлназарованың айтуынша, бұл өзгерістер қыркүйек айында Парламент қарауына ұсынылады.
Мәселеге байланысты Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та пікір білдіріп, тек медицина қызметкерлері ғана емес, әлеуметтік сала мамандарын да қорғау қажет екенін атап өтті.
"Мұғалімдерге, әлеуметтік қызметкерлерге де шабуыл жиілеп кетті. Көбі халықтың ашуын солардан алады. Бұл — тәрбие мен мәдениет мәселесі. Алдағы уақытта басқа салалардағы мамандарды да құқықтық қорғау тетіктерін қарастырамыз", – деді Көшербаев.