Мәскеудегі қанды теракт: тағы бір адам ұсталды

Сағыныш Сардарова 30 мар. 2024 14:00 4143

Мәскеудегі теракт бойынша тоғызыншы адам ұсталды. Ол - 24 жастағы Назримад Лютфуллои. Күдікті 22 мамырға дейін қамауға алынды. Отырыс жабық режимде өтті. Бұл туралы Mash Telegram-арнасы жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Арна мәліметінше, "Крокус" қоршалған кезде одан құжаттарын көрсету талап етілген. Алайда ол бас тартып, балағат сөздер айтып, дөрекілік танытып, полицейлердің қолынан қашып шығуға тырысқан. Кейін ол осы үшін 15 күнге қамауға алынды.

"Күдікті изоляторда отырған кезде тергеушілер оның негізгі лаңкестер тобымен байланысын анықтады", - деп жазды арна.

Mash мәліметінше, ұсталған күдікті бойдақ, балалары жоқ. Ол Мәскеуге Тәжікстанның Пянджа ауданынан көшіп барған.

Ол "Щелковская" метросының маңындағы жатақханада тұрған. Жоғары білімі бар, бірақ ешбір жерде жұмыс істемеген. Оны мемлекеттік адвокат қорғайды.

Айта кетейік, 22 наурызда белгісіз біреулер Мәскеудегі Крокус Сити Холл концерт залында адамдарға оқ жаудырды. Кейін концерт залында өрт шықты. Себебі оқ атқандар граната жарғаны белгілі болды. Қазір негізгі төрт күдікті де ұсталды.

Атыс "Пикник" рок-тобының концертіне бірнеше минут қалғанда басталған болатын.

"Залда жүрген адамдар атыстан қорғану үшін бірден жерге жатып қорғанды. Кемінде 15-20 минут жерде жатып, ақырындап сыртқа шыға бастады. Көбі қашып үлгерді", - деп жазды сол кезде ресейлік арналар. 

Бұған дейін Мәскеу қаласының аудандық сотына Крокус-Экспо сауда ойын-сауық орталығында ауқымды террористік акт жасады деген күдіктілер әкелінген болатын. Кейінірек Басман аудандық соты террористер тобына қатысты алдын ала тергеу органдарының бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішін қарауға кірісті.

Артынша сот ұсталған күдіктілерге 1 ай 28 тәулік мерзімге, яғни 2024 жылғы 22 мамырға дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.


Рекомендовать
Последние новости