Мәсімовтің кітаптарын АҚШ-тың дөкейлеріне таратып "жолашар" жасаған кім?

Dalanews 21 февр. 2023 06:41 1014

Қаңтар оқиғасын ушықтырды, мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Мәсімовтың cіз бен біз біле бермейтін құпиясы көп. Осы ретте Dalainside арнасы ҰҚК-ның экс-төрағасы туралы жиынтығы 3 тараудан тұратын зерттеу материалын жұртшылық назарына ұсынады.

Қазақтілді ортада "қияқ мұрт" атанып кеткен Мәсімовтің экс-президентке еліктеп кітап жазатын әдеті бар-тын. Dalainside оның комитетті басқарып тұрғанда  "Amanat" деп аталатын баспа үйін ашқанын анықтады. Баспаның атауы қазақша болғанмен, жағрафиясы Қазақстаннан жырақта – Вашингтонда тіркелген.

Баспа үйінің қоныс-мекені етіп, АҚШ астанасын таңдап алуы тегін емес. Алыс құрлықта Мәсімовты қолдайтын ықпалды лобби бар.

Бұған сәл кейінірек тоқталамыз, "Amanat-қа" қайтып оралайық.

Баспаның корпоративтік сайты жып-жылмағай, күдік туғызарлық дәнеңе жоқ. "Amanat" өзін ешкімнің сөзін сөйлемейтін, дербес компания ретінде таныстырады. "Сұранысқа ие үздік туындыларды жариялауға әркез даяр екенін" мәлімдейді.

Солай бола тұра, осы күнге дейін баспадан небәрі 3-ақ кітап жарық көрген. Түсінген боларсыз, үшеуі де Мәсімов әулетіне тиесілі.


"Amanat" баспасынан Мәсімовтың – "Тамыр" және "Әлемнің келесі қожайыны: жасанды интеллект" атты кітабы басылып шыққан.

Ал үшінші кітаптың егесі – Кәрімнің әкесі марқұм Қажымұқан ақсақал. "Естеліктер" деп аталатын кітапта Мәсімовтер әулетінің өткені мен кеткені баяндалған.

Dalainside бұдан да тереңге үңгіп, Мәсімовтің АҚШ-тағы сыбайласын тапқан. ҰҚК-ның бұрынғы басшысының төл туындыларын кеңінен таратуға, әрі оның АҚШ-тағы жағымды образын қалыптастыруға Украин азаматы болысып отырған.

Аксения Крупенко украин тумасы және біздің болжам бойынша Мәсімовке тиесілі "Amanat" баспасына тікелей қатысты тұлға, тіпті осы баспаның қожайыны болуы да ғажап емес.

Баспа үйінің веб-сайтында оның есім-сойы жоқ, алайда құрылтайшылардың құжатында – Крупенко мекеменің белді қызметкері деп көрсетілген.

Мәсімовтың қолымен жазылған туындыларды АҚШ-тағы ығай мен сығайға тарату жұмысы тікелей Крупенкоға жүктелген деуге негіз бар.

Аксенияның құзіреті мұнымен шектелмейді. Dalainside оның әлемжелідегі парақшаларын ақтарып, келесідей қызықты мағлұмат тапты.

Крупенко Мәсімовтың дәуірлеп тұрған шағында Вашинтонға түрлі мақсатпен ат сабылтып келетін шенеуніктер мен дипломаттарға арнап агенттік ашқан.

Былайша айтқанда, VIP клиенттерге қызмет көрсеткен. Оларға оққағар ұсынған, қонақ үйге орналастырған, ат-көлігі мен ас-суын қамдаған.


Баспаның корпоративтік құжатында Крупенкодан өзге Мәсімовтың ұлы – Ескендір Кәрімнің де аты-жөні жүр.

Әлбетте, Крупенко Мәсімовтың хәлі мүшкіл екенін жақсы біледі, оған жанашыр екені жасырын емес. Украинаға басып кірген Путин Крупенконың "Кәрімге қол ұшын созсам..." деген жоспарын бұзған тәрізді.

Ксения қазір атажұртына жәрдемдесуге білек түре кіріскен. Оның ұйытқы болуымен Украинаға гуманитарлық көмек жөнелтетін арнайы қор құрылыпты. Әлбетте, мұнысы құптарлық іс. Десе де, бізді Мәсімовтың мәселесі көбірек қызықтырады.

Dalainside  анықтағанындай Крупенко Мәсімовтың төл туындыларын АҚШ-тың ішкі-сыртқы саясатын айқындайтын бірталай ықпалды тұлғаларға арнайы тарту еткен. Осыған қарап-ақ америкалық элита да өз тарапынан "мұрттымен" байланыс орнатуға мүдделі болғанын аңғарамыз. Әлгі кітаптар бұл арада "орамал тон болмайды, жол боладының" деген ишараның рөлін атқарып тұр.

Сонда мұның түпкі мәні неде? Кәрімнің көңілін табуға тырысқандар нені көздеді? Ілгеріде айтқанымыздай, алыс құрлықта Мәсімовтің мәселесіне бей-жай қарамайтын мықты лобби бар. Мәсімовке кімдер араша түсуде?

Зерттеудің 2-ші тарауында бұл мәселе ары қарай жалғасады. Арнаға тіркеліп алыңыз

Рекомендовать
Последние новости